©El.kz/Арман Мухатов

Жұмыссыз қазақстандықтарға 106,8 млрд теңге берілген

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 308,4 мың адам алған. Оның ішінде 268,6 мың азамат төлемді 2025 жылдың басынан бері рәсімдеген. Бюджеттен бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 106,8 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жұмыссыздық бойынша төлемнің мөлшері бұрынғы табыстың 45%-ына дейінгі соманы құрайды және соңғы екі жылдағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай 1 айдан 6 айға дейін төленеді. Төлем жұмыстан босату себебіне қарамастан беріледі.

Жәрдемақыны рәсімдеу толықтай цифрландырылған. Құжаттарды eGov.kz порталы немесе Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы онлайн беруге болады.

Өтініш онлайн тіркелгеннен кейін, бір күн ішінде жұмыспен қамту орталығы үміткерге жұмыс орындарын ұсынады, ал ұсыныстар болмаған жағдайда үш жұмыс күні ішінде азаматқа «жұмыссыз» мәртебесі беріледі. Проактивті форматта төлем тағайындау қызметі SMS-хабарлама арқылы келісім берілгеннен кейін автоматты түрде іске қосылады.