Ақорда

Жұмыс, баспана, грант: Жастарға қандай қолдау көрсетіледі?

12.08.2025 11:18

Қазақ халқында «жас келсе — іске» деген дана сөз бар. Бұл сөз жастарға артылған сенім мен үміттің белгісі болса керек. Ал Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген жыр жолдары бүгінде әрбір аға буынның жүрегінен орын алған қанатты сөздерге айналды.

Әрқашан жастар елдің болашағы екендігін сезініп, оларға деген қолдау мен сенім мемлекет үшін басты құндылық болмақ. Қазақстанда да жастардың саны жылдан-жылға артып, олардың қоғамдағы рөлі мен болашақтағы мүмкіндіктері барған сайын маңызды бола түсуде. Бүгінгі Халықаралық жастар күніне орай еліміздегі жастар мен жастар саясатына шолу жасап көрейік.

Қазақстандағы жастар саны

Өткен жылы Қазақстандағы 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 5,8 миллионнан асқан. Бұл жалпы халықтың шамамен 28%-ын құрайды деген сөз. Жастар еліміздің басты әлеуметтік және экономикалық ресурсы, әрі қоғамның өзгерістеріне белсенді ықпал ететін негізгі күш. Қазақстанның мегаполистерінде — Алматы, Астана және Шымкентте жастар көп тұрады, олар өздерінің білім алуына, кәсіпкерлікке бейімделуіне және жұмысқа орналасуына арналған мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланады.

Жастардың көбі жоғары білім алуға ұмтылып, кәсіпкерлік дағдыларын игеруге бет бұрып отыр. Сонымен қатар, елде жастар арасында инновациялық жобаларды дамытуға, стартаптар құруға қызығушылық артқан. Бұл, өз кезегінде, экономиканың түрлі секторларында жаңа жұмыс орындарын ашуға, жаңашыл идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жастар саясаты

Қазақстандағы жастар саясатының басты мақсаты — жастардың тең құқықтарын қамтамасыз ету, олардың толыққанды даму мүмкіндіктерін кеңейту және азаматтық белсенділігін арттыру. 2023–2029 жылдарға арналған жастар саясатының тұжырымдамасы жастардың әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуында маңызды рөл атқаратын бірнеше негізгі мақсаттарды қамтиды. Бұл құжатта жастардың білім алу, жұмысқа орналасу, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, денсаулығы мен құқықтық қолдауы туралы кеңінен баяндалған.

Елде жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар, жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жастардың шығармашылық, білім беру, кәсіпкерлік және әлеуметтік саладағы әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылы елімізде 400 мыңнан астам жас жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ әр түрлі өңірлерде кәсіптік бағдар беру мен жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған бағдарламалар іске асырылды. Бұл бағдарламалар арқылы жастар тек жұмыс табумен ғана емес, сонымен қатар өз дағдылары мен қабілеттерін одан әрі жетілдіріп, кәсіби білімдерін тереңдетуде.

Сонымен қатар, еліміздегі жастар ұйымдары да барлық салада белсенді қызмет атқарып келеді. Олардың басты мақсаты — жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғау, сондай-ақ ел дамуына жастардың қосатын үлесін арттыру. Қазіргі таңда жастар ұйымдары әлеуметтік мәселелермен қатар, кәсіпкерлік, инновация, ғылым, мәдениет және спорт салаларында да жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда. Оған еліміздегі түрлі табиғи апаттар кезінде куә болып жүрміз. Жастарған құралған еріктілер түндіз-түні көмек қолын созудан аянған жоқ.

Мемлекет жастарды кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында «Жастар кәсіпкерлігі» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба арқылы жастар кәсіпкерлік дағдыларын меңгереді және өз бизнесін ашуға мүмкіндік алады. Жастарды кәсіпкерлік, инновация, ғылым және мәдениет салаларында дамыту арқылы Қазақстан өз жас азаматтарының әлеуетін толығымен ашуға қол жеткізеді.

Қазақстанның жастар саясатының тағы бір маңызды бағыты — жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Елде жастар үшін арнайы ипотекалық бағдарламалар іске қосылып, 2024 жылы жастарға арналған 3 923 несие берілген. Мемлекеттік қолдау арқасында жастар баспаналы болып, өздерінің өмір сүру деңгейін арттыра алады.

Жастардың кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында «Президенттік жастар кадрлық резерві» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл жоба арқылы 315 жас мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда басшылық лауазымдарға тағайындалды. Жоба жастардың саяси және мемлекеттік қызметке қатысуына, олардың әлеуетін ашуға зор мүмкіндік береді.

Қазақстандағы жастар саясатының даму жолы жастардың ел болашағын қалыптастырудағы рөлін, олардың қоғамға қосатын үлесін анық көрсетеді. Елдегі жастар ұйымдары мен бағдарламалар олардың әлеуетін ашуға, кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. 2024–2025 жылдары жастар саясатының жетілдірілуі, жастар ұйымдарының белсенділігі мен қолдауы Қазақстанның болашағына жаңа серпін беріп, еліміздің тұрақты дамуына ықпал етеді.