Жаңалықтар

Жоғары білім және ғылымды дамыту концепциясы қабылданды

Жоғары білім және ғылымды дамыту концепциясы қабылданды
Фото: El.kz 09.02.2023 10:56 1873

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жастарды әлеуметтіндіру тақырыбында форум өтіп жатыр деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Форумға Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек, мемлекеттік орган өкілдері, әлеуметтендіру бойынша проректорлар, психологиялық қолдау көрсету бойынша бөлім басшылары, жастар ісі басқармасы басшылары, оқытушылар қатысты.

“Президенттің тапсырмасымен үлкен реформалар басталмақ. Бұл тек біздің салаға ғана байланысты емес, түбегейлі реформа. Негізгі стратегиялық құжат өзгереді. Жоғары білім және ғылым даму концепсиясы. Біздің жоспарларымыз 7 жылдық жоспар. 2023-2030 жылдарға арналған. Келесі жеті жылда қандай басым бағыттар болатыны көрсетілген”,- деді Саясат Нұрбек.

Министр концепцияда бірнеше мәселе көтерілгенін айтты.

“Жоғары білімнің қолжетімділігі. Неліктен қолжетімділік үлкен сұраққа айналды? Демографиялық өсім және көші-қон әсерінен білім алушылар саны артып келеді. Қазір жоғары білім алушылар саны 626 мың болса, 2025 жылы 800 мыңға, 2030 жылы 1 миллионнан асып кетеді. Қазір қолжетімділік 62 % болып тұр. Осыған біз дайын болуымыз керек. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің инфрақұрылымы 10-12 мың адамға лайықталып жасалған. Қазір 27 мың білім алушы оқып жатыр. 2016 жылдан 2025 жылға дейін грант саны 2 есеге өсті. 32 мыңнан 75 мыңға дейін.

Жатақханалар - инфрақұрылымның жетіспеушілігінің бірінші көрінісі. Елімізде 87 мың төсек орын тапшылығы болған. Өткен жылы 75 мыңға дейін азайттық. Мәселенің шешімі - жаңа жатақханалар салу. Алматы қаласындағы оқу орындарына арнап, жаңа жоба жасап жатырмыз. Алматыда 40 мың жатақхана орын жетіспейді. Соңғы академиялық қалашық 1974-1975 жылы салынған. 60-70 жыл академиялық қалашық салынбаған”, - деді Жоғары білім және ғылым министрі.

Саясат Нұрбек шәкіртақы әрі қарай да өсе беретінін тілге тиек етті.

“Шәкіртақыны 2025-ке дейін 50%-ке көтерсек, 2030 жылға дейін тағы да 100%-ке көтеріледі”,- деді министр.

Министр білім беру саласындағы тағы бір өзекті проблеманы атап өтті.

“Инклюзивті білім беру бойынша қолжетімділік өте төмен деңгейде. Пандус, көзі нашар көретіндерге арналған орын тек университеттердің бірінші қабатында ғана орналасқан. Нақты жол картасын дайындап жатырмыз”,- деді министр.

Сондай-ақ Жоғары білім және ғылым министрі сырттан шетелдік университеттерді ашу жұмысын жалғастыратынын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға