Жаңалықтар

ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлердің жалақысы қалай көтеріледі

ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлердің жалақысы қалай көтеріледі
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 15.08.2024 16:36 663

Елімізде жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына жоғары білім беру сапасын және ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға бағытталған өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақы мөлшері 160,7 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін, ұлттық жоғары оқу орындарында 228,8 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін өсті.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 18%-ға, 2024 жылғы қаңтардан бастап – 18%-ға, 2025 жылғы қаңтардан бастап – 17%-ға ұлғайтылды.

Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда көзделген нормалар шеңберінде ғылыми атақтардың болуы үшін ғылыми қызметкерлерге қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Бұл заңға мемлекет басшысы осы жылдың 6 мамырында қол қойды, - делінген мәліметте.

Заңға енгізілген түзетулердің бірінші блогы педагогтер мен ғылыми қызметкерлердің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, белгілі бір ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтер үшін ай сайын төленетін қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Мәселен, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) атағы үшін төленетін қосымша ақы 25 АЕК-ті (92 300 теңге) құрайды. Ал ғылым докторы және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 42 АЕК (155 064 теңге), философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде қосымша ақы төленеді.

Ғылыми дәрежелері мен атақтары үшін осындай ай сайынғы қосымша ақы негізгі жұмыс орнында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми қызметкерлерге де белгіленді.

40 жасқа толмаған дарынды жас ғалымдарға жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының эндаумент-қорының инвестициялық кіріс қаражатынан стипендия алу құқығы берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға