Жаңалықтар

Жүрек трансплантациясы туралы фильм көрерменге жол тартты

Жүрек трансплантациясы туралы фильм көрерменге жол тартты
Фото: ©El.kz/Чурсинов АРТЕМ 20.04.2023 19:54 1160

Кардиохирургия орталығында жүрек трансплантациясы туралы фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Фильмнің атауы - «На грани жизни». Басты кейіпкері - Талғат Айнақұлов, 55 жаста. Ол Қазақстанда жүрек трансплантациясына кезекте тұрған азаматтардың бірі. 10 жылға жуық дәрігерлердің бақылауында болып, соңына дейін өзіне сәйкес келетін жүректі күткенін айтады.

7 жыл бойы жүрек транплантациясына кезекте тұрдым. Жақында ғана дәрігерлер жүрек табылып қалу мүмкін екенін хабарлап, қайта тексерілуден өтуімді сұрады. Әрине, осы сәтті көп күттім. Мен сияқты жүрек ауыстыруды қаншама адам тағатсыздана күтіп жүр. Бұл өмірдің сыйы деп білемін. Қазіргі таңда апарат орнатылған сөмкемен жүремін. 2 келі 850 грамм салмақты көтеріп жүру оңай емес. Кейде осы сөмкені арқаланбай, лақтырып жібергім келетін кездер де болады, - дейді Талғат Айнақұлов.

Фильмнен жүрек трансплантациясының қалай жасалатынын ашық түрде көруге болады. Тіпті, органды оперция залына жеткізу барысын да ашық көрсеткен.

Елімізде жүрек трансплантациясы алғаш рет 2012 жылы жасалды. Алғашқылардың бірі болып трансплантация жасауға көмектескен дәрігерлер де өз естеліктерімен бөлісті.

Ол кезде маған тапсырылған негізгі міндет лифтінің есігін ашып тұру болды. Мен енді жұмысқа тұрған сәтім еді. Жүректі уақытында операция залына жеткізу үшін мекеменің барлық қызметкерлері жұмыла жұмыс істеді. Нәтижесінде, операция сәтті өтті, - деді Жүрек орталығындағы кардиохирург Әсел Медресова.

Қазақстанда 2012 жылдан бері 86 жүрек трансплантаты жасалды. Жалпы трансплантация жасату үшін 3805 науқас кезекте тұр. Оның ішінде 151 адам жүрек ауыстыру бойынша, оның сегізі балалар. Бүйрек бойынша 3453 адам, оның 71-і бала, 179 адам бауыр бойынша кезекте, оның сегізі балалар, 16 адам өкпе бойынша кезекте тұрса, 6 адам жүрек-өкпе кешені бойынша кезекте тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға