otpannews.kz

Жөндеуге тапсырған көлікті соғып тастады: Маңғыстау тұрғыны көпшілікке үндеу жолдады

27.07.2025 00:31

Маңғыстау облысының тұрғыны  темір тұлпарын жөндеуге алып қалып, адам танымастай соғып тстаған дилерлік орталықты кінәлайды. Өйткені машинаны оңдауы тиіс орталық қызметкері рұқсатсыз айдап кеткен деп отыр. Тіпті жол апаты туралы хабарлаған жоқ деп ашынады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы otpannews.kz-ке сілтеме жасап.

Бисенбай Жалғабаев 2023 жылы көлікті 17 миллион 500 мың теңгеге несиеге сатып алған. Сол уақыттан бері ай сайын 480 мың теңге төлем жасап отырған екен. Алайда шілде айының ортасында темір тұлпардан қозғалтқыштың салқындату сұйықтығының деңгейі көтерілгенін байқап, оны жөндету үшін дилерлік орталыққа өткізген. Бірақ арада бірнеше күн өткен соң, көліктің жол апатына түскені туралы хабарды Ақтаудағы таныстарынан естіп, аң-таң болыпты. 

Апатты менен жасырып, көлікті өз беттерінше жөндеп тастамақ болғандай. Жол апаты қатты болған, шамамен 100 шақырым жылдамдықпен соғылған. Шассиі майысып, қанаты мен есіктері бүлінген", – дейді Бисенбай Жалғабаев.

Жөндеуге тапсырған көлікті соғып тастады: Маңғыстау тұрғыны көпшілікке үндеу жолдады

Бисенбай Жалғабаев авто салон көлікті жөндеп беру туралы ұсыныс жасағанын айтты. Алайда ол мұнымен келісіп отырған жоқ. Азаматтың айтуынша, қаңқасы жөнделгенімен, көлік шассиінің тірегі секілді негізгі бөлшектер толық қалпына келмейді. Ал дилерлік орталық директоры жол-көлік оқиғасы туралы мүлік иесіне неге дер кезінде хабарланбағанын түсіндіре алмай отыр.

Қызметкер көлікті жұмыс бабында пайдаланған. Алдын ала тұтынушымен мессенджер арқылы хабарласып, трассаға шығуға рұқсат алғанбыз. Өйткені, олардың шағымы бойынша көліктегі ақау тек жоғары жылдамдықта ғана байқалған. Қазір ішкі тексеріс жүргізіп жатырмыз. Ең алдымен клиенттің мәселесін әділ әрі жан-жақты шешуіміз қажет. Тұтынушымен күн сайын байланыстамыз, алайда әлі нақты шешімге келе қойған жоқпыз, - деді дилерлік орталықтың директоры Алихан Қоныс.

Ал заңгер Аржан Сәдуақас мұндай жағдайдың Қазақстанда жиі болатынын айтады. Оның сөзінше, елімізде тұтынушылардың құқығын қорғау саласы өте әлсіз. 

Қазақстанда көлік нарығын небәрі екі ірі компания бақылауда ұстап отыр. Бұл компаниялар саланы толықтай өз ықпалына алған, бизнес те олардың мүддесіне сай жүргізіледі. Олардың артында мықты лобби тұр. Сондықтан тұтынушы дауласқан жағдайда, әділдікке қол жеткізу оңай емес. Елде тұтынушылар құқығын қорғау жүйесі өте әлсіз. Заң жүзінде қарастырылғанымен, іс жүзінде түрлі жасанды тосқауылдар бар. Азаматтар тосқауыл көптігінен шаршап, іс қозғаудан бас тартып жатады. Бірақ кімнің де болса құқығы бұзылса, соңына дейін күресіп, сотқа дейін жеткізуге тырысуы керек, - дейді заңгер Аржан Сәдуақас.

Бисенбай Жалғабаев дилерлік орталыққа «соғылған көліктің орнына жаңасын берсін немесе несиемізді толық өтесін» деген талап қояды. Азаматтық сотқа арыз түсірген ол істі соңына дейін жеткізуге бекініп отыр