Жаңалықтар

Жұмысбасты ана: тепе-теңдікті қалай ұстауға болады

Жұмысбасты ана: тепе-теңдікті қалай ұстауға болады
Фото: pixabay.com 14.11.2024 18:15 1179

Бүгінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары «мінсіз» ананың образын ұсынуға тырысады. Осылайша, әлеуметтік желідегі суреттерге қарай отырып, әйелде отбасы институтындағы рөлі туралы жансақ пікір қалыптасады. Мәселен, төрт баланың анасы әрі кәсіпкер, сырт келбеті келіскен «супер» әйелдің бейнесін көріп, өзімен салыстыра бастайды. Нәтижесінде шынайы өмірде де барлығы дәл осылай болуы керек деген тоқтамға келеді. Алайда шынайы өмір – өзгеше. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі ана және тұлға болудағы перфекционизм жайлы сөз қозғап, болжалды қауіп-қатерлер жайлы баяндайды.

Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанда әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне қатысты сұрақ күн тәртібінде болды. Сауалнама нәтижесінде елімізде бала тәрбиесімен көбірек аналар айналысатыны анықталды. Бірақ көп жағдайда жұмысбасты аналар өздерін кінәлі сезінеді-мыс.

Жұмысбасты аналар балаларына сапалы түрде уақыт бөле алмағанына өздерін жиі кінәлі сезінеді. Олар үшін таразы басында екі мәселе тұрады. Бірі баланың қажеттіліктерін қанағаттандырып, материалдық жағдайын жақсарту болса, екінші жағынан – балаға мүмкіндігінше көбірек уақыт бөлу, - деп түсіндірді сауалнама жүргізген зерттеу орталығының өкілі.

Зерттеу барысында қазақстандық әйелдердің балаларымен уақыт өткізу тұрақтылығы 44,5%-ды, ал ерлердің үлесі – 25,6%-ды құрайтыны анықталды. Сауалнама нәтижелерін гендерлік тұрғыдан қарастырсақ, балалармен үнемі әйелдер отыратынын байқауға болады. Бұл әйелдердің отбасындағы психоэмоционалдық әл-ауқатқа жауапты екенін растайды.

Айта кету керек, аталмыш сауалнама еліміздің 17 өңіріндегі қала мен ауылдарда жүргізілді. Оған шамамен 1200 адам қатысқан болатын.

Бүгінде әлемдік деңгейдегі әлеуметтік өмірде өзгерістер орын алуда. Дәстүрлі отбасылық құндылықтар мен рөлдер өзгеріп, демократиялық нюанстар әлеуметтік жүйеге еніп келеді. Бұрын нәпақа тауып, отбасын асырау ер адамдардың ғана прерогативасы есептелсе, әйел адам бала тәрбиесімен айналысып, ошақ қасында жүруі қажет деген нақты ой болды.

Дамыған елдердегі әйелдердің дені жұмыс істеуге асықса, дамушы елдердегі нәзік жандылар дәстүрлі рөлдерінен бас тартқысы жоқ.

Қоғамның әйелдің мансап қуып, жұмыс істеуіне қарсылық білдірмесе де, оларды үй тіршілігі, бала күтімі сияқты жауапкершіліктерден де босатуға дайын еместегін аңғаруға болады.

Жұмыс істейтін ана болу – әлемдегі ең қиын мамандық. Себебі аналар тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, ана болу әйелге үлкен жауапкершілікті жүктейді. Өкініштісі, кей әйелдердің басқа таңдау құқығы болмайды. Күнделікті тіршілік қажеттіліктері мен қаржылық тәуелсіздік аналарды жұмыс жасауға итермелейді.

Социолог Әсем Құсманова мәселеге қатысты ой білдіріп, бүгінгі заманды "өзгерістер заманы" деп нақтылады.

Өзгерістер барлық әлеуметтік салада өте жылдам жүріп жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, осындай тез өсім кітап басып шығарудың пайда болуымен байланысты болды. Иоганн Гутенбергтің кітап басып шығаруды ойлап табуы білімді кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.  Ол кезде кітаптар қолмен көшіріліп, сирек кездесетін еді. Бүгінгі таңда білімнің және өзгерістердің жедел өсуіне интернеттің дамып, ақпаратқа қолжетімділіктің артуы себепші болып отыр. Сондықтан экономикада, мәдениетте, саясатта, тіпті отбасыда өзгерістер орын алуда. Отбасылық рөлдер, қарым-қатынас сипаты, дәстүрлер өзгеріп келеді. Осындай өзгерістердің бірі ретінде әйелдерді тікелей үй шаруасымен байланыстыру ойы ығыстырылып келеді. Бүгінде әйелдер - еңбек нарығының толыққанды қатысушысы. Олар экономикалық рөл атқарып, ер адамдармен тең дәрежеде табыс табады. Барлық аймақта жағдай бірдей емес, бірақ әйелдердің экономикалық тәуелсіздікке ұмтылу тендециясы анық байқалуда, - деді ол.

Әлеуметтанушының айтуынша, экономикалық эмансипация әйелдерді дәстүрлі міндеттерінен босатпайды. Мәселен, бала тәрбиелеу, үйге және отбасы мүшелеріне қамқорлық көрсету әлі де - әйелдердің мойнында. Бүгінгінің әйелдері бір уақытта мансап құрып, ана, әйел, келін рөлдерін де орындауға тырысады. Батыс ғылымында бұл құбылыс second shift немесе екінші ауысым деп аталады. Бұл әйелдерге қосарланған жауапкершілік жүктелгенін, олардың уақытын және күш-жігерін екі бағытта жұмсауға тура келетінін білдіреді. Ол – отбасы мен жұмыс. Осы жүкті қалай жеңілдетуге болады?

Басты шешім – балалар мен үй бір адамның ғана жауапкершілігі емес екенін түсіну. Баланы тәрбиелеу, оған қамқор болу, сабақтарына көмектесу мұның бәрі отбасы мүшелерінің ұжымдық міндеті болуы керек. Ата-ана, ата-әже және басқа отбасы мүшелері арасында бөлінуі тиіс.

Отбасындағы еңбек бөлінісі мәдениетін дамыту қажет. Әркім өз үлесін қосады: бірі сабақ жасауға көмектесіп, балалармен бірге үй тапсырмаларын орындайды. Ас үй шаруасы немесе үй жинауға икемі барлар тазалық жұмыстарын өз мойнына алады. Принцип осындай. Біреу азық-түлік сатып алса, бірі шотты төлейді. Үшіншілері туыстармен байланыста болады. «Отбасы – кішкентай мемлекет» деп текке айтылмаған. Қай мемлекетте бүкіл жауапкершілік бір адамның немесе ұйымның мойнында? Қоғамда әркім өз рөлін орындап, ортақ нәтижеге үлес қосады, - деп қорытындылады Әсем Құсманова.

Жұмысбасты ана болудың плюстарын тізбектей кетейік:

1.Жұмыс істейтін аналардың балалары ерте есейеді.

Кез келген жұмыс істейтін ананың балалары ерте ер жетіп, жауапкершілікті түсініп бастайды.  

2.Жұмысбасты ананың балалары өз ойларын еркін жеткізе алады. Сәйкесінше, дұрыс тоқтамға келіп, оңтайлы шешім қабылайды.

3.Тілдесуге уақыт тапшы болғанда, бір-бірімен өткізген әр минут бағалы болады. Адамдар жақсылыққа тез үйренеді. Анасы үнемі жанында жүрсе, бала да, ана да бұл уақытты бағаламайды. Сол себепті екі тарап та, бір-бірімен өткен уақытты бағалап, сапалы өткізуге тырысып бағады.

4.Жұмыстағы ана бала үшін - Үлгі.

Бала үшін қашанда үлгі тұтатын адам болуы қажет. Сол адамның өз анасының болғаны - үлкен плюс.

Бұл баланың тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Ал баланың анасына мақтанышпен қарауының өзі – қуантарлық жағдай.

5.Жұмысбасты ата-ананың балалары ұжымдық қарым-қатынасқа еркін түседі. Адамдармен еркін араласады. Себебі уақытының көп бөлігін үйден тыс өткізеді. Кішкентайынан бала-бақшаға, мектептен кейін қосымша сабақтарға, түрлі үйірмелер, отбасылық отырыстар мен ата-әжесіне қонаққа барады. Нәтижесінде бала ұжыммен ғана емес, отбасы мүшелерімен де емін-еркін комуникация жасасып, аға-бауырларымен тату болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға