Жаңалықтар

Полиция жаңа жылдық ырымдарға сенбейді

Жаңа жылды жұмыста қарсы алған полиция инспекторының оқиғасы
Полиция жаңа жылдық ырымдарға сенбейді
26.12.2018 12:40 7151

Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің деген ырымға сенесіз бе? Айталық, сіз полиция қызметкерісіз. Демалыс, мерекесі жоқ мамандық қой. Жұрттар тілек айтып, бокал қағыстырып жатқанда сіз қылмыскермен айқасып жүрсіз. Осы жылыңыз қандай болады деп ойлайсыз? Материалыма арқау болған Астана қаласы «Байқоңыр» аудандық полиция басқармасының бөлімше инспекторы, Аға лейтенант Ораз Бекмұхан Ибрахымұлының  бұл Жаңа жылы есінен кетпес...

Аға лейтенант Ораз Бекмұхан Ибрахымұлы

Бұл қызметте жүргеніме үш жыл болды. Түрлі қызықты оқиғаларға да тап болып жатамыз. Кейбір шақыртуларға барғанымызда полиция қызметкерлерінің араласуынсыз-ақ шешілетін болмашы дүниелердің болатыны да рас. Негізі бізге түсетін шақыртудың көбі отбасылық кикілжіңдерге қатысты. 2017 жылдан 2018 жылға ауатын түні Стамбек Ердәулет деген әріптесім екеуміз қызметтік нарядқа түстік. Екеуміз де бұған дейін жаңа жыл мерекесінде жұмыс істеп көрмеген едік. Жалпы, сол күнгі кезекшілігіміз тыныш басталды. «Жұрттың бәрі тойлап жатыр ғой, ә? Мерекеде не жағдай болар екен? Достарымыз не істеп жатыр екен?» деп әңгімелесіп отырғанбыз. Енді жарты сағат шыдасақ үйден әкелген тәтті-пәттімізді, тамағымызды жеп, өзімізше жаңа жылды қарсы аламыз деген оймен отырмыз. Бір кезде орталықтан (102) қоңырау түсті. Уақыты әлі есімде. 23:35. Бізге қарасты аумақта отбасылық жанжал болған екен. «Әкеміз бізді пышақтағалы отыр. Біз жуынатын бөлмеде тығылып отырмыз» деп бір қыз бала хабарласқан екен. Небары 3 минут ішінде межелі жерге жеттік.

Есігін қағып, полиция қызметкерлері екенімізді айтып, шағым бойынша келгенімізді түсіндірдік. Есіктің ар жағынан «Ішке кірсеңдер сендерді де, отбасымды да атып тастаймын. Қолымда тапаншам бар» деген жауап естідік. Біздің қызметтің бір ерекшелігі шамалы уақыттан соң психологқа айнала бастайсың. Бұл кісімен әрі қарай тәжікелесіп тұрудың мәні жоқ екенін бірден ұқтық. Әріптесім екеуміз пәтерге балкон арқылы кіруді жоспарладық. Шақырту түскен пәтер екінші қабатта болатын. Әріптесім маған қарағанда ұзындау болғандықтан мен оның иығына шығып, көздеген пәтеріміздің балконына түстім. Жайлап сығалап қарасам балконның ішкі есігі ашық тұр. Қолында пышағы бар ер азамат біреумен телефон арқылы айқайласып отыр. Мен ішке кіріп, әлгі кісіден қолындағы пышағын тастауды өтіндім. Ол болса «ішек қарыныңды ақтарып итке тастаймын» деп өзіме тұра ұмтылды. Біз бұндай іс-әрекеттер кезінде не істеу керектігін жақсы білеміз. Оқу оқып жүргенімізде де, жұмыс барысындағы жаттығу кезінде де қарулы қарсыласқа төтеп беруге машықтанған болатынбыз.  Көзі қанталаған үй иесін самбо әдісімен  жерге алып ұрдым.  Қолындағы пышағы уысынан сусып түсті. Пышақты аяғыммен әрірекке теуіп жібердім. Қарсыласпауын және бізбен бірге бөлімшеге баруын өтіндім. Еліріп алған азамат боқтап, қарсылық көрсетуде. Еріксіз қолын қайырып, кісен салдым. Жуынатын бөлмедегілерге шыға беруге болатынын, ол кісілерге еш қауіптың төнбейтіндігін айттым. Бізді шақырып үлгерген сол отбасының үлкен қызы екен. Сыртқы есікті ашып, ішке әріптесімді кіргізіп алдым. Тәртіп бұзушыны наркологиялық орталыққа апарып тапсырып, барлық қажетті құжаттарды толтырып, бөлімшемізге кері қайтып келсек, сағат тілі түнгі 02:25 уақытын көрсетіп тұр. Әріптесім екеуміз жаңа жылымызды осылай қарсы алған болатынбыз. Дегенмен басы айқастан басталған жыл мен үшін жаман болған жоқ. Қызметтік шенім өсіп, аға лейтенант лауазымын алдым. Қазір қызметімді атқарып, ел тыныштығын күзетудеміз. Біз үшін демалыс не мереке, аяз не аптап маңызды емес. Әрқашан қызметімізді адал атқаруға дайынбыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға