Жолдан көлік көрінбесе болды деп өте салуға болмайды - заңгер
Жолда жүрген әр адам өз қауіпсіздігімен қатар айналасындағы жандардың да өміріне жауапты. Алайда жаяу жүргінші де, жүргізуші де кейде ең қарапайым ережелерді елемей, өзіне де, өзгеге де қауіп төндіреді. Заң ғылымдарының кандидаты Егемберді Әбілқасым осы мәселеге қатысты өз ойымен бөлісіп, қоғамда жол мәдениетін қалыптастырудың маңызын түсіндірді. Бұл туралы ол El.kz интернет порталының YouTube каналына берген сұхбатында айтты.
Жол ережесін бұзған адам айналаға да қатер төндіреді
Заң ғылымдарының кандидаты жаяу жүргіншілердің жауапкершілігіне тоқталып, көпшіліктің бұл талапты елемей жататынын атап өтті.
Жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін жаяу жүргіншілер үшін айыппұл қарастырылған. Өзім заң саласының маманы болсам да, кейде жолды кесіп өтіп кететін кездерім болады. Бірақ бұл – дұрыс емес. Жаяу жүргінші «өтіп кетемін» деп ойлап, жүргізушінің жылдамдығын ескермей қалуы мүмкін, – дейді Егемберді Әбілқасым.
Ол жол бос тұр екен деп, бағдаршам жоқ жерден кесіп өтудің қоғам үшін қауіпті екенін түсіндірді.
Жолдан көлік көрінбесе болды деп өте салуға болмайды. Өйткені бұл – қоғамға төнетін қауіп. Ережені бұзған адам өзіне ғана емес, айналадағыларға да қатер төндіреді, – деді ол.
Егемберді Әбілқасымның айтуынша, жол ережесін бұзған адам өскелең ұрпаққа теріс үлгі береді.
Жолды заңсыз кесіп өткен адамды бала да, ересек те көріп тұрады. Олар ертең «бұлай жасауға болады екен» деп ойлайды. Сондықтан мұндай әрекеттер жазасыз қалмауы керек, – дейді Егемберді Әбілқасым.
Қауіпсіздік белдігі – өз өміріңе деген жауапкершілік
Егемберді Әбілқасым жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздік белдігіне салғырт қарайтынына алаңдайтынын жасырмады.
Кейбір көлікке отырғанда жүргізушілер «белдікті тақпай-ақ қойыңыз» деп айтады. Бұл – ұят нәрсе. Мен белдікті өз қауіпсіздігім үшін тағамын. Жолаушылардан бөлек, жүргізушілердің өзі тақпайтын кездер бар, – дейді Егемберді Әбілқасым.
Ол жастар арасында да қате түсінік бар екенін атап өтті.
Жастардың көлігіне мінсем, міндетті түрде белдік тағуын сұраймын. Кейбіреуі күледі. Бірақ мен «бұл – біздің өміріміз үшін қажет. Денсаулық керек, аман қалуымыз тиіс» деп түсіндіремін. Қауіпсіздік белдігі – бекерден-бекер ойлап табылған құрал емес, оның тиімділігі ғылыми дәлелденген, – деді заңгер.
Ол белдіктің денені қыспайтынын, қозғалысқа кедергі келтірмейтінін ерекше атап өтті.
Қандай көлікке отырсам да, алдыңғы орынға жайғасқан сәтте белдікті тағып аламын. Өйткені бұл – әдет, дағды. Өз өміріме деген жауапкершілік, – дейді сарапшы.
Заңнан қорқудың қажеті жоқ
Егемберді Әбілқасымның айтуынша, заң тек жазалау үшін емес, қоғамда тәртіп пен мәдениет қалыптастыру үшін керек.
Заңнан қорқудың қажеті жоқ. Заң – қоғамды бір қалыпқа келтіру үшін жасалған құрал. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» дейді. Ал бізде керісінше «ережені сақтасаң, құл болып қаласың» деп күлетіндер бар. Бұл – дұрыс түсінік емес, – деп түсіндірді ол.
Заңгер қауіпсіздік белдігін таққан адамды мазақ ету немесе жолда ережені сақтаған жанды келемеждеу – әлі де мәдениеттің төмендігін көрсететінін айтты.
Қауіпсіздік белдігін не үшін тақтың деп күлетіндер бар. Бірақ бұл – күлкілі жағдай емес. Бұл – жауапкершілік, – деді заң ғылымдарының кандидаты.

