Жол картасын бекіту барлық мәселені шешпейді - Смайылов
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесі қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталған бағытта үйлестіру жұмыстарын белсенді жүргізуі тиіс екенін айтты.
Тек қана жол картасын бекіту арқылы барлық мәселені шешу мүмкін емес. Бұл жерде жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын, жер-жерде қандай мәселелер шешілмей жатқанын қадағалап, өздеріңіздің тараптарыңыздан әкімдерге көмек көрсету қажет. Сіз жол картасын мақұлдадық, енді осымен барлық мәселелер шешілді деп ойлайсыз ба? Бұл – бар болғаны бюрократия! Инвестициялық жобалар жүзеге асып, оның нәтижесін көрмейінше, мәселе шешілді деп айтуға болмайды, — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр Ақтөбе облысында өңдеу саласына тартылған инвестициялардың төмендеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ өңірде 5 жоба бойынша іске асыру мерзімі кейінге шегеріліп отыр.
Ақмола облысында да 9 айда инвестиция көлемі төмендеп кеткен.
Сонымен қатар Маңғыстау облысында 10 жобаны іске асыру мерзімі кейінге шегерілді.
Премьер-министр өңірлерге инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерінде неғұрлым белсенді ұстаным көрсету қажет екенін атап өтті, өйткені олардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары пайда болып, жалпы экономикалық көрсеткіштер жақсарады.
Қандай да бір қиындықтар туындаса әкімдіктер жобаларды іске асыру мерзімдерін кейінге қалдыруды немесе олардан мүлдем бас тартуды үйреншікті дағдыға айналдырып алды. Тиісінше проблемалық мәселелер болған жағдайда жедел әрі нақты шешу қажет, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.