©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Жұмысшы мамандықтарға деген құрметті арттыра түсуіміз қажет – президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында елімізге кәсіби даярлығы жоғары білікті жұмысшылар өте қажет екенін айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл бағытта президент Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті.

Білікті мамандарды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, сапасы жоғары адами ресурстар қажет. Өйткені білікті, саналы адамдар ұлттық экономиканың арқауы. Ел болашағының кепілі. Елімізге кәсіби даярлығы жоғары білікті жұмысшылар өте қажет, – деді мемлекет басшысы.

Осыған байланысты президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп жариялағанын айтты.

Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда. Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаржы бөліп жатыр. Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды. Әрине, жұмыстың жаманы жоқ. Адал еңбектің бәрі маңызды. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді, – деді ол.

Президент азаматтардың өндіріске барғаны абзал дегенді алға тартты.  

Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылған жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарға деген құрметті арттыра түсуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.