Жаңалықтар

Жоғары білім саласынындағы мемлекеттік саясаттың теориялық-методологиялық аспектілері

Жоғары білім саласындағы саясаттың негізін ашу үшін ең алдымен осы түсініктерді ашатын «білім», «саясат», «жоғары білім», «мемлекеттік саясат» деген сияқты ұғымдарға тоқталу қажет.
05.06.2015 09:56 9634

Жоғары білім саласындағы саясаттың негізін ашу үшін ең алдымен осы түсініктерді ашатын «білім», «саясат», «жоғары білім», «мемлекеттік саясат» деген сияқты ұғымдарға тоқталу қажет. Саясат қоғамның құрамдас бөлігі. «Саясат» сөзі қоғамдағы билеу-бағыну, билікті жаулап алу, ұстап тұру, сақтау қатынастарымен байланысқан әлеуметтік өмір мен тіршілік сферасы. Осылайша, саяси іс-әрекет түрлі субъектілердің өзгелерге өз ойын, саясатын түрлі амалдар мен тәсілдер, саяси стратегиялар арқылы жүргізуімен сипатталады.

«Білім» ұғымы латынның «educatiо» сөзінен шыққан (ағылшынша «education») және ол тәрбиелеу, өсіру дегенді білдіреді. Орысша «образование» деген түсінік адамның белгілі бір стандарттарға сай білімге ие болуымен сипатталады, яғни осыған ұқсас «образованный» деп білімі бар, сауатты адамды айтады. Мәселен, С.И.Ожегов сөздігіне сүйенетін болсақ білім «арнайы оқу арқылы қабылданатын білімдер жиынтығы». 

Жоғары білім (ағылш. Higher education), жоғары кәсіби білім – үш деңгейлі жүйедегі жалпы орта білім немесе кәсіби білімнен кейінгі кәсіби білімнің жоғары деңгейі және оның жиынтығына кәсіби қызмет жөніндегі теориялық және тәжірибелік тапсырмаларды шешуге мүмкіндік беретін тәжірибелік икемділік пен жүйелендірілген білім кіреді. Жалпы орта білімге қарағанда дамыған мемлекеттердің өзінде жоғары білім жалпыға ортақ емес және тегін емес. 1993 жылғы 10-сәуірдегі «Білім беру туралы» ҚР заңында жоғары білімге мынадйа сипаттама берілген: «Жоғары білім беру Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіндегі аса маңызды құрылымдық буын болып табылады».

Мемлекеттік саясат – белгілі бір салаға, мәселеге қатысты мемлекеттің бүкіл ел аймағында жүргізетін саясаты. Білім саласы елдегі шешуші фактор болғандықтан мемлекеттің назарынан тыс қалып қалуы мүмкін емес.

 Ғалымдардың назарында білім алу мәселесі антикалық кезеңнің өзінде-ақ болған. Ежелгі грек ойшылы Платон ең алғашқы болып өзінің білім беру концепциясын ұсынған. Платонның білім беру туралы түсініктері оның «Мемлекет» деген еңбегінде көрсетілген, мұнда ол білім берудің негізгі мақсаты идеалды мемлекеттің өмір сүруін қамтамасыз ету екендігін көрсеткен. Платондық концепция элитарлық білім беруге негізделеді, яғни оның ойынша кез келген адамға білім беру дұрыс емес, тек қабілетті оқушылар білімді адам болуға лайық.

Платонның шәкірті Аристотель өзінің білім жөніндегі оқуларында келесідей сәттерді бөліп көрсетті: біріншіден, адамдарға білім қоғамдық өмірде өздерінің орнын білу және қабілеттерін дамыту мақсатында берілу керек; екіншіден, мемлекеттің қажеттіліктері мен амандығы жеке индивид құқығынан жоғары тұруы керек; үшіншіден, қоғам кішкентай балаларға адамгершілік құндылықтарын, адамгершілік тәрбиесі элементтерін сіңдіру қажет.

Білім концепциясына ерекше үлес қосқандардың қатарына ортағасырлық ойшылдарды да қосуға болады. Шығыстың көрнекті ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жөніндегі трактат» еңбегінде білім берудің мақсаты ашық ойы бар, керемет мінезі бар тұлғаны қалыптастыру деп атап көрсетіледі.

Ұлы бабамыз Жүсіп Баласағұн «­­Құтты білік» атты еңбегінде: «Мемлекеттік ойлауды қалыптастырудың басты шарты – білім», деп көрсетті. «Әмірші заңдар арқылы мықты бола тұра, ғалымдарсыз елді басқара алмайды», - деген болатын. Профессор А.Қ.Құсайыновтың айтуынша түркі мемлекетінің дамуына Жүсіп Баласағұн еңбегі орасан зор пайдасын тигізді: «Дәл осы Жүсіп Баласағұн заманында Қарахандар әулетінің әміршілері білім алуға жол ашқан соң ғана, түркі мемлекеті әлемнің ең гүлденген әрі мықты мемлекетіне айналды».

1917 жылы билікке келген Коммунистік партия көсемі В.И.Ленин де халықты сауаттандыруға, білім беруге ерекше көңіл бөлген. Өзінің «Кеңес билігінің кезекті тапсырмалары» еңбегінде Владимир Ильич 1918 жылдың өзінде-ақ «Әртүрлі білім саласының мамандарының басқаруынсыз социализмге көшу мүмкін емес» деп айтқан болатын. Бұл саясаттың аяғы немен аяқталғаны бәріне белгілі, КСРО құрамындағы елдер сол кезде әлемде жоқ нәрсені жасады, ол – жаппай сауаттандыру. Қазірдің өзінде барлық ТМД елдері осы бір керемет жетістікті жалғастырып келеді. Халықтың 100 % сауатты болуы әлі күнге де       йін дамыған батыс елдері үшін әлі жете қоймаған үлкен мақсат болып отыр.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген американдық философ Джон Дьюи білім берудің жалпы теориясы ретінде саясатты, білім және ғылымды зерттей отырып білім берудің философиясын ерекшелейді. Бұл өз кезегінде адамның табиғат пен қоғамға қатысты қалыптасуына тікелей әсер етеді. Джон Дьюи білімді өмірлік тәжірибе үдерісі кезіндегі білім мен ақиқатқа ие болу ретінде қарастырды.

«Жоғары білім» термині «орта білімнен кейінгі білім» терминінің баламасы ретінде аз қолданылмайды. Бұл түсінік көптеген елдерде қолданылады. ЮНЕСКО-ның Бас Конференциясысының XXVII сессиясында бекітілген анықтама бойынша, жоғары білімге мемлекеттік билікпен білім берудің жоғары орны ретінде мойындалған, университеттер немесе өзге де оқу орындарымен бекітілген орта білімнен кейінгі деңгейдегі барлық оқу курстары жатады.

Заман өзгерген сайын барлық нәрсе өзгереді, соның ішінде «жоғары білім» термині де өзгеріске ұшырады. Бұл сөз Қазақстанда да өзінше эволюцияға ұшырады. Мәселен, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы «Білім туралы» Заңында «Жоғары білім» толық орта білім негізінде жүзеге асады және орта білім берк мектебінің үшінші сатысы (жоғарғы сатысы) болып табылады. Жоғары оқу орындарының қатарына Қазақстанда университеттер, академиялар, институттар және осыларға теңестірілгендер (консерваториялар, жоғары мектептер, жоғары училищелер) жатады.

Жоғарыда келтірілген анықтамалар барынша кең, ауқымды, жалпылама анықтамалар.Осылармен қатар халықаралық тәжірибеде «жоғары білім» терминінің қысқаша трактовкасы бар. ЮНЕСКО критерийлеріне сәйкес, жоғары білімнің орта білімінен кейінгі білімнен айырмашылығы орта білімді аяқтаған соң міндетті 4-5 жылдық курсты қажет етеді.

   Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясының зерттеушілері бойынша жоғары білімнің екі түрі бар: демеуші білім және инновациялық білім. «Демеуші білім» - жоғары білімнің ескі түрі болса, «инновациялық білім» - жоғары білімнің жаңа түрі болды. «Ескі білімнің» қандай екені айтпаса да белгілі, ал бірақ «жаңа білімге» тоқталатын болсақ, инновациялық білім жүйесі білімді гуманизациялау және гуманитарландыру проблемаларын шешуді талап етеді. Жоғары білімнің жаңа үлгісінің негізгі мақсаты – адамның шығармашылық қуатын сақтау және дамыту. «Инновациялық білім» тек жаңа техника, жаңа өндірісті құралдарды енгізу емес, ол сонымен қатар білім берудің жаңа технологиясын енгізу болып табылады, мәселен, қазір әлем университеттері жаңа кредиттік технологияға көшіп, білім берудің жаңа әдістері пайда болып жатыр. Бұл бір жағынан үлкен жетістік, екінші жағынан толықтай ескі жүйені ұмытып, бәрін жаңадан құрудың да өз кемішілігі жоқ емес. Бұлай ойлауымның себебі, жүйе қаншалықты өзгергенімен сол жүйенің негізі әрдайым қалу керек. Мысалы, біз қаншама ерекше, жаңа, инновациялық әдістерді енгізгенімізбен, сол баяғы білім берудің негізгі механизмі қалу керек. Ұстаз-оқушы принципі өз күшін сақтауы тиіс.                                              

   Жоғары білім мәселелерін қоғамдық-саяси зерттеу айтарлықтай ертеде басталды. ХІХ ғасырдың өзінде-ақ неміс ғалымы И.Ф.Гербарт, американдық философ Л.Уорд және Дж.Дьюи, француз әлеуметтанушысы Э.Дюркгейм және т.б. ғалымдар жоғары білім облысындағы зерттеулермен айналысқан.  

   ХХ ғасырдың 60-70 жылдары «білім дағдарысы» төңірегінде, сол кездегі білім жүйесінің әлсіздігі жөнінде, ғылыми-революциялық даму жағдайындағы білім берудің әдістері мен мазмұны жайында әлемдік деңгейде пікір-талас болды. Білім жүйесін фундаменталды білім беруге ауыстырудың әлеуметтік, әдістік, ұйымдастыраулық мүмкіндіктері зерттеуге арналған әртүрлі әдістер ұсынылды. Әдістік база ретінде ғалымдардың жаһандық мәселелер жөніндегі шығарылған ойлары ескерілді.

   Өткен ғасырдың 70-90 жылдары білім берудің әртүрлі жаңа концепциялары пайда болып, айналымға енгізілді. Олардың ішінде келесідей концепцияларды көрсетуге болады:

   «Үздіксіз білім» концепциясы адамның бүкіл саналы өмір сүруі процесі кезіндегі білім алуына негізделді. Бұл отбасы, мемлекет, мешіттер, түрлі ресурстар және басқалар көмегімен іске асады. Үздіксіз білімнің басты мақсаты – адамның бүкіл ғұмыры бойы жоғары кәсібилік деңгейін ұстап тұру, оны жаңа, техникалық, экологиялық және әлеуметтік  үлкен мәселелер жағдайында өмір сүруге дағдыландыру.

   «Бейбітшілік рухында» концепциясы ядролық немесе мүлдем қиратушы соғыс қаупінің қысымы нәтижесінде пайда болды. Оның мәні  өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім және педагогикалық тәрбие беру арқылы әлеуметтік әріптестікке, әлеуметтік гармонияға жету, адамдарды өз мүддесінен қоғам мүддесін жоғары қоя білуге үйрету, осылайша адамдарға тән агрессиядан арылу және соғысытардың пайда болу қауіптерін азайту.

   «Ертеңгі күн мектебі» концепциясы болашақ көшбасшыларын қалыптастыруға арналған және білім алу процесі кезіндегі оқушының барынша белсенділігіне негізделген, білім берудің барынша индивидуализациялануына негізделеді. Бұл әрине арнайы әзірленген технология бойынша іске асады.

   Осы және өзге концепциялар негізінде көптеген елдерде білім берудегі реформалар жүргізілді, білім саласын дамыту стратегиялары туралы саяси құжаттар қабылданды, мысалы, «ХХІ ғасырда американдықтарға білім беру» (АҚШ); «Жалпы білім беру мен кәсіптік мектептер реформасының негізгі бағыттары» (КСРО); «ХХІ ғасыр үшін білім беру моделін іздеу» (Жапония); «Болашақтағы білім беру» (Франция, 1985); «Білім беру 2000 жыл үшін», «Америка – 2000: білім саласындағы стратегия» (АҚШ) және басқалар.(Нурмагамбетов 18бет) Бұлардың бәрінің мақсаты – саяси-педагогикалық концепциялардың теориялық шарттарына сәйкес білім берудің ұлттық жүйесін сапалы дамыту. Осылайша ғылыми концепциялардың білім берудің шынайы процесіне әсері байқалды.

Қазіргі таңда білім берудің жаңа концепциялары пайда болды, олардың қатарына мыналарды жатқызуға болады: меритократиялық, консюмеристік, «гуманистік білім берудің» антитехнократтық концепциясы және құрылымдық функционализм концепциясы.

Меритократиялық концепция адам қабілеттерінің биологиялық детерминанттарын оқудан шығады. Оның негізіне «мінез-құлық модификациясының» необихевиористік концепция кірді. Осы концепцияның негізін қалаған Т.Веблен қоғам дамуының ең төріне меритократияны, яғни қоғамның ең талантты және ең білімді адамдарын қойды. Веблен бойынша, меритократияның салмағының өсуі қоғам трансформациясына алып келу керек еді. Сәйкесінше, қоғамды әлеуметтік реформалауға және рухани жаңаруға алып келетін меритократия резервтерін дайындау үшін білім беруге аса қатты көңіл бөлінді.

Консюмеристік концепция (ағыл. Consume – тұтыну) теоретигі О.Тофлер болып табылады. Ол білімді дамыту концепциясын прагматикалық арнаға бұрды. Жоғары білім саласындағы консюмеризмнің мәні келесіде: оқу орындары арасындағы бәсекелестік автоматты түрде сабақ беру сапасының жақсаруына алып келеді; оқушыларға өте жоғары талаптар қойылады, ал бұл өз кезегінде инттеллектуалды өсу үшін оқушының әрекеттерінің мобилизациялануына алып келеді. Консюмеризмнің негізгі идеясына сүйенетін болсақ(«барлық нәрсе үшін төлеу керек, неғұрлым тауар сапасы жоғары болған сайын – соғұрлым оның бағасы жоғары болады.), беделді оқу орнында оқу үшін жоғары төлем төлеу керек болды жәгне оқушыларға деген талап та жоғары болды. Қазіргі таңда барлық дамыған, дамушы елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы жоғары білім саласы осы консюмеристік концепцияға сәйкестеніп жатыр. Оқу орындары өз рейтінгілеріне сәйкес бағаны бекітеді және сол бойынша студенттерден жоғары білімді талап етеді.

«Гуманистік білім берудің» антитехнократтық концепциясы К.Роджерс, А.Маслоу, А.Комбс секілді «гуманистік білі беру» жақтастарының ғылыми зерттеулеріне негізделеді. Бұл концепция адамның оқшаулануы және деперсонализациялануы, қоғамда өзгелермен қарым-қатынастың үзілуі мәселесін «гуманистік білім беру» арқылы жоюға негізделеді. Концепцияың мәні – адамның ішкі әлемін қалыптастыру, өзін-өзі тұлға ретінде дамыту, әр адамның өзін керемет тұлға ретінде қалыптастыруы.

Құрылымдық функционализм концепциясы басты назарды оқушының азаматтық парызды орындау қажеттілігі жөніндегі сезімін қалыптастыруға қойды. Бұл концепцияның негізгі міндеті – қозғаушы күші болып қоғамға толықтай қызмет ету үшін білім алу ниеті болып табылатын адамның жаңа типін қалыптастыру.

Шетелдік және отандық зерттеушілердің білім саласын зерттеудің әртүрлі әдіс-тәсілдерін жасауы әлемдік білім берудің төрт моделін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді: «гумбольдтік зерртеу университеті», интернаттық типтегі британ моделі, «үлкен мектеп» деп аталатын француздық модель, чикаголық модель.  

Жоғары білімнің гумбольдтік моделін (немесе университеттік білім) аты айтыр тұрғандай ХІХ ғасырдың басында неміс философы В.Гумбольд қалыптастырды. Оның концепциясы білім мен ғылымды тығыз байланыстырды және «түбінде екеуі – бір» деп санады. Университеттік білім берудің негізі «тоқтаусыз ғылыми ізденіс процесіндегі» ғылыми зерттеулер мен білім беруді біріктіру. «Ғылыми зерттеу мен оқытудың бірыңғайлығы» деп аталатын бұл концепцияның басты принципі орындалу үшін оқу процесін ұйымдастырудың екі формасы жасалды: оқу-ғылыми зертхана мен оқу-ғылыми семинар.

Реформаланған неміс университеттері өз құрылымының негізгі буындары ретінде аспирантура мен докторантура ұйымдастырды, яғни тарихта тұғыш рет университеттегі ғылыми зерттеулер ұйымдық жағынан оқытумен біріктіріліп, олардың аса маңызды қызметіне айналды. Бұл формалар университеттік білім беру кезеңінде дами келе әлі күнге дейін өте актуалды болып тұр. Гумбольдтің «зерттеу университеті» концепциясы бүкіл әлемдік университеттік білім беруді дамуына әсер етті.

Интернаттық типтегі британдық модель (Оксбридж моделі) студенттің оқытушымен тығыз бейресми байланысына негізделген. Концепцияға сәйкес, тьютерлік (ағыл. Tuition – оқыту) сабақ деп аталатын мұндай қарым-қатынас сабаққа қатысу секілді өте маңызды.

«Үлкен мектеп» деп аталатын француздық модель – жоғары білімді кәсіби мамандар  суперэлита болып саналатын меритократиялық қоғамның білімдік символы болып табылады. Бұл «үлкен мектептер» зерттеу жұмыстарын қарастырмайды, бірақ интеллектуалдық және әлеуметтік тұрғыдан қарағанла жоғары деңгейде таңдаулы болып саналады.

Хатчинс ойлап тапқан чикаголық модель ашық көрсетілген гуманитарлық бағыты бар жалпы білім беру бағдарламаларын біріктіреді. Идеалды түрде бұл модель студенттердің ойлау деңгейінің сыншылдығы мен тәуелсіздігінің дамуына, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы белгілі ойшылдардың көзқарастарымен танысу арқылы өз-өздерін қалыптастыруға бағытталды.  

ХХІ ғасырда өркениеттік дамудың жаңа перспективаларына сәйкес білім жүйесінің жаңа модельдері ізделінуде. Қазір білім адам өмірінен тыс құбылыс болып табылмайды, ол қоғамның әлеуметтік денсаулығын қамтамасыз ететін әлеуметтік институт болып табылады. Бүгінде білім мәселесі адамзат мәселелерінің жиынтығының шеңберінде қарастырылады, оның ішінде ең маңыздысы адамның өмір сүруі және дамуы. Алдыңғы қатарлы шетелдік және отандық мамандардың айтуынша, білім жүйесі жоғарыда аталған мәселелерді шешетін шынайы құрал болмақ. 


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға