Жұбыңмен саяхаттауға болатын романтикалық елдер
Әлемде бір-бірін сүйетін жандар үшін шабыт сыйлайтын, ерекше сәттерге толы орындар аз емес. Мұндай арманды шындыққа айналдыратын романтикалық бағыттар өте көп. Францияның жүрегіндегі Парижден бастап, Бали жағажайларына дейін – әрбір ел өзінің ерекше атмосферасымен, табиғатымен және махаббатқа толы сәттерге шабыт сыйлайды. El.kz интернет порталының тілшісі ең әсерлі, әртүрлі бюджетке сай, махаббатқа толы романтикалық елдерге шолу жасады.
Франция – махаббаттың астанасы
Париждің әлемдегі ең романтикалық қала атануы бекер емес. Эйфель мұнарасы астындағы кешкі ас, Сена өзеніндегі қайықпен серуен, Монмартр көшелеріндегі өнер – жұптарға арналған нағыз махаббат декорациясы. Сондай-ақ, Францияның оңтүстік-шығысындағы Прованс аймағындағы лаванда алқаптары мен Кот-д’Азур жағалаулары романтикаға толы.
Прованс Альпы-Лазур жағалауына саяхаттау үшін ең қолайлы кезең – маусым, шілде және тамыз айлары. Бұл уақытта күн шуақты, ауа райы жылы, теңіз суы шомылуға жайлы болады, ал Лазур жағалауы нағыз курорттық жұмаққа айналады.
Жағажайлар, фестивальдер, көше концерттері мен жәрмеңкелер, лаванда алқаптарындағы серуендер мен велосипед жолдары — бұл өңір жазда ерекше жанданып, белсенді әрі романтикалық демалысқа мол мүмкіндік ұсынады.
Дегенмен, жаз – туристердің ең көп келетін кезеңі екенін ұмытпаған жөн. Бұл уақытта адам көп болады, ал қонақүй мен ұшақ билеттерінің бағасы едәуір қымбаттайды.
Егер сіз тыныш әрі бюджетке сай демалысты қалайтын болсаңыз, мамыр немесе қыркүйек айларын таңдаған дұрыс. Бұл кезең «аралық маусым» деп аталады. Ауа райы жылы, табиғат көркем, ал турист аз, бағалар да қолжетімді. Бұл – жүзім алқаптары, көне көшелер мен көркем жағалау бойымен артық у-шусыз романтикалық серуендеуге таптырмас уақыт.
Италия – өнер мен сезім елі
Венециядағы гондолалар, Римнің тарихы мен Амальфи жағалауының әсем көріністері – Италия әр бұрышынан махаббатты сездіреді. Тосканадағы жүзім алқаптары мен винодельнялар жұптарға арналған демалыстың тамаша түрі.
Грекия – көк пен ақтың үйлесімі
Санторини аралы – шексіз теңіз, ақ үйлер және көгілдір күмбездерімен танымал. Кешкі күн батуын бірге тамашалап, романтикалық қонақүйде демалу – жұптарға арналған мінсіз демалыс.
Жапония – сезім мен тыныштық елі
Көктемде сакура гүлдеген кезде Токио немесе Киото көшелері ертегі әлеміне айналады. Жапон бақтары, гейшалар қаласы мен тыныш табиғат – романтикалық әрі рухани демалыс үшін таптырмас бағыт.
Мальдив аралдары – жұмақтағы демалыс
Жеке виллалар, көгілдір мұхит, аққұм жағажайлар – жұптарға арналған толық релакс. Мұнда су асты әлемін бірге зерттеп, күн батуы кезінде жағажайда кешкі ас ішуге болады.
Австрия – романтикалық альпілер
Зальцбург пен Вена — мәдениет пен музыкаға толы қалалар. Ал қыс мезгілінде Альпі тауларындағы шале үйлер мен қарлы пейзаждар романтикалық демалысты ерекше етеді.
Швейцария – тыныштық пен талғам
Церматт, Люцерн немесе Интерлакен – табиғат пен тыныштықты ұнататын жұптар үшін керемет бағыт. Таулы көлдер мен шоколадқа толы күндер романтикалық атмосфераны күшейтеді. Виза 90 евро. Қымбат, уникалды ел, 5 күндік саяхатқа 450 мың теңге.
Аргентина – танго мен құмарлықтың елі
Буэнос-Айрестегі көше бойындағы танго, Анд тауларының етегіндегі винодельнялар мен Патагонияның жабайы табиғаты – сезімге толы саяхаттың бағыты.
Таиланд – жұптарға арналған экзотика
Пхукет, Краби немесе Кох Самуи аралдарында күнге күйіп, экзотикалық табиғатта демалуға болады. Тай массажы мен кокос астындағы жағажай – романтикалық демалыстың бір бөлігі. Жұптармен баруға болатын бюджеттік, романтикалық елдер.
Түркия – жақын әрі жанға жайлы
Түркия өз жұбыңмен саяхаттауға болатын романтикалық елдердің қатарына жатады. Бұл ел табиғатының әсемдігімен, тарихи ескерткіштерімен және жағажайларының әдемілігімен танымал. Мәселен Каппадокиядағы әуе шарымен ұшу – романтикалық сәттерге толы ерекше тәжірибе, ал Стамбулдағы Босфор жағалауындағы кешкі серуен – тарих пен қазіргі заманның үйлесімі, Анталия немесе Бодрумдағы жағажайлар – күн астындағы демалыс пен романтикалық кештер үшін тамаша орынға жатады.
Виза қажет емес, тағам арзан, әуе билеттері жиі жеңілдікпен сатылады.
Грузия – таулы романтикаға толы
Грузия да өз жұбыңмен саяхаттауға өте қолайлы, романтикалық елдердің бірі саналады. Бұл ел табиғаты мен пейзаждары арқылы:
Кахетиядағы жүзім алқаптары мен шарап зауыттары – романтикалық саяхат үшін мінсіз;
Қазбек тауы мен Гергет шіркеуі – әсем табиғат аясындағы естен кетпес әсер сыйлайды;
Боржоми немесе Батуми – бір жағынан сауықтыру, екінші жағынан романтикаға толы қала атмосферасы.
Виза талап етілмейді, тағам мен шарап арзан әрі дәмді, халық қонақжай.
Вьетнам – экзотика мен тыныштық
Вьетнам да романтикалық саяхат үшін өте қызықты және ерекше бағыттардың бірі болып табылады. Бұл ел өзінің экзотикалық табиғатымен, жағажайларымен және мәдени байлығымен жұптарға ұмытылмас әсер қалдырады.
Саяхат арзан, мәдениеті ерекше, табиғаты бай.
Индонезия (Бали)
Индонезия, әсіресе Бали аралы – әлемдегі ең танымал романтикалық бағыттардың бірі. Бұл жұптарға арналған бал айы, мерейтой немесе жай ғана махаббатқа толы демалыс үшін мінсіз орын саналады.
Бали – махаббат пен рухани үндестіктің мекені. Табиғи сұлулық, шексіз тыныштық пен сән-салтанат романтикалық сезімдерді тереңдете түседі. Бұл бағыт – ерекше естеліктер жинағыңыз келсе, ең үздік таңдаулардың бірі.
Виза 35 $, бюджетті, қауіпсіз ел, бір апталық саяхатқа 350 мың теңге.
Марокко – қауіпсіз ел
Марокко – шығыс ертегісіндей атмосферасымен, экзотикалық мәдениетімен және көркем табиғатымен ерекшеленетін, романтикалық саяхат үшін тамаша бағыт. Бұл ел шығыстық әсемдік пен батыстық жайлылықтың үйлесімін ұсынады.
Марокко – шығыс сұлулығын сезініп, ерекше мәдениет пен табиғатты бір сапарға сыйғызғысы келетін жұптар үшін мінсіз таңдау. Бұл ел сіздің саяхатыңызды нағыз шығыс романтикасына айналдыра алады. Сахарада түйемен саяхат, виза керек емес, мәдениеті бай, дәмді тағам арзан, бюджетті, қауіпсіз ел.
Виза қажет емес, бюджетті, қауіпсіз ел, бір апталық саяхатқа 350 мың теңге.
Шри Ланка
Шри Ланка – табиғаттың сұлулығын, жағажай демалысын, мәдени байлық пен экзотикалық әсерлерді біріктірген, өз жұбыңмен саяхаттауға арналған өте романтикалық бағыттардың бірі.
Шри Ланка – махаббатты тереңдететін, жан мен тәнді тыныштандыратын, табиғат пен мәдениет үйлескен жұптарға арналған ерекше бағыт. Мұнда әрбір күн – жаңа сезім мен естелікке толы болады.
Виза 50 $, бюджетті, қауіпсіз ел, бір апталық саяхатқа 250 мың теңге.
Бұған дейін жалғыз саяхаттағанда ескеретін жайттар туралы жазған едік.

