Жол құрылысында бағалаудың жаңа стандарттары қолданылады
Жол құрылысында бағалаудың жаңа стандарттары қолданылады, деп хабарлайды El.kz. Бұл Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді.
Ақтау қаласында еліміз бен алыс және жақын шетелдегі ірі мемлекеттік, сондай-ақ жеке компаниялардың қатысуымен Жол конгресі өтуде. Сонымен қатар алқалы басқосуға профильдік министрліктер мен битум өндіруші және жеткізуші кәсіпорындардың өкілдері де қатысуда.
Конгресс қатысушылары отандық битум өндірушілердің қуаттылықты жаңғырту бойынша жоспарларымен танысып, битум байланыстырғыш материалдардың сапасын және жол құрылысында полимерлі-модификацияланған битумды пайдалануды, оларды тасымалдау, сақтау мен сапасын бақылау мәселелерін талқылады.
Жиын барысында көтерілген мәселелер Президент Жолдауы аясында өте өзекті болып отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін атап өткен болатын. Сонымен қатар ол өз сөзінде елде әлі күнге дейін битум тапшы екенін атап өтті. Осы орайда Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы автомобиль жолдары құрылысы кезінде бағалаудың жаңа стандарттарын қолданылатынын атап өткім келеді», – деді ҚР ИИДМ Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының Бас директоры Замир Сағынов.
Айта кетейік, басқосу аясында жиын қатысушылары Қазақстандағы ең ірі битум шығаратын кәсіпорындардың бірі «Caspi Bitum» СП» ЖШС-нің қызметімен танысты.