Жобаға жан бітіретін жүйе: краудфандинг қалай жұмыс істейді?
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Краудфандинг (crowdfunding) – бір идеяға сенген көпшіліктің шағын үлестерін қосып, үлкен жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қаржыландыру тетігі. Бұл – қарапайым адамдардың ынтымақтастығы арқылы бастамаларға жол ашатын жаңа дәуірдің құбылысы. Қарапайым тілмен айтқанда, краудфандинг – «қауымдық қаржыландыру», яғни интернет алаңы арқылы мыңдаған адам өз еркімен қаржы қосып, бір ойдың іске асуына үлес қосады.
Краудфандингтің қазіргі заманғы үлгісі 2000-жылдардың соңында қалыптасты. Сол кезеңде интернеттің дамуы, әлеуметтік желілердің күшеюі мен онлайн-төлем жүйелерінің жетілуі жаңа мүмкіндіктер ашты. Әлемге әйгілі Kickstarter платформасы 2009 жылы іске қосылып, жаһандық деңгейде краудфандингтің кең таралуына жол салды. Бүгінге дейін бұл алаңда 24 миллионнан астам қолданушы 277 мыңнан аса жобаны қолдаған. Жобаларға жиналған жалпы қаражат көлемі – 8,7 млрд АҚШ доллары. Мұндай көрсеткіш краудфандингтің халық арасында қаншалықты сенімге ие болғанын дәлелдейді.
Kickstarter-ден бір жыл бұрын құрылған Indiegogo платформасы да үлкен беделге ие. 2008 жылы жұмысын бастаған бұл алаң бүгінде түрлі бағыттағы жобаларды қамтып, 2025 жылға қарай 800 мыңнан астам кампанияға 2 млрд АҚШ долларынан астам қаражат жинай алды. Indiegogo-ның ерекшелігі – ол тек шығармашылық жобалармен шектелмей, технологиялық стартаптардан бастап, әлеуметтік бастамаларға дейін қолдау көрсететін әмбебап сипатқа ие.
Әрине, краудфандинг тек осы екі алып платформамен шектелмейді. Қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде жүздеген онлайн-алаңдар жұмыс істеп тұр. Олардың кейбірі белгілі бір салаға маманданған: мысалы, мәдениет пен өнерге бағытталғандары бар, әлеуметтік кәсіпкерлікке не экологиялық жобаларға арналғандары бар. Бұл әртүрлілік краудфандингтің әмбебап құбылыс екенін және қоғамның түрлі қажеттіліктерін өтеуге бейімделгенін көрсетеді.
Зерттеулер бойынша, жаһандық краудфандинг нарығының көлемі 2024 жылы 18,4 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал сарапшылардың болжамынша, 2033 жылға қарай бұл көрсеткіш 46,4 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін. Мұндай динамика краудфандингтің қаржы әлемінде қаншалықты қарқынмен өсіп жатқанын айғақтап, оның болашақта дәстүрлі қаржыландыру жүйесінің маңызды баламасына айналатынын аңғартады.
Краудфандинг деген не?
Краудфандинг – қаражат жинаудың заманауи тетігі. Ол әртүрлі мақсаттарға қолданылады: бірде әлеуметтік жобаға демеу болады, енді бірде инновациялық өнімді нарыққа шығаруға жол ашады. Сарапшылар әдетте краудфандингтің төрт негізгі үлгісін ажыратады:
- Донорлық краудфандинг
Бұл үлгі ең әуелі қайырымдылық пен әлеуметтік қолдауға бағытталған. Қатысушылар өз қаржысын толықтай ерікті түрде береді, ешқандай материалдық пайда күтпейді. Мұндай кампанияларда қоғам үшін маңызды істер шешіледі: науқас балаларға көмек көрсету, табиғи апаттан зардап шеккендерге жәрдем ұйымдастыру, әлеуметтік науқандарды қаржыландыру. Қазақстандағы Start-Time.kz платформасы көбіне дәл осы санаттағы жобаларды қолдап келеді. Оның басты ерекшелігі – азаматтық қоғамды белсенділікке шақыруы.
- Инвестициялық краудфандинг
Бұл – жобаға үлескер немесе инвестор ретінде қатысу үлгісі. Қолдаушылар стартаптың акциясын сатып алады немесе болашақтағы табысқа ортақтасу құқығына ие болады. Әлемде мұндай платформалар мыңдаған шағын инвесторды стартаптарға серіктес етті. Мысалы, АҚШ-тағы AngelList, Ұлыбританиядағы Crowdcube осындай алаңдардың қатарында. Қазақстанда да Астана халықаралық қаржы орталығының аясында iKapitalist, GoCrowd сияқты краудинвестинг платформалары жұмыс істейді. АҚШ-та JOBS Act (2012) қабылданғаннан кейін бұл үлгі заңды мәртебеге ие болып, жаһандық трендке айналды.
- Қарыздық краудфандинг (краудлендинг)
Бұл үлгіде адамдар бір жобаға қарыз түрінде қаржы береді. Белгілі бір уақыт өткен соң жоба иесі бұл соманы пайызымен қайтарады. Яғни банктен тыс, қауым арқылы несие алудың жаңа жолы. Әлемде мұндай қызметті LendingClub, Zopa сияқты P2P (peer-to-peer) платформалар көрсетеді. Қазақстанда да соңғы жылдары краудлендингке маманданған лицензияланған платформалар шыға бастады. Ол әсіресе шағын және орта бизнеске банктен тыс қаржы табудың тиімді құралына айналып отыр.
Әр үлгінің өзіндік артықшылықтары мен тәуекелдері бар. Бірінде қолдаушыға ешқандай қайтарым берілмейді, екіншісінде сыйлық ұсынылады, үшіншісінде инвестор табысқа ортақтасады немесе қарызға үстеме пайыз алады. Дегенмен олардың бәрін біріктіретін ортақ тұс бар – бұл интернет арқылы көпшіліктің күшін жұмылдырып, идеяны қаржыландыру. Осы ерекшелігі краудфандингті дәстүрлі инвестициялау тетіктерінен даралап, оған жаңа сипат берді.
Әлемдегі краудфандинг: жетістіктері мен мүмкіндіктері
Краудфандингті енді бір саланың шеңберінде ғана қарастыруға болмайды. Ол жаһандық қаржы экожүйесінің толыққанды бөлігіне айналып отыр. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар шығармашылық идеяларды, бизнес-жоспарларды немесе технологиялық стартаптарды қолдауға тікелей қатысып жүр.
Ең алдымен, көзге түсетін екі ірі платформа – Kickstarter мен Indiegogo. Бұл алаңдар миллиондаған адамның арманына қанат бітірді. Kickstarter, негізінен, шығармашылық пен инновациялық жобаларға бағытталған. 2025 жылғы ресми дерекке сүйенсек, платформа арқылы тартылған қаражат көлемі 8,5 млрд АҚШ долларынан асқан. Қаржыландырылған жобалардың саны 272 мыңнан жоғары.
Алайда бұл көрсеткіштердің өзіне тән қыры бар: Kickstarter-дегі жобалардың шамамен 39%-ы ғана межелеген сомасын толық жинайды. Яғни әр он жобаның төртеуі ғана толық қаржыландыруға қол жеткізеді. Бұл бір жағынан краудфандингтің үлкен мүмкіндік екенін көрсетсе, екінші жағынан оның тәуекелге толы екенін де дәлелдейді. Идеяның табысты болуы үшін жақсы дайындық, сенімді презентация және аудиториямен дұрыс жұмыс қажет.
Indiegogo платформасы да бүгінгі таңда әлемдік краудфандинг экожүйесінде айрықша орынға ие. Ол тек технологиялық жаңалықтар мен гаджеттерді ғана емес, әлеуметтік сипаттағы кампанияларды да қолдауға мүмкіндік береді. Осы арқылы әртүрлі бағыттағы идеяларға қаржы тартылып, олардың жүзеге асуына жол ашылды.
2025 жылға қарай Indiegogo-де іске қосылған кампаниялар саны 800 мыңнан асып, жиналған жалпы қаражат көлемі 2 млрд АҚШ доллардан көп болды. Бұл көрсеткіш платформаның ауқымын ғана емес, сонымен бірге оған деген сенім мен сұраныстың жоғары екенін айғақтайды.
Indiegogo-ның басты ерекшелігі – оның икемді модельінде. Мұнда авторлар жобасын іске асыру үшін қажет соманы толық жинай алмаса да, қолдаушылардан түскен қаражатты алуына болады. Бұл жүйе Flexible Funding деп аталады. Ал Kickstarter платформасында керісінше, “All-or-Nothing” (бәрі немесе ештеңе) қағидасы жұмыс істейді: егер жоба межелеген қаржыға жете алмаса, жиналған қаражат қолдаушыларға қайтарылады.
Осы айырмашылықтың арқасында Indiegogo авторларға стратегиясын таңдауда көбірек еркіндік береді. Мысалы, өнімін әзірлеу үшін кез келген көлемдегі қаражатты пайдалы деп санайтын кәсіпкер Indiegogo-ны таңдайды. Ал толық қаржысыз жобасын бастай алмайтындар үшін Kickstarter тиімдірек болуы мүмкін.
Жаһандық краудфандинг кеңістігіндегі рекордтар
Краудфандинг тарихында талай таңғаларлық табыстар тіркелді. Олардың ішіндегі ең әйгілісі – америкалық фэнтези жазушысы Брэндон Сандерсонның 2022 жылғы кампаниясы. Автор төрт жаңа романын өз күшімен шығару үшін Kickstarter-де науқан бастады. Нәтижесінде небәрі 35 минутта 1 миллион доллар жиналды. Бір айдың ішінде бұл сома 41,7 млн АҚШ долларына жетіп, 185 мыңнан астам адам қолдау көрсетті. Бұл көрсеткіш Guinness рекордтар кітабына еніп, краудфандинг тарихындағы ең ауқымды жетістік ретінде тіркелді.
Kickstarter-де бұған дейін де миллиондаған доллар жинаған жобалар бар еді. Мәселен, Pebble ақылды сағаты, Coolest Cooler атты инновациялық салқындатқыш және Frosthaven үстел ойыны сынды жобалар әрқайсысы 10–20 млн доллардан астам қаражат жинап, платформаның ең танымал кампаниялары қатарына кірді.
Indiegogo-де де рекордтар аз емес. 2015 жылы Flow Hive атты ерекше ара ұясы жобасы қысқа уақытта 12 млн доллардан астам қаржы тартып, платформаның абсолютті рекордын орнатты. Бұл жоба бал шаруашылығында жаңа технология енгізудің айқын мысалына айналды.
Бұл деректер қарапайым адамдардың қолдауы арқылы ірі идеялардың шындыққа айналатынын дәлелдейді. Бірі жаңа технологияны өмірге әкелсе, енді бірі әдебиет пен өнердің дамуына жол ашты.
Краудфандинг тек коммерциялық өнімдер үшін ғана емес, мәдениет пен шығармашылықтың да серпінді дамуына ықпал етті. Әлемде көптеген музыкалық альбомдар мен фильмдер халықтық қаржыландырудың арқасында жарық көрді. Журналистика саласында да тәуелсіз авторлар оқырман қауымнан қолдау алып, терең зерттеу мақалаларын жариялап жүр. Бұған мысал ретінде Patreon платформасын айтуға болады: онда журналистер мен жазушыларға ай сайын тұрақты түрде мыңдаған адам қаржылай демеу көрсетеді.
Ал әлеуметтік бағыттағы жобалар үшін GoFundMe алаңының орны бөлек. Бұл донорлық платформада жыл сайын миллиондаған адам медициналық шығындарды жабу, білім ақысын төлеу немесе қайырымдылық ісіне қаржы жинайды. Табиғи апаттар кезінде немесе қайғылы жағдайға тап болған жандар үшін GoFundMe-де небәрі бірнеше күн ішінде миллиондаған доллар жиналып жатқан мысалдар көптеп кездеседі.
Яғни краудфандингтің күші – идеяны қолдаушылардың сенімі мен ынтымағында. Ол бизнеске де, өнерге де, журналистика мен қайырымдылыққа да серпін беріп отыр.
Жаһандық трендтер
Қазіргі замандағы жаһандық трендтер краудфандингтің қарқынды өсуін айқын көрсетіп отыр. Цифрлық технологиялардың дамуы, әлеуметтік желілердің кеңеюі және онлайн-төлем инфрақұрылымының жетілуі – осының бәрі халықтық қаржыландыруды бұрын-соңды болмаған деңгейде қолжетімді етті. Енді кез келген автор өзінің идеясын мыңдаған, тіпті миллиондаған аудиторияға таныстырып, қысқа уақыттың ішінде қолдаушыларын таба алады.
Интернет қолданушыларының көбеюі бұл мүмкіндікті одан сайын күшейтті. Егер бұған дейін жоба таныстырылымы белгілі бір қала немесе елдің шеңберінен аспаса, қазір бір бейнеролик әлеуметтік желілер арқылы бүкіл әлемге таралып, бірнеше күнде мыңдаған адамнан қаражат жиналуы мүмкін. Жаһандану дәуірінде шекара атаулы шартты ғана ұғымға айналды.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары краудфандинг нарығы одан әрі өсіп, инвестицияның демократиялануына ерекше үлес қоспақ. Яғни бұрын тек венчурлік қорлар немесе банктер айналысатын қаржыландыру ісіне енді қарапайым азаматтар да араласа алады. Бұл үрдіс бір жағынан инвестицияға қатысуды жеңілдетсе, екінші жағынан қоғам мүшелерінің қаржыға деген көзқарасын өзгертуде.
Осылайша, краудфандинг шығармашыл адамдарға, стартап иелеріне және әлеуметтік бастамашыларға жаңа көкжиектер ашып отыр. Ал қарапайым инвесторлар үшін бұл – аз қаражатпен-ақ үлкен идеяның бір бөлшегіне айналып, қоғам дамуына үлес қосу мүмкіндігі. Нәтижесінде краудфандинг бизнес үшін де, қоғам үшін де ортақ жауапкершілік пен ынтымақтастықтың заманауи үлгісін қалыптастыруда.
Қазақстандағы краудфандинг
Қазақстанда краудфандинг ұғымы соңғы жылдары ғана кеңінен айтыла бастады. Дегенмен оның түпкі мәні – халықтың бір іске жұмылып, ортақ қолдау көрсетуі – қазақ қоғамына мүлдем жат емес. Біздің дәстүрімізде бұған ең жақын ұғым – “асар”. Асарда ауыл-аймақ бірігіп, бір отбасының үйін салып беретін немесе қиын жағдайға тап болған жанға қол ұшын созатын. Яғни бірліктің күшімен мәселе шешілетін.
Қазіргі краудфандинг осы дәстүрдің заманауи үлгісі іспетті. Айырмашылығы – енді бұл процесс тек бір ауылдың немесе өңірдің аясында ғана емес, интернеттің көмегімен бүкіл елге, тіпті әлемге қолжетімді. Қазір жоба бастамашысы онлайн-платформада өз идеясын жариялап, қаржылай қолдауды Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті шетелден де қабылдай алады.
Осылайша, қазақтың асар дәстүрі бүгінгі күнде жаңа сипатқа ие болды: бұрын қол еңбегімен үй тұрғызса, енді интернет арқылы қаржы жиналып, әлеуметтік бастамаға немесе инновациялық жобаға жан бітіруде. Бұл құбылыс қоғамдағы ынтымақтастық пен сенім мәдениетінің жаңа арнасын ашып отыр.
Қазақстандағы алғашқы краудфандинг қадамдары
Елімізде краудфандингке алғашқы қадамдар 2010 жылдардың ортасында жасалды. Ол кезде бірқатар энтузиаст ІТ мамандар арнайы платформалар құрып көргенімен, көпшілігі ұзақ өмір сүре алмады. Сарапшылардың айтуынша, негізгі себеп – маркетингтің жеткіліксіздігі мен аудиторияның дайын еместігі. Халық краудфандингтің не екенін жете түсінбеді, ал авторлар өз жобаларын дұрыс таныстырып, жұртшылықты қызықтыра алмады. Нәтижесінде 2016–2017 жылдары ашылған бірнеше алаң жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
Дегенмен дәл осы кезеңде, 2017 жылы іске қосылған Start-Time.kz платформасы жаңа серпін берді. Бүгінде қазақстандықтар краудфандинг десе ең алдымен осы алаңды еске алады. Start-Time өзінің бағытын айқын таңдады – ол негізінен әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға маманданған. Бұл оның көпшілікке тезірек танылуына да себеп болды.
Платформаның негізін қалаған – журналистік және продюсерлік тәжірибесі бар Азиза Өтегенова. Оның айтуынша, алғашқы жылдары ең басты міндет тек жоба қабылдау емес, халыққа краудфандинг мәдениетін түсіндіру болды. Сол үшін Өтегенова университеттерде, түрлі шараларда лекциялар оқып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы краудфандингтің мәнін кеңінен насихаттауға тырысты.
Бұл еңбектің нәтижесі көп күттірмеді. 2019 жылы Алматыдағы “Артишок” театры Start-Time алаңында даму жобасын жариялап, қысқа уақыт ішінде 4 млн теңге жинады. Бұл оқиға қазақ медиасында кеңінен талқыланып, телеарналар мен газеттерде жарық көрді. Дәл осы сәттен бастап краудфандинг ұғымы қалың көпшілікке етене таныс бола бастады.
Start-Time-нің табысы – тек қаржы жинау ғана емес, қоғамның жаңа мәдениетке қадам басқанының көрінісі еді. Бұл алаң қазақстандықтарға «бірігіп қолдау көрсету арқылы кез келген идеяға өмір сыйлауға болады» деген ойды алғаш рет нақты мысалмен дәлелдеп берді.
Start-Time.kz іске қосылған алғашқы үш жылда (2017–2020 жж.) платформаға 900-ден аса өтінім түсті. Солардың шамамен 120-сы іріктеліп, сайтта жарияланды. Бұл кезең Қазақстандағы краудфандинг мәдениетінің қалыптасу уақыты болды. Платформа біртіндеп танымал болып, әртүрлі саладағы жобалар халық тарапынан қолдау тапты.
2020 жылдың басына қарай Start-Time арқылы жиналған қаражаттың жалпы сомасы 60 млн теңгеге жуықтады. Бұл көрсеткіш – халықтың жаңа қаржыландыру моделіне бейімделіп, сенім білдіре бастағанының айқын дәлелі.
Кейбір жобалар қысқа мерзім ішінде-ақ қажетті соманы толық жинап, көпшілікті таңқалдырды.
- Арыс қаласындағы жарылыс кезінде зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін ашылған науқан бір тәулікте 2,7 млн теңге жинады. Бұл жағдай краудфандингтің шұғыл әрі тиімді көмек құралы бола алатынын көрсетті.
- Атыраудағы балықтардың жаппай қырылуын зерттейтін экспедицияға небәрі 30 минут ішінде 580 мың теңге жиналды. Мұндай жедел қолдау қоғамда экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтардың көп екенін дәлелдеді.
- Алматыдағы жас стартапшының «Процедуралық көлік» (жылжымалы медпункт) жобасы Start-Time арқылы 500 мың теңге тартып, ЭКГ аппаратына қол жеткізді. Ең қызығы, бұл жаңалықты естіген жеке медициналық компания жобаны қосымша қолдап, краудфандингтен тыс тағы 6 млн теңгенің құрал-жабдығын сыйға тартты. Бұл оқиға краудфандингтің жанама түрде ірі демеушілердің де назарын аударта алатынын көрсетті.
- Табиғатты қорғау бағытындағы бастамалар да назардан тыс қалмады. Қазақстандағы жыландарды сақтау жобасы Start-Time арқылы қаржы жинап, кейіннен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) назарын аударды. Нәтижесінде бастама кеңейіп, «Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру» атты ірі экологиялық жобаға ұласты. Бұл бағдарлама аясында алдағы бес жыл ішінде Қазақстан аумағына жолбарыстарды әкелу көзделіп отыр.
Бұл мысалдардың әрқайсысы краудфандингтің қоғам үшін қаншалықты жедел, тиімді әрі ықпалды құралға айналып келе жатқанын дәлелдейді. Start-Time тек қаражат жинау алаңы емес, сонымен бірге азаматтық белсенділікті арттыратын платформаға айналды.
Қазақстандағы краудфандингтің жаңа кезеңі
Бүгінде Start-Time.kz платформасы шағын ғана команда – бар болғаны үш адамнан тұратын топтың күшімен жұмыс істеп келеді. Коммерциялық пайдасы да мардымсыз: қайырымдылық жобалардан – 2%, әлеуметтік жобалардан – 5% комиссия ұстайды. Коммерциялық стартаптар мұнда қабылданбайды, әрбір жобаға ерікті кураторлар тегін көмек көрсетеді. Платформаның негізін қалаушы Азиза Өтегенованың айтуынша, Start-Time әзірге тек бір ірі демеуші компанияның қолдауымен өмір сүріп отыр. Кеңсе жалдап, үлкен штат ұстауға табыс жетпейді. Яғни Start-Time-нің өзі де бір жағынан қайырымдылық сипатындағы жоба деуге болады.
Бұл – Қазақстандағы краудфандингтің қалыптасу кезеңінде заңды құбылыс. Өйткені алғашқы жылдары қаржы тапшылығы, аудиторияның дайын еместігі сияқты қиындықтар сөзсіз болды. Дегенмен соңғы жылдары жағдай біртіндеп өзгеріп келеді: халық краудфандингті танып-біліп, белсенділік арта түсті. Әлеуметтік жобалармен қатар, енді бизнеске инвестиция тартуға арналған краудфандингтің жаңа түрлері пайда бола бастады.
Инвестициялық және қарыздық платформалар
2020 жылдан бастап Қазақстанда краудфандингтің жаңа сегменті – инвестициялық және қарыздық (краудлендинг) платформалар дами бастады. Бұл үрдіс негізінен Астана халықаралық қаржы орталығы (AIFC) алаңында жүрді. Дәл сол жылы елімізде алғашқы инвестицияға негізделген краудфандинг платформасы ресми түрде іске қосылды.
2023 жылдың ортасына дейін Қазақстанда шамамен 200 жоба краудфандинг арқылы қаржыландырылып, жалпы сомасы 12 млрд теңгеден астам қаражат жиналды. Бүгінде ресми тіркелген және лицензияланған төрт негізгі платформа бар:
- iKapitalist – шағын және орта бизнеске инвестиция тартуға маманданған;
- Proportunity – жылжымайтын мүлік жобаларына бағытталған алғашқы алаң;
- InvestRoom – өсіп келе жатқан компаниялардың айналым капиталын толықтыруға көмектеседі (маркетплейс жеткізушілерін, тендер ұтқан кәсіпорындарды қаржыландырады);
- GoCrowd – ең жас әрі толық лицензиясы бар платформа. Ол краудлендинг пен краудинвестингті біріктіріп, негізінен стартап жобаларды қаржыландырады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл алаңдар бір-бірімен қатты бәсекелеспейді, өйткені әрқайсысы өз нишасын тапқан.
Қаржылық реттеу және өсім динамикасы
AIFC құрамындағы қаржылық реттеуші – AFSA (Astana Financial Services Authority) 2020 жылдан бері осы платформаларды арнайы құқықтық ортада бақылап келеді. Алғашқыда олар FinTech Lab аясында тестілік режимде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды.
Статистикаға назар аударсақ:
- 2020 жылы краудфандинг арқылы 690 млн теңге тартылса,
- 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,8 млрд теңгеге жетті (+457%).
- 2022 жылы сәл төмендеп, 3,4 млрд теңге болды.
- 2023 жылдың қаңтар–сәуірінде бір ғана төрт айда өткен жылдың 75%-ына тең сома жиналып, жыл соңына қарай рекордтық өсім күтілді.
Бұл серпін кездейсоқ емес. Сарапшылар мұны бірнеше факторға байланыстырады:
- COVID-19 пандемиясы мен 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде банктер несие беруді шектеп, кәсіпкерлер балама қаржы көздерін іздеуге мәжбүр болды;
- дәстүрлі қор нарығында табыстылық төмендеді (мысалы, 2022 жылы KASE индексі –11,5%, АҚШ-тағы S&P 500 –19% құлады);
- осы кезде краудфандинг платформалары инвесторларға 20–30% жылдық табыс ұсынды. Бұл жеке инвесторлардың қызығушылығын айтарлықтай арттырды.
AIFC дерегінше, 2023 жылдың үшінші тоқсанына дейінгі кезеңде краудфандинг платформалары арқылы Қазақстанда 300-ден астам жобаға шамамен 35 млн АҚШ долларына (шамамен 16 млрд теңге) қаржы құйылды.
Қаржыландырылған жобалар IT, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, өндіруші өнеркәсіп, машина жасау сияқты экономиканың түрлі секторларын қамтиды. Бұл – краудфандингтің елімізде тек стартаптар мен әлеуметтік шаралар үшін емес, кәдімгі бизнес үшін де қосымша инвестиция тартудың маңызды құралына айналғанының айғағы.

