Жаңалықтар

«Жұлдыздардың» аяқ астынан орануы неге трендке айналды?

«Жұлдыздардың» аяқ астынан орануы неге трендке айналды?
Фото: коллаж El.kz 06.04.2023 12:36 19097

Кейінгі кездері бетін тұмшалап, оранып алғандарды қоғамдық орындардан және көшеден жиі кездестіріп жүрміз. Әсіресе, елдің алдында жүрген отандық жұлдыздар мен блогерлердің көбісі хиджаб киіп кетті. Сонда олар кімді еліктеткісі келіп жүр? Осы сұраққа  El.kz ақпараттық агенттігі  жауап іздеп көрген еді.

Қазақстанның Халық артисі Майра Ілиясова хиджаб кию әр адамның өзінің көңілі мен ниетіне байланысты деп есептейді.

Ешқайсысына сен киме, болмаса оны ки деп те айта алмаймын. Ол адамның өзіне байланысты. Бір жағынан Аллаға сену, намазға жығылу, ораза ұстау мұның бәрі адамның шын ниетімен болуы қажет. Жасыратыны жоқ, орамалда болса да ниеттері дұрыс емес, лас дүниелер жасап жүргендер бар. Оны естіп те жүрміз. Біреудікі дұрыс, біреудікі бұрыс деп көпке топырақ шашып айта алмаймын. Бастысы шын жүректен ниет болу керек , – дейді әнші.               

Сондай-ақ одан өнерде қатар жүрген әріптестерінің біразының оранғаны жөнінде қандай пікірде екенін сұрадық.

Өнерде жүрген қыздардың бір-екеуі кигенін білеміз. Ал оны шешіп тастағаны ұят нәрсе деп санаймын. Сахнада жүргендіктен, бізді халық әнші ретінде қабылдайды. Өз басым қажылыққа да бардым. Бес уақыт намаз оқып, ораза да ұстаймын. Бұл жағына көзқарасым дұрыс. Алланың барына сеніп, оған сенім артамын. Намаз оқи тұра, хиджаб киюге өз басым қарсымын, – деді Мара Ілиясова.

Тыңдармандар әншіні жарқыраған әдемі көйлегімен, сахнадағы келбетімен көруді қалайды. Халық концертке күйбең тіршіліктен шаршап, жүйкесін тыныштандыру және демалу үшін келеді деп отыр.

Ал хиджабты киіп алып, ән айтып тұрғанымызды олар көргісі де тыңдағысы да келмейтіні анық. Сахнаға оранып шығуды құптамаймын. Бұл жерде сіңілдеріме мұның дұрыс емес деп тағы да айта алмаймын. Өнердегі және өмірдегі адамдар болсын ниеттері таза болса екен деймін», – деді әнші.

Бұл тұрғыда имамның да пікірін сұрадық. Әлеуметтік желінің жұлдызы, танымал теолог Нұрлан Асанов бұрынғы кезде хиджаб деген сөз болмағанын атап өтті.

Сол уақыттарда орамал, кимешек болды. Ақ жаулықты әже-аналарымыз кимешек киді. Сол себепті баста орамал болғаны дұрыс. Бірақ көзді тұмшалап, қап-қара қылып «никаб» кию бұл салт-дәстүрімізге сай келмейді. Оны ашық айтып та жүрмін. Ұнамайтындарға айтқан сөзіміздің де өтпейтінін білеміз. Қазақ дәстүрінде бетті тұмшалау болмаған. Аналарымыз ұзын етек көйлек киіп, басына орамал тағып, ұлттық нақышпен жүрді. Бұл біздің жолымыз, – дейді имам.

Имам бұл дәстүрге қайта жаңғыратынына сенім білдіріп, осыған оралу қажеттігін тілгі тиек етті.

Ал қолына қара қолғап киіп, бетін жауып жүретіндерді еліктейтіндер деп есептеймін. Осыған бір тосқауыл қою керек. Қазақта «адасқанның айыбы жоқ, қайтып елін тапса» деген жақсы сөз бар. Бұған да біртіндеп келе жатырмыз. Бізде зиялы қауым, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар бар. Олар да ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып жүр, – деді Нұрлан Байжігітұлы.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға