©Pixabay.com

Жүрек ауруы жасарып барады: инфаркттен кейін қалыпқа келу жолдары

Инфаркт – адамның өмірін «бұрын» және «кейін» деп екіге бөлетін үлкен сынақ. Әсіресе алғашқы үш ай – ең қауіпті кезең. Себебі дәл осы уақыт аралығында ұстаманың қайталану қаупі жоғары болады. Сондықтан денсаулыққа мұқият қарап, жаңа өмір салтына бейімделу маңызды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазақстандағы ахуал

Қазақстанда қан айналымы жүйесі ауруына шалдыққан азаматтардың саны артып келеді. Ең алаңдатарлығы – жүрек талмасын (инфаркт) өткергендердің жасы жылдан-жылға жасарып келеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылы қан айналымы жүйесі аурулары бойынша диспансерлік есепте 1 855 723 науқас тұрған. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 1 808 476 адамды құраған.

Яғни бір жылдың ішінде науқастар саны 50 мыңға жуық адамға көбейген.

Министрлік мұның негізгі себебін былай түсіндірді:

Жүрек талмасының жасарып кетуіне дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын сақтамау, еңбек пен демалыс режимін бұзу әсер етеді. Бұған қоса тұқым қуалаушылық, ағзаның шамадан тыс шаршауы, күйзеліс пен эмоциялық жүктеме, зиянды сусындарды (соның ішінде энергетиктерді) көп тұтыну да себеп болуы мүмкін.

Жүрек ауруы жасарып барады

Ведомство дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда 12 686 адамға инфаркт диагнозы қойылған. Ал 2023 жылы мұндай жағдай 16 013 адамда тіркелген. Яғни ресми статистика бойынша сырқаттанушылар азайғанымен, науқастардың ішінде жас қазақстандықтардың үлесі артып отыр. Яғни бұрын бұл дерт көбіне 60 жастан асқандарға тән десе, қазір біз 35-45 жас аралығындағы науқастар көбейген.

Неге бұл кезең қауіпті?

Инфаркттен кейін жүрек бұлшықеті әлсірейді, ал зақымданған аймақ жүрек соғысының ырғақ бұзылыстарына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар ағзада қабыну процесі күшейіп, қан тамырларында тромб түзілу қаупін арттырады. Бұған психологиялық күйзеліс пен өмір салтын өзгертуге деген қиындық қосылса, тәуекел тіпті жоғарылай түседі.

1-қадам: Жағдайды қабылдау

Инфаркттен кейін әлсіздік, шаршау, сенімсіздік – бәрі қалыпты. Бұл – ағзаның қалпына келу процесінің бір бөлігі. Дұрыс реабилитация мен дәрігердің қолдауымен уақыт өте келе жағдай жақсарады.

Не істеу керек?

Ауруханадағы дәрігерлерден барынша көп ақпарат алыңыз. Инфаркттің себебі неде, дәрілер не үшін тағайындалды – бәрін түсініп алған дұрыс.

Дәріні қатаң түрде белгіленген кесте бойынша қабылдаңыз. Өз бетіңізше тоқтатуға немесе дозаны азайтуға болмайды.

Ерте қимылдау өте маңызды. Жеңіл қозғалыс – қан айналымын жақсартып, көңіл күйді көтереді.

2-қадам: Дәрі-дәрмекті дұрыс қабылдау

Ауруханадан шыққан соң емді жалғастыру – нағыз сынақ. Таблеткалардың көптігі шатастыруы мүмкін.

Кеңестер:

Арнайы кесте жасап, дәрілерді белгілеу үшін күнделік немесе қосымша қолданыңыз.

Жанама әсер болса, бірден кардиологқа хабарласыңыз – кейде дәріні ауыстыру қажет болады.

Бір дәрігермен тұрақты байланыста болған жөн, себебі ол сіздің ауру тарихыңызды жақсы біледі.

3-қадам: Психологиялық тепе-теңдік

Инфаркт тек денеге емес, жанға да ауыр соққы. Көп адамда үрей, күйзеліс, үнемі шаршау сезімі пайда болады.

Не көмектеседі?

Күн тәртібін қалыпқа келтіріңіз: ұйқы, демалыс, серуен.

Дұрыс демалуға көмектесетін әдістерді қолданыңыз: тыныс алу жаттығулары, медитация, хобби.

Жақындарыңызбен сөйлесіңіз. Уайымды іште сақтамаған дұрыс.

Қажет болса, психолог немесе психотерапевтке жүгініңіз.

4-қадам: Қозғалыс пен дұрыс тамақтану

Физикалық белсенділік – жүрекке ең жақсы «дәрі». Әрине, дәрігердің рұқсатымен және біртіндеп. Қарапайым серуеннің өзі көп көмек береді.

Тамақтанудағы басты қағидалар:

Холестерин мен қантты азайту.

Талшыққа бай көкөністерді көбейту.

Қан қысымы жоғары болса – тұзды шектеу.

Артық салмақтан арылу.

Бұл ережелердің бәрі ғылыми дәлелденген.

5-қадам: Қауіп-қатерге дайын болу

Инфаркттің белгілері әрдайым классикалық түрде көрінбейді.

Кәдімгі белгілер: кеудедегі ауырлық, сол қолға, мойынға немесе жаққа берілетін ауырсыну.

Атипиялық белгілер: әлсіздік, бас айналу, жүрек айну, демігу, негізсіз мазасыздық.

Мұндайда дереу «жедел жәрдем» шақыру қажет.

Есте сақтаңыз

Инфаркт өмірдің аяқталғанын білдірмейді, керісінше, ол жаңа әдеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Үш айлық бейімделу кезеңін дұрыс өткергендер қалыпты өмірге қайта оралып қана қоймай, бұрынғыдан да белсенді әрі ұзақ өмір сүре алады.