Жаңалықтар

Жоғарғы оқу орындарын қалай таңдау қажет?

Жақсы жоғарғы оқу орнын қалай таңдау қажет?
22.06.2015 11:26 9891

Мектеп табалдырығын «тоздырып» үлкен өмірге қадам басқалы отырған әрбір оқушының алдында үлкен мақсат, асқақ армандар тұрады. Алған білімін шыңдап, болашаққа бекем қадам жасаудағы алғашқы басты мұрат – дұрыс мамандық таңдау. Таңдаған мамандықтың жемісті нәтижесін көру үшін дұрыс жоғарығы оқу орнын таңдау өте маңызды. Жақсы жоғарғы оқу орнын қалай таңдау қажет? Бұл сұрақтың жауабын іздемейтін талапкерлер жоқ шығар, сірә?!! Барлық факторларды саралай отырып, оқушы өзіне лайықты деген ЖОО-н таңдайды. Біреулері мемлекеттік білім ордасына жүгінсе, бірі жекеменшік университеттерге баруды жөн санайды. Қазіргі таңда мемлекетке қарайтын немесе одан тыс жоғарғы оқу орындары өте көп, сондықтан солардың ішінен адаспай, ең жақсысын таңдап алу оңай шаруа емес. Тығырыққа тірелмеу үшін ЖОО таңдау барысында ескеретін бірнеше қадамды беруді жөн санадық.

Жоғарғы оқу орындарын қалай таңдау қажет?

Жоғарғы оқу орындарын қалай таңдау қажет?

Талапкерлердің дерлігі грантты жеңіп ала алмайды, сондықтан құжаттарды тапсырмас бұрын ЖОО-ның ақылы бөліміне төленетін қаражаттың соммасын білген абзал;

Таңдаған мамандықтың қазіргі нарықта қаншалықты қажетті екенін сарапқа сала отырып, өндірістік практикадан өту кезінде  және университетті тәмәмдаған соң, оқыған білім ордасы өз түлектерін жұмыспен қамтамасыз ете алады ма деген сауалдардың жауабын алуға тырысу;

Сіз таңдайтын университеттің мемлекеттік болғанын қалайсыз ба, әлде жекеменшік болғанын ба?!! Екеуінде де жоғарғы білім алуға болады, алайда айырмашылықтардың болатынын ескерген жөн;

Білім ордасында дәріс беретін ұстаздарға да мән беру керек, ғылым кандидаттары мен профессорлар неғұрлым көп болса, соғұрлым нәтижелі білім алуға мүмкіндік жоғары болады;

Заманға сай, көпшіліктің сұранысына ие болған, престижді университетті таңдауға тырысу;

Отбасынан алшақтағысы келмейтін немесе керісінше алыстап, өзге қалаға немесе шет елге кеткісі келетін талапкерлер үшін оқу орнының орналасқан жері мен көлікпен қатынаудың тиімділігіне де мән берген абзал;

Жатақханамен қамтылған ба, жоқ па? Бұл сауал да көкейде болу керек, өйткені пәтер жалдап тұру барлық студентке қолжетімді бола бермейді;

ЖОО-ның web-сайтымен таныса отырып, кітапхана, спортзал, үйірме, курс бағдарламалары мен оқу-әдістемелік құралдардың бар, жоқтығын тексеру керек;

Университет жайлы студенттер мен ата-аналардың ойларын білу үшін әлеуметтік желілердегі форумдарда жазылған пікірлермен танысқан жөн. Форум мазмұнында университет жайлы түртіп алатын ақпараттардың аз болмайтынын ұмытпағайсыз;

ЖОО тек білім беретін емес, жан-жақтылыққа, көпшілікпен етене араласуға баулитын мекеме болғандықтан, студенттердің басын біріктіретін сабақтан тыс іс-шаралардың қаншалықты және қандай деңгейде өтетініне де мән беру керек;

ЖОО таңдау әр талапкердің өз қолында, дегенмен жақын жандардың кеңестеріне құлақ асуды да ұмытпаған жөн.  

Қасиетті шаңырақ, балалық шақтың балдәурені өткен киелі ошақтың түлеп ұшқан балалары жоғары оқу орнын қалай таңдау қажет деген сауалдың оң жауабын тауып, дұрыс шешім жасайды деген сенімдеміз!!! Талабың таси берсін, талапкер!!! 

Дайындаған: Құлжанбай тегі Арайлым

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға