Жүрек ауруларын ертерек анықтауға мүмкіндік беретін ЖИ стетоскоп жасалды
Стетоскоптың пайда болғанына екі ғасыр өтсе де, ол әлі күнге дейін дәрігерлердің сенімді құралы. Алайда Ұлыбритания ғалымдары медициналық құрылғыны заманауи технологиямен жетілдіріп, жасанды интеллект негізіндегі жаңа буын стетоскопын таныстырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Империялық колледж Лондон мен Ұлттық денсаулық сақтау қызметі мамандарының бірлескен жобасы ішкі ағзалардың жұмысын тыңдап қана қоймай, жүрек жеткіліксіздігін, жүрек қақпақшасы ақауларын және аритмияны небәрі 15 секунд ішінде анықтай алады.
Жаңа құрылғының ерекшелігі
Жасанды интеллектке негізделген стетоскоп жүрек соғысы мен қан айналымындағы ең ұсақ ауытқуларды да анықтап, дәрігердің есту мүмкіндігінен тыс деректерді талдайды. Сонымен қатар ол бір мезетте ЭКГ түсіріп, науқасқа нақты әрі кешенді диагностика жасауға мүмкіндік береді.
Тиімділігін тексеру үшін 200 клиникада 12 мың пациент қатысқан зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде:
жүрек жеткіліксіздігін анықтау екі есе жиілеген,
жүрекшелердің фибрилляциясын анықтау үш есе артқан,
қақпақша патологияларының диагностикасы да екі есеге жуық өскен.
Ғалымдар жаңа технологияны Мадридте өткен Еуропалық кардиологтар қоғамының жыл сайынғы конгресінде таныстырды.
Неліктен бұл маңызды?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2022 жылы жүрек-қан тамыр ауруларынан 19,8 миллион адам қайтыс болған. Бұл әлемдегі өлім-жітімнің 32 пайызына тең, оның 85 пайызы инфаркт пен инсульттен болған.
Мамандардың айтуынша, ауруды ерте диагностикалау өмірді сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Ал жаңа құрылғының арқасында жүрек жеткіліксіздігін ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артып отыр.

