Жұмысшы мамандықтар жылы: еңбек адамы – ел дамуының негізі
Данияда IX Еуропалық кәсіби шеберлік чемпионаты – EuroSkills Herning 2025 жарысы өтті. Қазақстанның ұлттық құрамасы бұған дейін болмаған жетістікке қол жеткізіп, студенттер тарихта алғаш рет бірден 7 «Үздік медальон» жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Чемпионатқа 32 елден 25 жасқа дейінгі 600 үздік жас маман қатысқанын айта кетейік. Қазақстандық колледж студенттері 25 құзырет бойынша бақ сынады. Олардың қатарында веб-технологиялар, мехатроника, CAD инженерлік графикасы, желілік әкімшілендіру, графикалық дизайн, дәнекерлеу технологиясы, мейрамхана сервисі, кондитерлік іс, автомеханика және басқа да бағыттар бар.
Осы орайда Қазақстанда 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғанын еске сала кетпеуге болмайды. Бұл бастаманың басты мақсаты – еңбек адамының мәртебесін көтеру, кәсіби-техникалық білім беруді дамыту және ел экономикасының түрлі салаларына білікті мамандарды даярлау.
Соңғы жылдары Қазақстанда еңбек нарығы түбегейлі өзгерді. Автоматтандыру, жаңа технологиялар, цифрландыру дәстүрлі өндіріс салаларына да жаңа талап қойып отыр.
Білікті кадр тапшылығы – құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы өзекті мәселе.
Жастар арасында жұмысшы кәсіптерге қызығушылық төмен. Көпшілігі жоғары білім алуға ұмтылып, техникалық және кәсіби білім беру екінші қатарға ысырылады.
Еңбек адамының қоғамдағы мәртебесі ұзақ жылдар бойы жеткілікті дәрежеде насихатталмаған.
Мемлекеттік тарапынан да бастамалар аз емес. Мәселен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бірқатар шаралар қолға алынды:
- Кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту. Колледждерде дуальды оқыту енгізіліп, студенттер теорияны өндірістік тәжірибемен ұштастырады.
- Жұмысшы мамандықтарын насихаттау. Еңбек адамын үлгі ету арқылы жастарға бағыт беру.
- Халықаралық стандарттарға сай сертификаттау жүйесі. Бұл мамандардың біліктілігін шетелдік нарықта да мойындатуға мүмкіндік береді.
- Әлеуметтік қолдау. Білікті жұмысшы мамандардың жалақысын көтеру және еңбек жағдайын жақсарту.
Экономистердің айтуынша, елдің тұрақты дамуы үшін инженерлер, технологтар, құрылысшылар, дәнекерлеушілер, энергетиктер секілді мамандардың тапшылығын шешу – стратегиялық міндет. Мәселен, дамыған елдерде ЖІӨ-нің негізгі үлесі дәл осы өндіріс пен техникалық қызмет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың үлесіне тиесілі.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» – тек кәсіби кадрларды даярлау ғана емес, еңбек адамының мәртебесін қайта жаңғыртуға бағытталған қадам. Бұл бастама жастардың жұмысшы кәсіпке қызығушылығын арттырып, Қазақстан экономикасының негізгі салаларын сапалы мамандармен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

