Жолдаудағы ЖИ: Президент бірнеше салаға жасанды интеллект енгізуді тапсырды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Президент жасанды интеллектіні барлық негізгі салаларға енгізу қажеттігін атап өтіп, цифрландыру арқылы елдің болашағын айқындайтын бірқатар бастамаларды ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан үш жылда цифрлық ел болуы керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында еліміздің даму бағыты мен цифрлық трансформацияның маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл бағыттағы негізгі мақсатын да айтты.
Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ел алдында күрделі міндеттер тұрғанымен, оларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндік бар.
Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан, барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек, – деді ол.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қазақстанда ауқымды өзгерістер жасалғанын да еске салды. Оның ішінде саяси жүйенің ашықтығы артқанын, азаматтардың санасы жаңарып, мемлекеттік институттарға сенімнің күшейгенін айтты.
Сонымен қатар, президент жасанды интеллект дамуының әсеріне тоқталды.
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес, себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек, - деп атап өтті Президент.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады
Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажеттігі туралы айтты.
Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн.
Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс, - деді ол.
Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына сай қайта құрудың маңыздылығын да ерекше атап өтті.
Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек. Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек, – деді.
Сонымен қатар, Президент экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жасанды интеллектіні жаппай енгізу қажеттігін тілге тиек етті.
Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек, – деді Президент.
Жер қойнауын зерттеу ЖИ технологиясымен цифрландырылмақ
Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау саласын дамыту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл бағытта бірқатар маңызды міндеттерді алға қойды.
Елімізде ауқымды аэро-геофизика зерттеулері әбден ескірген. Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы келесі жылдың ортасына дейін жаңа зертхана ашуды тапсырды.
Келесі жылдың ортасына дейін озық халықаралық стандарттарға сай сертификаты бар зертхана ашу керек. Оны Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрған жөн. Жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін, ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент геологиялық барлау саласы үлкен қаржы мен реформаға мұқтаж екенін де атап өтті.
Геологиялық барлау саласы ауқымды инвестицияға мұқтаж. Үкімет бұл өзекті мәселені ескеру керек. Геологиялық барлау және жер қойнауын игеру саласындағы реформалардың заң жүзіндегі және іс жүзіндегі рәсімдерін жыл соңына дейін аяқтау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект қолданылады
Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында үнемшілдікке бағытталған жаңа талаптардың қажет екенін айтты.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын үнемшіл болуға ынталандыратын жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық ережелер енгізу керек. Табиғи ресурстарды, әсіресе, суды үнемдеу мәдениетіне келсек, ол жағынан үлкен кемшілік бар екенін мойындауымыз қажет. Яғни, атқарылатын жұмыс шаш етектен. Бұл – азаматтардың, әсіресе жастардың арасындағы түсіндіру шараларының, тіпті идеология жұмысының жеке бір бағыты. Біз қазірдің өзінде судың тапшылығын сезініп отырмыз. Ал, оны тұтыну мәдениеті төмен. Су мәселесіне кейінірек тоқталамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сонымен қатар тұрғын үй құрылысына айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілген.
Сонымен бірге, құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек. Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу қажет. Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс. Құжатты жыл соңына дейін қабылдау керек. Депутаттардың бұл жұмысқа атсалысуын сұраймын, – деді ол.
Су ресурстары ЖИ негізіндегі цифрлық платформада бақыланады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құруды тапсырды.
Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі, – деді Президент.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізі қалыптасты. Су кодексі қабылданып, арнайы министрлік құрылды. Енді алда ауқымды міндеттер тұр.

Су ресурстары және ирригация министрлігі
Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қазіргі уақытта құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ екенін атап өтті. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетіп жатыр.
Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ, – деді ол.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев су саласы ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысының басты бағытына айналуы тиіс екенін жеткізді.
Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Сондай-ақ каналдардың, су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйі жөніндегі ақпарат болады, – деді Президент.
Жоба іске қосылғаннан кейін гидрогеология мониторингі толық жолға қойылады. Бұл жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуі тиіс.
Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес, – деді Мемлекет басшысы.
Жасанды интеллект бизнесті дамытуға серпін береді
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне тоқталып, шағын және орта бизнесті жетілдірудің маңызын атап өтті.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамтудағы үлесі 50 пайызға жуықтаған.
Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Ол екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны алты пайызға да жетпейтінін, ал орта бизнестегі көрсеткіш сәл жоғары болғанымен, көңіл көншітпейтінін атап өтті.
Президент өткен жылы қол қойған «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтың әлі толық орындалмай отырғанына назар аударды.
Іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан тиісті құқықтық базаны жаңғырту керек. Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шыққан жөн. Жасанды интеллект технологиясы мұны жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Тоқаев.
Осы мақсатта Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылатыны белгілі болды. Бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады.
Мемлекет басшысы заңнаманы күрделендірмеу қажеттігін атап өтті.
Қайта оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеп, министрлер мен әкімдердің нақты нәтиже үшін жеке жауапкершілігін күшейткен жөн, – деді.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік органдардың бизнес өкілдеріне қатысты тым қатаң әкімшілік шешімдер қабылдайтынын сынға алып, мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуді тапсырды.
Міндетті талаптар тізімі бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғайтын маңызды құралдың бірі болуға тиіс. Қолданыстағы нормалардың Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігін қосымша тексеріп, тізімді тезірек қолданысқа енгізу қажет, – деп түйіндеді Президент.
Қазақстанда «Kazakh Digital» мектептері ашылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру керектігін айтты.
Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді. Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады, – деді Президент.
Оның сөзінше, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалғандарының құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуы тиіс.
Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Жұмыс үдерістерінің едәуір бөлігі цифрлық технологияларды енгізу арқылы автоматтандырылатыны анық. Сол себепті, менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ол ЖИ құзыретін ерте жастан қалыптастыруды ұсынды.
Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мектептері үшін де жаңа шешімдерді атады.
Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы балаларды дамыту орталықтарын жеке қаражат тарту арқылы салу тәжірибесін барлық аймақта енгізуді тапсырды.
Елордада балаларды дамыту орталықтарын жеке қаражат тарту арқылы салу тәжірибесі бар. Мұны барлық аймаққа тарату қажет. Көптеген кәсіпкер дәл осы мәселе бойынша көмек көрсетуге әзір екенін білдіріп жатыр. Әкімдер осындай жобаларды жүзеге асыруға кәсіпкерлерді белсенді түрде жұмылдыруы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ЖИ негізінде Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығы құрылады
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саладағы түйткілдерге тоқталып, төлемдерді біріздендіру қажеттігін айтты.
Аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкелген. Соның салдарынан кейбіреулер бұл жүйені өз пайдасына жаратып жүргенін де атап өтті.
Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады, – деді Президент.
Тоқаев әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елдің дамуына кедергі екенін атап өтті. Қыруар қаржы мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да маңызды нысандарға жұмсалуы тиіс екенін ескертті.
Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Басқаша айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Президент демографиялық үрдістерді зерделеу, еңбек нарығын болжау және инфрақұрылымды дамыту үшін сапалы мәліметтер мен талдау қажет екенін айтты.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілген Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығына да назар аударды. Оның айтуынша, азаматтардың, әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың зейнетақы жинағы жеткіліксіз. Үкімет Ұлттық банкпен бірге жүйені нығайтуға бағытталған шараларды қабылдауы тиіс.
Сондай-ақ Президент азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі өзекті екенін еске салды.
Осы ретте «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керек. Былтырдың өзінде осы жоба аясында 845 мың адам сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алды. Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету, – деді Президент.
ЖИ арқылы медициналық қызметтерді мониторингтеу жүйесі енгізіледі
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне жасанды интеллект технологиясы арқылы мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруды тапсырды.
Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Ал қалалы жерлерде денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар ірі нысан іске қосылды. Мысалы, Астанада онкология орталығы, Алматыда Жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық кедергілерге ұрындырмай, тезірек пайдалануға беру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жаңа нысандар салуды жалғастыру үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктері арқылы жеке инвестиция тартудың маңыздылығына тоқталды.
Басқа да бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Соның ішінде фармацевтика өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет. Бұған, әсіресе, пандемия кезінде әбден көзіміз жетті, – деді ол.
Сонымен қатар Президент денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына назар аударды.
Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар. Бюджет қаржысы шектеулі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші рөлін атқарып отыр. Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейткеннің арқасында шығынды көбейтпей ұстап тұр. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы дәрігерлердің мәртебесін көтеру және әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы шаралар жалғасын табатынын айтты.

