Жаңалықтар

Жоғары білімнің қалыптасу тарихы

Жоғары білім сатысының бөлінуі б.з.д. бірнеше мың жыл бұрын Ежелгі Шығыстан басталады.
05.06.2015 10:26 19074

Салыстырмалы түрде алғашқы университеттер шығыста пайда болған. 988 жылы Египеттің астанасы болып табылатын Каирде әл-Асқар мешітінде Фатимидтер әл-Асқар университетін құрды. Ол бүгінгі таңда ең ескі рухани-мұсылмандық академия болып табылады. 1961 жылы Насер университетті реформалап, медицина, ауыл шаруашылығы және т.с.с. зайырлы факультеттерді қосты.

Б.з.д. V-III ғасырларда  эллинизм дәуірінде Александрияда философия, филология, медицина және математиканы ғылыми дифференциацияға байланысты жеке-жеке қарастыратын жоғары деңгейдегі мектептер ашыла бастады.

Ежелгі Грекия философтары жастарға білім, соның ішінде жоғары білім беру жүйесін жасауға көп көңіл бөлді. Платон (б.з.д. 428—348)  аристократтық жастарға арналған білім берудің 3 деңгейлі жүйесін жасап шығарып, оның үшінші сатысын ерекше атап көрсетті. Бұл деңгейде оқитын балалардың ойлау қабілеті өте жоғары болды, олар пәнді зерттегенде қолданбалы мағынада емес, философиялық тұрғыдан қарастырды (мысалы, астрономияны мұхитта жүзу үшін емес, аспан әлемінің шексіздігі жөнінде ойлау үшін пайдаланды). Бұл деңгейді бітіріп (30 жаста), өзінің ерекше философиялық талантымен көзге түскендер ары қарай өз білімдерін 35 жасқа дейін жалғастырып, ел басқаруға дайындалды. Үшінші жүйенің болуын б.з.д. ІІІ ғасырда өмір сүрген Аристотель да қолдады. Оның ойынша, адамдардың ойлау қабілетін тереңдетуге, дамытуға үшінші деңгейдің пайдасы өте көп.

Білім беру жүйесін деңгей-деңгейге бөлу осы күнге дейін сақталған. Ғылымның, техниканың және мәдениеттің дамуымен ол деңгейлердің аттары өзгеріп, аралық деңгейлер қосылды, білім берудің мазмұны өзгеріп білім беру ғылыми тұрғыдан дамыды. Дегенмен біздің түсінігіміздегі жоғары білім орта ғасырда қалыптаса бастады. XI-XII ғасырларда алғашқы зайырлы жоғары мектептер пайда болды. Ол мектептерде оқу және ғылыми жұмыс бірыңғай оқу процесіне бірікті және оқу тек теорияға ғана емес, қолданбалы зерттеулерге, түрлі бақылауларға негізделді. Алғашқы зайырлы медициналық мектеп XI ғасырда Италияның Салерно қаласында ашылды.

XIІ- XIІІ ғасырларда Еуропаны әртүрлі елдерінде (Италия, Испания, Франция, Англия) алғашқы Университеттер ашыла бастады. Ағылшын тілдес әлемнің ең ескі және Ұлыбританияның ең бірінші университеті – Оксфорд университеті  – 1117 жылы қасиетті отанын қорғаушыларға білім беру мақсатында құрылды. ІІ Генрих кезінде Оксфорд таза университеттік қалаға айналды, уақыт өте келе университеттік білім жағдайы жақсы адамдар үшін міндетті білімге айналды.

КСРО территориясында (қазіргі шекарамен) жоғары деңгейде білімнің қалыптасуында грузиндік «Жоғары риторика мектебі» (ІV ғ.) және де XІ-XІІ ғасырда құрылған академиялар (Гелато, Икалти және т.б.) үлкен рөл ойнады. Гелати академиясы зайырлы білім берудің ортасы болды – ол жерде арифметика, геометрия, астрономия, философия, грамматика, риторика, музыка оқытылды.

1348 жылы Прагада алғашқы славяндық университет пайда болды. Ортағасырлық университеттер 5-6 мерзім білім беретін 3 факультеттен тұрды: діни, медициналық және құқықтық. 1530 жылы жұмыс істеген 62 университет бүгінде де жұмыс істеуде.

Ортағасырларда жоғары білім схоластикаға бағынып, құдайдың бар екені негіздеп, дінді насихаттады. Жоғары білімнің шіркеу ықпалынан, схоластикадан бостандық алуына Қайта өрлеу дәуіріндегі математика, астрономия, механика және медицина саласындағы ашылған ғылыми жаңалықтар (Леонардо да Винчи, Н.Коперник, И.Кеплер, Г.Галилей, Р.Декарт, И.Ньютон, Г.Лейбниц) әсер етті. Схоластика мектебі ағылшын философы Ф.Бэкон тарапынан қатаң сынға ұшырады.

Витторино да Фельтре, Эразм Роттердамский, Л. Вивес, Ф. Рабле, М. Монтень педагогтар, гуманист-жазушылар католик шіркеуінің тәрбие мен білімді монополизациялауына, схоластикалық білім беруге қарсы болып, жастардың бойында өзіндік ойлау, есте сақтау қабілетін, табиғат заңдарын саналы түрде оқуды дамыту принциптеріне негізделген білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін ұсынды. Дәл осы кезде ғылымның дифференциациясы қатар дамыды. Математикада – арифметика, алгебра, тригонометрия; физикада - оптика, механика, магнетизм жөніндегі оқулар; биологияда – зоология мен ботаника ерекшелене бастады. Білім мен ғылымның жаппай тарауына қағаз басудың ойлап табылуы (V ғ.) үлкен әсер берді. Университеттер мен академияларда педагогикалық процесс дами бастады, тәжірибе барған сайын артып, эксперимент кеңінен қолданыла бастады.

ХVІІ ғасырда зертханалар құрыла бастады, ғылыми зерттеу мен білім берудің бостандығы жарияланды, осы арқылы ғалымдар схоластикадан кете алды. Алғашқы мемлекеттік ғылыми академиялар (Англияда, Францияда, Германияда) ұйымдастырылды, ғылыми журналдар жүйелі түрде шығатын болды. Сауаттандыру дәуірінде астрономия, физика, физиология және осы секілді ғылымның өзге де салаларында ашылған жаңалықтар табиғи ғылымдарға деген қызығушылықтың артуына себепші болды.

17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырдың басында техниканың, тау-кен ісінің, теңізде жүзу мен сауданың дамуы, ірі буржуазиялық-дворяндық мемлекеттің «өзіне қызмет жасайтын адамдарды» дайындауға ұмтылуы Ресейдегі жоғары білімнің дамуының алғышарты болды. 1925 жылы Петербургте Ғылым академиясы және оның құрамында Академиялық университет пен гимназияның негізі қаланды. Ресейдегі жоғары білімнің дамуында М.В.Ломоносовтың үлесі мол болды. Ол шіркеулік-схоластикалық білім беруді математика, физика сияқты табиғи ғылымдарға негізделген зайырлы ғылымды дамытуға тырысты. Ломоносов 1755 жылы құрылған Мәскеу университетінің ұйымдастыру құрылымын, оқу жоспары мен бағдарламасын жасап береді.

18 ғасырдың 2-жартысында Англияда және өзге де елдерде капитализмнің мануфактуралық түрінен фабрикалық жүйеге көшу жоғары техникалық білімнің дамуының алғышарты болды. ХІХ ғасырдың аяғынан бастап жаппай ғылыми жаңалықтардың ашылуы қоғам алдындағы ғылымның, жоғары білімнің беделін одан жоғары көтеріп, ғылымға қызығушылық артып, мемлекет тарапынан қолдау күшейді.

Орта ғасырларда университет пен академиялардағы жоғары білім тек байларға ғана қолжетімді болса, ХХ ғасырдың басынан бастап жоғары білім көпшілік қауымға қолжетімді болып, жоғары білім алушылардың саны күн санап өсті. 

1966 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі Халықаралық пактісінде жоғары білім алуға деген құқыққа кепілдеме берді.

ХХ ғасырдың 60-жылдары интернет желісінің пайда болуымен жоғары білімнің дамуы жаңа қарқын ала бастады, жаһандық білім әртүрлі елдердегі студенттердің еркін байланысуына, шексіз ақпарат ағымына ие болуға және т.б. сансыз мүмкіндіктерге жол ашты. Интернет жаһандану, интеграциялану процесін сан мыңдаған есе жиілетіп жіберді. Осы нәрсенің арқасында қашықтықтан оқу барынша сапалы және қолжетімді білім алу түріне көшті.

Қазақстандағы жоғары білімнің пайда болуын Кеңес билігімен тікелей байланысты, себебі оған дейін еліміздің білім жүйесі медресе және училищелерден тұрды. Кеңес режимінің сөзсіз жетістіктерінің бірі – білім жүйесін дамыту және сауатсыздықпен күрес. КСРО сауатсыздықты толықтай жойған жалғыз мемлекет. Кеңес кезіндегі Қазақстанда жоғары білім өте үлкен қарқынмен дамыды. 1926 жылы Ташкент жоғары педагогикалық институтында Қазақ факультеті ашылды. 1928 факультет Алматыға ауыстырылып, Қазақ мемлекеттік университеті болып құрылымы өзгерді. Екі жылдан кейін Қазақ педагогикалық университеті болып өзгеріп, 1935 жылы Абай Құнанбаев аты берілді. Осыдан кейін Орал мен Қызылордада біршама педагогикалық институттар ашылды. 1929 жылы Алматыда алғашқы зооветеринарлық институт ашылса, 1930 жылы ауылшаруашылық институты ашылды. 1934 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) ашылуы Қазақстандағы жоғары білімнің дамуының жаңа деңгейіне көшуді бастады.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында Қазақстанда 20 жоғары оқу орны, 118 орта арнаулы оқу орны жұмыс істеп, оларда 40 мың адам оқыды. Орта арнаулы оқу орындарына техникумдар, қарапайым мамандықтарды оқытатын колледждер кірді. Бұл кезде елдегі еңбек етуге қабілеті бар жастар толықтай жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейі өте төмен болды, оған қоса жұмыссыздармен күресетін арнайы заң да болды, бұл заң 1991 жылы өзінің заңды күшін жоғалтып, ары қарай «Халықты жұмыспен қамту» заңымен ауыстырылды, бұрынғыдай бос жүргені үшін ешкімді қылмыстық жазаға тартпайтын болды. Бұл заң өз кезінде функциясын өте жақсы атқарды, болашақта атқаруы да мүмкін еді, бірақ адамдарды күштеп жұмыс істету еліміздің жаңа саяси-экономикалық жүйесіне сай келмеді. Мұнда «кім жұмыс істейді ақша табады, кім істемейді аш қалады», бұл нарықтық экономиканың жабайы заңы.

1951 жылы республикадағы ЖОО-ларды басқаруды орталықтандыру мақсатында мемлекеттік комитет құрылып, кейіннен Қазақстанның Жоғары және орта арнаулы білім беру министрлігіне айналды. ЖОО-ның саны күннен-күнге өсіп жатты. Егер де 50 жылдары жоғары оқу орындарының саны 26 болса, 1980 жылы олардың саны 55-ке жетіп, оларда оқитындардың саны 250 мың адамды құрады.

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның білім жүйесі қатты өзгеріске ұшырады, институционалды тұрғыдан да, заңдық және қаржылық-шаруашылық тұрғыдан да. Бұрынғы Кеңес кезіндегі көптеген университеттермен байланыстың үзілуі, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, «ақыл-ой» сарқылуы, ЖОО-лардың құнды болып табылатын ғылыми-оқу базасының жоғалтуы Қазақстанның жоғары мектебінің ыдырауы қарсаңына алып келді. Осы кезде елімізден көптеген білікті мамандар, кадрлар кетіп қалды, мемлекеттен бөлінетін дотациялар бірден қысқарды, университетті аман сақтап қалу мәселесі күн тәртібінде тұрды. Осылайша білім жүйесінің инфрақұрылымы қатты өзгерді. Алайда уақыт өте аталмыш мәселелердің көбі жүйелі түрде шешімін тапты. 


Дәурен Омаров

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға