Жоғалған көл қазынасы

ҒАЛЫМЖАН ОРАЗЫМБЕТ
Ақтас ауылы. Ес білгелі естіп, біліп жүрген жер. Отыз жыл бұрын осы ауылға екі ағамның тойына келгенде табанымның астында 201 – 145 млн жылдар бұрын өмір сүрген жануарлар әлемі жатқанын білгем жоқ. Тіпті екі жыл бұрын досым Нұржан алматылық ғалымдармен Ақтастағы палеонтолгия ескерткіштерін зерттеуге бара жатырмыз деп шақырған кезде де мұншалықты бай қазынаға шақырып тұрғанына мән бермеппін. Жақында Нұрекеңе хабарласып: сол жақта бір көне әлем бар деп едің. Бармадық па, - дегем. Сөйтіп, Нұржан Алматыдан ат басын бері бұрыпты. Отыз жыл табан тіремеген ауыл жылы қарсы алды. Табиғаты тамаша, айналасын тау қоршаған сұлу мекен екен.
Жексенбі күні түсқайта жетіп, аздап тынығып алған соң, Юра кезеңі ескерткіштері жатқан жерге Олжас бауырдың «Көкқасқасын ерттеп» шығып кеттік.
Ауылдан онша ұзақ та жер емес екен. Нұрекең жолай палеонтолгия, ауыл тарихы, екі жыл бұрынғы зерттеулері, т.б. қызықтар жайлы әңгімелеуден жалықпады.
Олжас өз отбасы, туыстарымен Ақтас әулие бұлағында қалып, Нұржан екеуміз палеонтолгия ескерткіштерін іздеп кеттік. Сәлден кейін біреу рет-ретімен жинап қойғандай боп жатқан қатпарларды «зерттеумен» айналысып кеттік.
Жер қабаты кітап сияқты, көп парақтардан тұрады. Арасын ашып, жүздеген млн жыл бұрынғы тарихқа саяхаттап қайта бер.
Парақтау процесінің өз азарты бар. Бас алмай «оқи» бергің келеді. Әттең, оған ресми рұқсат керек.

Бір сағаттан астам уақыт аралап шыққан соң, бүгінгі «жорығымызды» аяқтап үйге қайттық. Қайтар жолда бұл туралы толығырақ кім айтып бере алады? Ауыл тарихын, көне ескерткіштер тарихын кімнен сұраймыз? – деп Нұржанды сұрақтың астына алдым. Мүмкін емес, - деймін. Бір ауылда осының бәрін керек қылып, тірнектеп жинап жүретін кемі бір адам болады. Ондай кез келген ауылда бар. Бұл ауыл да сондай біреуден кенде болмауы керек. Нұржан көрші ауылда Жандос деген бір жігіт бар. Қайбір жылы келгенде осыған дейін табылған біраз жәдігерлерді көрсетіп, осыны зерттеу керек, жинау керек сонша байлықты деп шырылдап жүрген. Бір айтса, сол айтып береді, - деді. Өзінің де білетіні аз емес екен. Палеонтология ғылымы, нақты осы ауылдағы ескерткіштердің зерттеу тарихынан біраз соқты. Тіпті, өзің тоқта демесең, таңнан таңға соға беретін база жинап алыпты өзі де. Жалпы, бұл жердегі ескерткіштер шоғырланған жер екі бөліктен тұрады – Қарабастау және Әулие бөліктері. Екеуінің жалпы аумағы 220 гектардай жер. Ескерткіштерді сонау патша заманындағы орыс саяхатшылары жаза бастаған. Ал 1923 жылдан бастап толық қолға алған екен. Содан бері бұл жерлерден мыңдаған жәдігер табылып, зерттелген екен.
Сол мол қордың басым бөлігі қазір Ресей Ғылым Академиясы Палеонтология музейінің басты байлығы болып тұр. Одан бөлек түрлі жылдары басқа елдерден де зерттеушілер келіп, көптеген жаңалықтар ашқан. Ал осы жерде көп жыл қызмет еткен орманшы Александр Савченконың «зерттеуге қосқан үлесі» өз алдына бір аңыз. Ақтас, Қошқар ата ауылының кез келген тұрғыны оны жыр қып айтады. Орманшы мырза егін салып, май тартатын цех ашып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қарық қылып жүріп, үндемей көне жәдергерлерді жинай берген екен. Кейін бір күнде заттарын жинап көшіп кеткен. Құр кетпей, жәшік-жәшік көне жәдігерлерді тиеп кетіпті. Кейін Ташкент асып бара жатқан жерінен шекарада ұсталыпты. Содан кейінгі тағдыры белгісіз. Бірақ тарихи мұраға орны толмайтын зиянын тигізіп кеткен екен. Ал Бристоль университетінің ғылыми қызметкері Дэвид Анвин мен Мәскеудегі Палеонтология музейінің ғылыми қызметкері Наталья Бахуринаның арасындағы махаббат пен соның нәтижесінде Ресей мен Англияның ғылыми «соғысқа» себеп болған Қаратаудан табылған птерозавр тарихы туралы кино түсіруге болады.
Жоғалған көл қазынасы
Ресей Ғылым академиясы мен Бристоль университетінің «тарихи соғысына» себеп болып жүрген Қаратаудан табылған птерозавр осы. Шамамен 120 млн жыл бұрын өмір сүрген.
Қош, өзіміздің ауылға оралайық.
Ертеңіне азанымен тұрып, Жандосты іздеуге кірістік. Оған дейін Кеңсай ауылының шетінде тұрғындар күнкөрісіне пайдаланып жатқан бірнеше «өгдіріс - шахтаны» аралап көрдік. Сол Юра кезеңінде қалыптасып, қатпарланған тас қабаттар қазір жергілікті тұрғындардың нәпақасына жарап тұр екен. Қалада аяқжолға төселетін тас плиталар осы ауылдан тасылады. Арнайы өңдеу, жұқарту керек емес. Тек арнайы құралыңмен шетінен кертіп, бұзып ала бересің.

Бағалары әр түрлі. Жақсы бағаланатындары – 3-4 см қалыңдықтағы плиталар. Олар аяқжол төсеуге қажетті қалыңдықта. Ешқандай өңдеуді, жұқартып бейімдеуді қажет етпейді. Одан да жұқалары қабырғаға жабыстыруға пайдаланылады. Олар ең қымбат бағада. 3-4 см қалыңдықтағы плиталардың бір машинасы (орта есебі КамАЗ) 35-40 мың теңге тұрады.
Плита өндірісінен шығып, жолай Қошқар ата кесенесіне соқтық.

Бұл аңыз тұлғаның нақты шыққан тегі, өмір сүрген жылдары, өмірдегі статусы белгісіз. Қазақ аңызында әулие саналады. Бір нұсқасында бұл аймаққа діни білім беру үшін, сауаттандыру үшін шеттен келген делінеді. Кесенесінің жанынан бірнеше рудың таңбасы басылған плиталар табылған. Соған қарап кейбіреулер сонша рудың әскеріне басшылық қылған әскербасы болды ма деп те болжайды екен. Не болса да тарихта ізін қалдырған тұлға.

Сөйтіп, палеонтология ескерткіштерін іздейміз деп келіп, шамамен жоңғар шапқан дәуірге өтіп кеттік. Кеңсайдан қайтып, Қошқар ата ауылындағы Борлысай орта мектебінде ұзтаздық қылатын Жандос Теміржанов ағамызды іздеп бардық. Біздің сондай тарих іздеп жүргенімізді естіп, қуанып кетті. Ауылдың арғы-бергі тарихын ізденіп жүретін, ізденімпаз кісі екен. Әңгіме көне заманнан басталып, одан қола дәуіріндегі (б.з.д. 2 мың жылдықтар) петроглифтерге соғып, берісі жоңғарлардан қайттық. Ауылда қалмақ қорымы барын естіп алған соң, орнын көргіміз келді.

Жоғалған көл қазынасы
Жәкең әр жәдігерді жеке-жеке таныстырып, тарихын әңгімелеп беріп отыр.
Өкінішке қарай, кейінгі жылдары ауыл арасында жол салып жатқанда ескі қорым түгел сүріліп кетіпті. Тек орны қалған. Жол салып жатқанда көп адам сүйегі шыққан дейді Жәкең. Бұл аймақтағы қалмақ қорымы жалғыз бұл емес. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Ақтас ауылының іргесінде жатқан Шұқыршақ ауылында да ескі қалмақ қорымы болған екен. Оны барып көрудің сәті түспеді. Бұл жерден шығып Жандос ағадан палеонтология ескерткіштерін сұрадық. Үйінде түрлі жылдары жауын-шашыннан ашылып, қараусыз қалған жерінен жинап алған біраз жәдігерлер бар екен. Соларды көрсетіп, әңгімелеп берді.

Бұл жәдігерлердің бәрі осыдан 150 млн жылдай бұрын өмір сүрген тіршілік иелерінің қалдықтары. Ғалымдардың болжауынша, бұл көлге табиғи апат бірден келген. Жануарлар апат кезінде өлген күйінде қатып қалған. Сөйтіп сазға көміліп, саз тас боп қатып, сол өлген қалыптарында сақталып қалған.
Жандос аға бұлардың бәрін құр жинай бермей, білгендерін шәкірттерімен бөлісіп, тарихи танымын кеңейтіп жүр. Бірнеше оқушысы аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларға осы палеонтологиялық мұра бойынша қатысып, жеңімпаз, жүлдегер атанып келген. Қазір де түрлі олимпиадаларға осы өлкетану тақырыбымен шәкірт дайындап жүр.
Юра кезеңі жәдігерлерімен танысып болған соң, ауылдың солтүстік жағындағы Қаражан қыратындағы петроглифтерді көруге аттандық. Олардың нақты қай жерде тұрғанын көрсетуге Жандос ағаның екі шәкірті Серік пен Дарабиді ерттік.
Бұл ауылдың тарихи қазынасы мұнымен бітпейді екен. Борлысай орта мектебінің алдындағы жолды кеңейтіп, жаңартып салып жатқанда сары тас плиталармен камера үлгісінде қоршалған бірнеше мазар табылған. Оның дәуірін, тарихын анықтау үшін Шымкенттен арнайы археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Подушкинді шақыртқан. Ол келіп, камераларды ашып, суретке түсіріп әкеткен.
Басында бұл мазарлар қола дәуіріне жатады деп болжанған екен. Бірақ А.Н.Подушкинге хабарласып, толық ақпарат сұрағанымда, олардың нақты дәуірі белгісіз екенін айтты. Мәйіттердің қасынан қосымша заттар табылмағандықтан, дәуірін, мәдениетін болжау мүмкін емес деп жауап берді. Не болса да Юра дәуірі, қола дәуірі, жоңғар шапқыншылығына тағы бір дәуір кеп қосылды. Қатар жатқан бірнеше ауыл үшін тым көп сияқты боп көрінді өзіме. Сөйтіп, Нұржан екеуміздің «Жоғалған көл» еліне бір күн бұрын басталған саяхатымыз кешке қарай тарихқа «тойып» алумен аяқталды.
П.с. Бұл әлі соңы емес. Ауылға жақын жерде «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған», «Жолбарыс қамал» деген жерлер бар екенін де білдік. Қазақтың жер атын жайдан-жай қоя салмайтынын ескерсек, бұлар да бір саяхатқа жақсы себеп болып тұрған сияқты. Айналдырған төрт ауылға басы осыдан 210 млн жыл бұрын басталатын Юра дәуірі, 4 мың жыл бұрынғы қола дәуірі, үш ғасыр бұрынғы Жоңғар шапқыншылығы дәуірін қамтитын, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енуге лайық, «Киелі Қазақстан» жобасының төрінен түспеуі тиіс бай тарих қалай сыйып жатқанын түсінбеген күйі, әрі екі күнде естіген, көрген, білгенімді қалай қорытам деген уайыммен үйге қайттым. Сапарға себепкер болған, көп тарихи мәліметтер берген Нұржан досыма және Борлысай мектебінің ұстазы Теміржанов Жандос ағаға үлкен алғыс!
Ғалымжан Оразымбет
Ең қызық саяхатым әлі алда