Жүргізуші куәлігін алу процесі өзгерді: нені білуіміз керек?
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Енді қазақстандықтар жүргізуші куәлігін оның мерзімі өтіп кеткен жағдайда да қашықтан ауыстыра алады. Бұл қызмет eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді.
Бұған дейін онлайн ауыстыру тек жарамды құжат болған кезде, сондай-ақ куәлік жоғалған, ұрланған немесе тегі өзгерген жағдайда ғана мүмкін еді. Енді қызмет аясы кеңейіп, мерзімі аяқталған жүргізуші куәліктерін де қамтиды.
Қандай талаптар бар?
Жаңашылдық жүргізуші куәлігінің барлық санаттарына қатысты. Егер куәлік мерзімі өтіп кеткен болса, міндетті түрде медициналық тексеруден өту қажет. Тексеруден өткен азаматтардың мәліметтері өтініш беру кезінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Ал куәлікті мерзімі аяқталмай тұрып ауыстырған жағдайда медициналық тексеру талап етілмейді. Қызмет көрсету мерзімі – 60 минут.
eGov.kz порталы арқылы рәсімдеу тәртібі
-
Порталға авторизация жасау
-
«Азаматтарға» – «Көлік және коммуникациялар» – «Автомобиль көлігі» бөліміне өту
-
«Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау
-
Құжатты алатын ХҚКО-ны көрсету және фото жүктеу
-
Қолтаңба үлгісін енгізіп, байланыс телефонын көрсету
-
Мемлекеттік баж салығын төлеу – 1,25 АЕК
(қайта өтініш болса – «Бұрын төленген» функциясын қолдануға болады) -
Өтінімге электронды түрде қол қою
eGov Mobile арқылы рәсімдеу
-
Қосымшаға кіру
-
«eGov Мемлекеттік қызметтер» – «Жүргізу және көлік» бөліміне өту
-
«Жүргізуші куәліктерін беру» қызметін таңдау
-
Фото талаптарымен танысып, файл жүктеу
-
Қолтаңба үлгісін енгізу
-
Құжатты алатын ХҚКО-ны таңдау
-
1,25 АЕК көлеміндегі мемлекеттік бажды төлеу
-
Өтінімді растау
Қызмет нәтижесі порталдағы Жеке кабинеттегі «Хабарламалар» бөлімінде және мобильді қосымшадағы «Хабарламалар» – «Жеке кабинет тарихы» бөлімінде көрінеді. Дайын құжатты таңдалған ХҚКО-дан жеке куәлікті көрсетіп алуға болады.
Фотоға қойылатын талаптар
Фото жүктеу кезінде белгіленген формат, өлшем және сапа талаптарын сақтау міндетті. Толық талаптар қызмет паспорты бөлімінде көрсетілген.
Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде берілген жеке куәлік немесе паспорттағы фотосуретті пайдалануға мүмкіндік бар. Егер құжат үш жылдан бұрын берілсе, жүйе жаңа фото жүктеуді ұсынады.
Нені ескеру керек?
Кей жағдайларда азаматтың деректері мемлекеттік ақпараттық жүйеде толық цифрланбаған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүйе тиісті хабарлама шығарады және мәліметтерді жаңарту үшін ХҚКО-ға жүгіну қажет болады. Сондай-ақ жүйе айыппұлдар бойынша берешекті автоматты түрде тексереді. Егер 30 күннен астам уақыт төленбеген айыппұл болса, жүргізуші куәлігін ауыстыру мүмкін болмайды. Алдымен берешек толық өтелуі тиіс.
Қызмет қаншалықты сұранысқа ие?
Жүргізуші куәлігін онлайн беру қызметі іске қосылғалы бері оны 60 мыңнан астам адам пайдаланған. Бұл сервистің халық арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді. Аталған функционал Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жанындағы Мемлекеттік қызметтер комитеті, Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамы және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды.
Жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда, нені білу керек?
Мерзімі өткен жүргізуші куәлігін ауыстыру кезінде қайта емтихан тапсыру қарастырылмаған. Қазақстан Республикасында жүргізуші куәлігі 10 жыл мерзімге беріледі. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін оны ауыстыру қажет. Бұл ретте жүргізуші куәлігін алдын ала ауыстырған дұрыс екенін атап өткім келеді, өйткені Қазақстанда жарамсыз (мерзімі өткен) құжатпен автокөлікті жүргізу Әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылады.
Егер құжаттың қолданылу мерзімі аяқталған болса, ал сіз оған назар аудармай, автомобиль рулінде жүре берсеңіз - сіз ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы бойынша 20 АЕК-61 мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін. Егер бір жыл ішінде бұзушылық қайта тіркелсе-айыппұл 30 АЕК-ті құрайды.
Жүргізуші куәлігі жоғалған жағдайда не істеу керек?
Жүргізуші куәлігін жоғалтқан жағдайда сізге келесі құжаттармен Мамандандырылған ХҚКО-ға жүгіну қажет:
- жеке куәлік;
- 073/у нысаны бойынша медициналық анықтама (жүргізуші куәлігінің мерзімі өткен жағдайда ғана ұсынылады);
- мемлекеттік бажды төлеу туралы түбіртек (құны – 1,25 АЕК). Кассаға кезекте тұрмау үшін Сіз онлайн-сервис арқылы жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік бажды төлей аласыз немесе өтініш берген кезде QR коды арқылы электрондық төлем жасай аласыз.
Жүргізуші куәлігі ұрланған жағдайда не істеу керек?
Егер аты-жөніңіз өзгерсе немесе жүргізуші куәлігіңіз жоғалып не ұрланып кетсе, оны ауыстыруға болады. Жүргізуші куәлігі ҚР Ішкі істер министрлігі тарапынан «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ-тың мамандандырылған ХҚКО-лары арқылы беріледі. Құжатты рәсімдеу үшін 1,25 АЕК көлемінде мемлекеттік баж төленеді. ХҚКО-ға тікелей жүгінсеңіз, куәлік шамамен 2 сағат ішінде дайындалады (емтихан тапсыру уақыты есептелмейді).
Сондай-ақ қызметті онлайн алуға болады. Онлайн өтініш бергенде өзіңізге ыңғайлы Мамандандырылған ХҚКО-ны таңдап, цифрлық фотосурет пен электрондық қолтаңба үлгісін жүктейсіз және мемлекеттік бажды онлайн төлейсіз. Бұл жағдайда рәсімдеу уақыты шамамен 1 сағатты құрайды. Егер өтінішті жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс немесе мереке күні берсеңіз, ол келесі жұмыс күні таңғы сағат 09:00-ден кейін қаралады.
Дайын куәлікті алу үшін өтініште көрсетілген Мамандандырылған ХҚКО-ға жеке куәлігіңізбен бару қажет. Егер аты-жөніңіз өзгерген болса, бұрынғы жүргізуші куәлігіңізді де өзіңізбен бірге алып барған жөн. Құжаттар тексерілгеннен кейін жаңа жүргізуші куәлігі табысталады.

