Жолды белгіленбеген жерден кесіп өткеніңіз үшін қанша айыппұл төлейсіз?
Мөлдір Қайнар тілші
Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту – Қазақстанда кең таралған заң бұзушылықтардың бірі. Әсіресе, жаяу жүргіншілер асығып жүргенде немесе жақын маңда арнайы өткел болмағанда жолды тікелей кесіп өтуді әдетке айналдырған. Бұл әрекет бірінші кезекте өмір мен денсаулыққа қауіп төндіреді, әрі заң жүзінде әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі.
El.kz интернет порталы осы тақырыпты көтеріп, жаяу жүргіншілер қандай жауапкершілікке тартылатынын және айыппұлдан қалай құтылуға болатынын түсіндіріп өтті.
Заң не дейді?
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабына сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бұзып, жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен немесе бағдаршамның қызыл шамына қарамастан өткелге шыққан азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл ереже жаяу жүргіншілердің де жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Айыппұл мөлшері және оны төлеу тәртібі
2025 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болып бекітілген. Осыған сәйкес, жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін салынатын айыппұл мөлшері – 2 АЕК, яғни 7 384 теңге. Бұл сома жол қозғалысы ережесін елемеудің құны ретінде қарастырылады.
Құқық бұзушылықты жол-патрульдік полиция қызметкерлері немесе бейнебақылау камералары тіркейді. Камера арқылы тіркелген жағдайда, айыппұл туралы хабарлама азаматтың мекенжайына немесе Egov.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Айыппұлды азамат 30 күн ішінде төлеуге міндетті. Төлемді Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), банктердің мобильді қосымшалары немесе электронды үкімет порталы арқылы жасауға болады.
Жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі бар ма?
Егер азамат айыппұлды 7 күн ішінде төлесе, заң бойынша 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бұл жағдайда 7 384 теңгенің орнына тек 3 692 теңге төлейді. Ал төлемді кешіктірген жағдайда айыппұл сомасы 25 пайызға өсіп, жалпы қарыз мөлшері 9 230 теңгеге жетуі мүмкін. Мұндай жағдайда іс сот орындаушыларының қарауына өтіп, мәжбүрлі түрде өндіріп алу шаралары қолданылады.
Айыппұлмен келіспеген жағдайда не істеуге болады?
Егер азамат өзіне салынған айыппұлмен келіспесе, яғни жолды рұқсат етілген жерден өткенімен айыпталғанын немесе инспектор тарапынан қате кеткенін дәлелдегісі келсе, 10 күн ішінде шағым түсіруге құқылы. Бұл үшін жазбаша өтініш, фото немесе видео дәлелдер және қажет болған жағдайда куәгерлердің көрсетулері ұсынылуы керек. Шағымды әкімшілік сотқа немесе Egov.kz порталы арқылы онлайн жолдауға болады.
Ережені сақтау не үшін маңызды?
Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту тек заң бұзушылық емес, ол адам өміріне нақты қауіп төндіреді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын ондаған жаяу жүргінші дәл осындай жағдайлардан жарақат алып, кейбірі өмірден өтеді. Сондықтан жол ережесін сақтау – тек заңға бағыну емес, өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың өміріне деген жауапкершілігіңіз.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау – тек заң талабын орындау емес, өмір мен денсаулыққа деген жауапкершілік. Айыппұл мөлшері аз көрінгенімен, оның артында үлкен қауіп жатыр. Өз уақытыңызды емес, өміріңізді бағалаңыз.
Бұған дейін Жамбыл облысында екі оқушыны көлік қағып кеткені туралы жазған едік.

