ЖСН көрсету керек: банктік аударымдарға қатысты өзгерістер енгізілді
Қазақстанда қаржы операцияларының қауіпсіздігі мен ашықтығын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңа шара енгізілмек. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов үкімет отырысында хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.
Бижановтың айтуынша, енді бөтен банктік картаны 500 мың теңгеден жоғары сомаға толықтырғанда, міндетті түрде жіберушінің ЖСН-ін көрсету қажет болады. Бұған дейін тек алушының ЖСН-і ғана көрсетілетін. Сонымен қатар мұндай операцияларды мобильді қосымша немесе SMS арқылы растау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Тағы бір маңызды жаңалық – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкоматтағы бейнебақылау жазбаларын кемінде 180 күн сақтауға міндеттеледі. Бұл күмәнді операцияларға қатысушыларды тез анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар клиенттерді биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу – яғни бет әлпетін немесе саусақ ізін тану арқылы операция жасау мәселесі қарастырылып жатыр. Мұндай шаралар анонимді ақша аударымдарын шектеуге және банк жүйесінің көлеңкелі мақсатта пайдаланылу қаупін азайтуға бағытталған, – деді агенттік төрағасының орынбасары.

