Жаңалықтар

"Жүлде қоры 79 миллион теңге". Umai-2023 сыйлығына кімдер қатысады?

"Жүлде қоры 79 миллион теңге". Umai-2023 сыйлығына кімдер қатысады?
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 16.10.2023 11:31 931

Айтулы шығармашылық табыстары мен үздік жетістіктері үшін кәсіби шығармашылық ұжымдар мен жекелеген өнер қайраткерлерін қолдауға бағытталған байқау осымен екінші рет өткізіліп отыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, биыл сыйлықтар мен жалпы жүлде қоры едәуір ұлғайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

  • «Театр өнері»,
  • «Музыкалық-орындаушылық өнер»,
  • «Хореографиялық өнер»,
  • «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» тәрізді төрт негізгі номинация бойынша өтеді.

«Театр өнері» номинациясы бойынша сегіз жүлде белгіленген:

  • «Опера өнері» (операдағы ерлер және әйелдер партиясын үздік орындау), 
  • «Актерлік шеберлік»(драмалық немесе музыкалық-драмалық спектакльдегі: оперетта, мюзикл, рок-опера, музыкалық комедиядағы үздік ер адам және үздік әйел адам рөлі), 
  • «Үздік режиссура» (музыкалық-драмалық немесе драмалық спектакльдегі режиссерлік жұмыс), 
  • «Спектакльдің үздік көркемдік безендірілуі» (костюмдер және/немесе декорациялар), 
  • «Үздік музыкалық-драмалық спектакль»- опера, драмалық/музыкалық-драмалық (оперетта / мюзикл / рок-опера / музыкалық комедия),
  • «Үздік драмалық спектакль / музыкалық комедия».

«Хореографиялық өнер» номинациясы бойынша алты жүлде белгіленген: 

  • «Үздік би ұжымы»(халықтық, заманауи немесе эстрадалық би ансамблі), 
  • «Үздік заманауи хореография спектаклі»,
  • «Балеттегі үздік орындаушы» (балет солисі /ер/ әйел), 
  • «Үздік хореограф», 
  • «Үздік классикалық балет спектаклі».

Тағы төрт жүлдені жеңімпаздар «Музыкалық-орындаушылық өнер» номинациясы бойынша алады:

  • «Үздік дәстүрлі орындаушы (ән айту)», 
  • «Үздік дәстүрлі орындаушы(аспапшы)», 
  • «Үздік музыкалық ансамбль» (классикалық),
  • «Үздік музыкалық ансамбль» (халықтық).

«Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» номинациясы бойынша жүлде «Үздік сәндік-қолданбалы өнер шеберіне» мынадай санаттар беріледі:

  • қолөнер шебері (зергерлік өнер, металл өңдеу, эксперименттік/аралас техникалар),
  • қолөнер шебері (ағаш өңдеу, көркем ою, керамика),
  • қолөнер шебері (киіз, текстиль, тоқымашылық, былғары).

«Үздік бейнелеу өнерінің туындысы» үшін тағы төрт сыйлық тағайындалады, атап айтқанда:

  • «Үздік кескіндеме шебері»,
  • «Үздік заманауи өнер суретшісі (перформанстар, инсталляциялар, арт-нысандар және т. б.),
  • «Үздік графика шебері» және
  • «Үздік мүсін шебері».

(Осы аталғандардың ішіндегі ең соңғысы алғаш рет пайда болды, көркем сурет / графика бойынша өткен жылғы бір жүлде биыл екі жеке сыйлыққа бөлінді).  

Биыл «Үздік балалар спектаклі» (екі сыйлық) арнайы жүлделермен атап өтіледі, сондай-ақ тәуелсіз сараптау комиссиясының мүшелері финалистердің арасынан «Жыл жаңалығын» (сахналық өнер саласында) (екі сыйлық) таңдайды.

Шығармашылықта жаңашыл бетбұрыс жасаған және Қазақстанда, сондай-ақ шетелде театр саласындағы өздерінің жарқын бірегей жетістіктері арқылы танымал болған, жасы 40-тан аспаған сахна өнерінің шеберлері «Жыл жаңалығы» жүлдесіне үміткер бола алады.

Айта кету керек, ұжымдар мен орындаушылар 2021 жылдың қыркүйегінен бастап 2023 жылдың шілдесіне дейінгі театр (концерттік) маусымында атқарған жұмыстары үшін Umai-2023 сыйлығының номинанттары бола алады.

Жекелеген өнер қайраткерлері (опера солистері, драма актерлері, режиссерлер, суретші сценографтар, костюмдер бойынша суретшілер, балет солистері, хореграфтар, музыкалық орындаушылар) екі жылдан аспайтын мерзімде, яғни 2021 жылдан 2023 жылға дейін орындаған рөлдері/партиялары/шығармашылық жұмыстары/музыкалық бағдарламалары үшін бәйгеге түседі.

Суретшілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері де 2021 жылдан ерте емес кезеңде жасалған жұмыстары үшін үміткер бола алады.

Өтінімдерді қабылдау 2023 жылдың 5 желтоқсанында аяқталады.

Сыйлыққа инновациялық шығармашылық қызметтері – елдің мәдениеті мен өнерінің дамуына ықпал ететін Қазақстан Республикасының азаматтары үміткер бола алады. Номинанттарды республикалық, өңірлік немесе жергілікті билік органдары, мәдениет ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер, шығармашылық одақтар мен қауымдастықтар, мәдениет пен өнер саласындағы оқу орындары, сондай-ақ жеке тұлғалар ұсына алады.

Тәуелсіз сараптау комиссиясының құрамына енетін Қазақстанның танымал мәдениет және өнер қайраткерлері үздіктердің үздігін анықтайтын болады. Umai-2023 Ұлттық сыйлығы лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі 2023 жылдың 22 желтоқсанында «Астана Опера» театрында өтеді.

Umai сыйлығы жас мәдениет және өнер қайраткерлеріне жетістікке талпынуға серпін береді. Символикалық мәнге ие сыйлықтың атауы түп-тамырымызға қайта оралтып, туған жерге, табиғатқа қамқорлықпен қарауға шақырады және терең философиялық тақырыптарға үндейді.

Өтінімдерді umaiastanaopera2023@gmail.com поштасына жіберуге болады.

Instagram: umai_nationalaward

Телефон: +7 7172 709 628.

Ұлттық өнерді қолдау және дамыту мақсатында биыл сыйлықтар саны 29-ға дейін көбейді, сәйкесінше ақшалай жүлделер де артты. Биыл сыйлықтың жүлде қоры 79 миллион теңгені құрайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға