Жолдауда мұғалімдер жайлы көп айтты. Шыны керек, көпшілігімізге мұғалім тақырыбының әйтеуір бір қатысы бар. Біреуіміздің әкеміз, енді біреуміздің алыс туысымыз мұғалім деген секілді. Елбасы - 2019 жылы «Мұғалімдер туралы» арнайы заң қабылдайтынын айтты. Сосын, күллі мектеп НИШ стиліне көше бастайды. Әлбетте, саны көп, сапасы нашарлау біраз мұғалім бұл кезде жұмыстан айырылады. Бірақ, үздік мұғалімдердің айлығы көтеріледі.
Екінші ұнаған дүние – балабақшадағы сапа мен тәрбиешілердің еңбекақысын көтерге қатысты айтылған сөзі болды. Мен баламды бақшаға тәрбиенің жоқтығынан бермей отырмын. Себебі, 35-40 мың теңгеге қандай супер маман балабақшаға жұмыс істеуге барады? Ойдан-қырдан қашқан, басқа жұмыс таба алмаған кісілер келіп жатыр, тәрбиеші болып. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ көпшілігі солай. Егер жалақысы көтерілсе, балабақшада қызмет ететін маманға да талап жоғары болар еді. Ол талап үддесінен тек үздіктер, мықтылар ғана шығар еді. Баламыздың тәрбиесін білікті, тәлімді адамдарға тапсырар ек. Қуантқаны сол
Үшінші ұнаған дүние – елде тек мықты университеттер ғана қалсын деген сөзі! Елімізде 150-ге жуық университет бар. Ал, ірі қалалардың саны 17 екенін ескерсек, мұнда университет ірі қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да көп ашылып кеткенін білдірмей ме? Әсіресе маған Президенттің «ЖОО табыстылығының басты талабы – диплом алған студенттердің жұмыспен қамтылуы, олардың айлығы жоғары жұмысқа орналасуы болмақ» деген сөздері ұнады. Бұл тек университет түлектерінің проблемасы емес, әр саладағы қызмет сапасы, оның дұрыс дамуының мәселесі.