Жойылып кеткен жыртқыш қайта оралуы мүмкін: Қазақстанға төрт жолбарыс жеткізіледі
Қазақстанда жойылып кеткен ірі жыртқыштардың бірі – амур жолбарысын қайта жерсіндіру жұмыстары жаңа кезеңге өтті. Ресей тарапы Қазақстанға Қызыл кітапқа енген төрт амур жолбарысын беруге дайын. Бұл бастама – ел аумағында сирек кездесетін жыртқыштардың популяциясын қалпына келтіруге бағытталған ауқымды экологиялық жобаның бір бөлігі, деп жазады El.kz.
Амур жолбарысы Қазақстанға қалай әкелінеді?
Ресейлік Амурский тигр орталығы мамандарының мәліметінше, жолбарыстарды беру бірнеше кезеңнен тұрады. Ең алдымен, арнайы талаптарға сай келетін жануарлар іріктеледі. Олар:
- әртүрлі жыныста болуы тиіс;
- физикалық тұрғыда толық сау болуы керек;
- жарақатсыз әрі табиғи ортада өмір сүруге қабілетті болуы қажет;
- тұяқты жануарларды аулай алуы және адамға дұрыс реакция көрсетуі маңызды.
Іріктелген жолбарыстар алдымен Қазақстандағы арнайы реабилитациялық орталыққа жеткізіледі. Мұнда олар жергілікті табиғат жағдайына бейімделіп, жаңа ортада аң аулау қабілеті тексеріледі.
Қандай жолбарыстар таңдалады?
Жоба аясында көбіне табиғатта анасынан айырылған жетім жолбарыс күшіктері немесе адамдармен қақтығыстың алдын алу мақсатында ұсталған жас дарақтар қарастырылады.
Қазіргі таңда төрт жануарды бір мезгілде жеткізу үшін нақты іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бейімделу және табиғатқа жіберу
Реабилитациялық орталықта жолбарыстардың:
- жергілікті жануарларға аңшылық қабілеті,
- адамға реакциясы
жан-жақты тексеріледі. Егер барлық көрсеткіштер талапқа сай болса, жыртқыштар табиғи ортаға жіберіледі. Бұл кезеңде ресейлік мамандар да бақылау мен мониторинг жұмыстарына қатысады.
Халықаралық ынтымақтастық
Амур жолбарысын қайта жерсіндіру жобасы Қазақстан мен Ресейдің бірлескен бастамасы болып табылады. 2022 жылы екі ел тиісті келісімге қол қойған.
Ал 2025 жылы Қазақстанның экология министрі Ерлан Нысанбаев пен Ресей министрі Александр Козлов нақты іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатқа Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қатысқан.
Айта кетейік, Қазақстан мамандары бұған дейін Ресейдің Қиыр Шығысына барып, жергілікті аңшылық бақылау қызметінің тәжірибесін үйренген.
Амур жолбарысы неге маңызды?
Амур жолбарысы – әлемдегі ең сирек жыртқыштардың бірі. Ол халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген.
Қазіргі таңда бұл аң негізінен Ресейдің Қиыр Шығыс өңірлерінде – Приморье, Хабаровск, Амур облысы және Еврей автономиялық аймағында ғана кездеседі. Сарапшылардың бағалауынша, табиғаттағы саны шамамен 700–750 дарақты құрайды.
Қазақстанда жолбарыс қайта орала ма?
Тарихқа көз жүгіртсек, жолбарыстар бір кездері Қазақстан аумағында, әсіресе Іле мен Балқаш маңында тіршілік еткен. Алайда ХХ ғасырда олар толықтай жойылып кетті.
Сондықтан бүгінгі жоба – тек жануарларды көшіру емес, тұтас экожүйені қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам. Егер бастама сәтті жүзеге асса, Қазақстанда амур жолбарысы қайтадан тұрақты мекендейтін жыртқышқа айналуы мүмкін.

