©El.kz/Жалғасбек Тоқтамысов

Жолда жүру ережесі өзгерді: қазақстандықтар нені білуі керек

2025 жылдың 10 қарашасында жол қозғалысы ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер 2025 жылдың 23 қарашасынан бастап күшіне енеді. Ішкі істер министрлігі басты өзгерістерге тоқталды, деп жазады El.kz интернет порталы.

1. Елді мекендерде жүк көліктері үшін жылдамдық сағатына 50 км-ге дейін шектелді.

Бұл шектеу жол белгілері арқылы жылдамдығы 80-90 км/сағ деңгейінде белгіленген учаскелерге қолданылмайды.

Бұл шектеу жаяу жүргіншілердің қаза болу қаупін азайту қажеттілігімен байланысты. БҰҰ-ның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жылдамдық 60-65 км/сағ болғанда жаяу жүргіншінің қаза болу қаупі 50 км/сағ жылдамдықпен салыстырғанда 4,5 есе артады, – деп түсіндірді ІІМ.

2. Көріну шектелген жағдайларда (боран, тұман, қарлы немесе жаңбырлы ауа райы) жаппай жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін колоннамен жүру ережелері нақтыланды.

Енді колоннада басқа жолаққа ауысуға, басып озуға және өз бетінше тоқтауға тыйым салынады.

Оннан астам көлік болған жағдайда колоннаны екі патрульдік автокөлікпен сүйемелдеу міндетті.

3. М2 және М3 санаттағы барлық автобустарға (сегізден көп жолаушы орны бар, жүргізуші орнын есептемегенде) маршруттық көлік тоқтайтын аялдамаларда жолаушыларды отырғызуға және түсіруге рұқсат етілді.

4. Жолда жұмыс атқару, ірі габаритті және қауіпті жүктерді алып жүру, велосипедшілер тобын алып жүру, сондай-ақ балаларды тасымалдайтын автобустар үшін көліктерге магнитпен бекітілетін сары немесе қызғылт сары жыпылықтайтын шамдарды рұқсатсыз қолдануға болады.

Бұрын мұндай шамдарды қолдану үшін рұқсат беру құжаттарын алу, көлікті қайта жабдықтау және техникалық паспортқа арнайы белгі енгізу қажет болатын, – деп атап өтті министрлік.

5. Жол парағын электронды форматта қолдануға рұқсат берілді. Сонымен бірге барлық суреттер, жол белгілері мен белгілемелердің визуалды қабылдауын жақсарту үшін цифрланды.

Министрлік қазақстандықтарға үндеу жасады:

Құрметті жол қозғалысына қатысушылар! Жаңартылған талаптарды әрдайым оқып шығып, жол ережесін қатаң сақтауды сұраймыз. Бұл – әр жүргізушінің міндеті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды үлес. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!