Жаңалықтар

Жол құрылысында BIM-технологиясын пайдаланудың артықшылықтары зерттеліп жатыр

Жол құрылысында BIM-технологиясын пайдаланудың артықшылықтары зерттеліп жатыр
Фото: gov.kz 20.06.2023 04:36 1034

Бүгінгі таңда еліміздің автожол саласында BIM (Building Information Modelling) технологияларын пайдаланудың айқын проблемалары байқалады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Негізінде BIM дегеніміз - бұл құрылыс объектісі туралы цифрлық деректері бар кешенді ақпараттық модель. Жүйе нысанды жобалау, салу, пайдалану, жөндеу, қайта құру, бұзу, бөлшектеу немесе пайдалану сатысында үнемі жаңартылып отырады.

BIM жобалау кезеңінде жобадағы барлық бөлімнің өзара әрекеттесуі мен бірлесіп жұмыс істеуі айтарлықтай жеңілдетіледі.

Құрылыс кезеңінде BIM моделін құрылысшылар оңай толықтыра алады, өйткені ол жеке сызбаларға қарағанда әлдеқайда түсінікті.

BIM пайдалану кезеңінде автожолдағы барлық элемент пен құрылыстар туралы толық ақпаратты қамтиды.

Алдағы уақытта объектідегі күрделі жөндеу жұмыстары немесе қайта жаңғырту барысында BIM модель дизайнерлер үшін негізгі құрал және бастапқы деректер базасы ретінде пайдаланылатын болады.

«Тапсырыс беруші үшін BIM моделінің негізгі артықшылығы – тапсырыс беруші объект туралы ақпаратты толығымен оңай әрі тез ала алады және нысанды құрылыстың барлық кезеңінде басқара алады. Мәселен, жобалау немесе техникалық-экономикалық негіздеме сатысында тапсырыс берушіге жобалық шешімдерді келісу барысында үш өлшемді модель болашақ құрылыс объектісі туралы ақпаратпен неғұрлым егжей-тегжейлі танысуға мүмкіндік береді», дейді ҚазжолҒЗИ жобалау және қауіпсіздік басқармасының басшысы Гүлназ Тайбекова.

Цифрлық үш өлшемді модель бойынша тапсырыс берушіге құрылыс кезеңінде атқарылып жатқан жұмыстың барлық кезеңі айқын көрінеді. Нысанды пайдалану кезінде пайдаланушы ұйым ақау туындаған жағдайда цифрлық модельді толықтыра алады. Бұл ақпарат бірден тапсырыс берушіге түсіп, нәтижесінде жөндеу жұмыстарын үлестіру үрдісі оңтайландырыла түседі. Бұл шаралардың барлығы құрылыс кезінде қажетсіз шығындарға батпай, жобалауда жіберілген қателерді бірден анықтап, жөндеу жұмыстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Жалпы BIM технологияларын қолдана отырып, автомобиль жолдарын жобалау – үш өлшемді ақпараттық модельдеу тізбектерінің бірі. Бүгінгі таңда BIM технологиялары Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-та жол салу кезінде белсенді қолданылады. Сонымен қатар жол-құрылыс саласы қарқынды дамып келе жатқан елдерде, соның ішінде Қытай мен Ресей Федерациясында да осы әдіс енгізілуде.

«ҚазжолҒЗИ» АҚ инновациялық технологияларды ілгерілету шеңберінде BIM-технологияларын одан әрі нәтижелі дамыту үшін алғашқы әрі өте маңызды қадамдарды қабылдайтын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға