Жаңалықтар

Жыраулар, ақындар, шешендер көсемсөзіндегі дүниетаным мәселелері

Ұлттық көсемсөз кеңістігіндегі сыншыл реализм генезисі
Жыраулар, ақындар, шешендер көсемсөзіндегі дүниетаным мәселелері
24.09.2017 15:55 7144

Публицистика – саналы жанның  бір-бірімен тілдесуі, ақпарат алмасуы. Қоғамдағы елеулі құбылыстар мен оқиғалардың сөзбен жеткізілуі. Бүгінгі публицистиканың қайнар бұлағы – ауызекі көсемсөзден бастау алады. Сол заманда шешендік өнердің пайда болуы – публицистиканыңқоғамда маңыздылығын арттыра түсті. Демек, ауызекі көсемсөздің бүгінге жеткен жұрнақтары публицистиканың дамуына өзара ықпал етті.

Қазақ көсемсөзіндегі сыншыл реализм үрдісі бүгін пайда болған жок. Онын түп-тамыры кешегі ауыз әдебиетінің үлгілерінде жатыр. Мәселен, эпостық шығармалардан, ертегілер мен аңыздардан, мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерден көсемсөз жанрының кейбір жұрнақтарын, бастапқы элементтерін анық байқауға болады

Бүгінгі таңда жетіліп, толықтырыла түскен публицистика осы күйінде екі аяғынан тең түскен жоқ. Әуелі публицистиканың ауызша түрі дамыды.  Бұл үрдіс Тәуелсіздік алған жылдардағы баспасөзге де серпін берді. Кешегі ақын-жыраулардың, Алаш зиялыларының сынға толы жырлары мен мақалалары егемен елдің журналистикасында да көрініс тапты. Әсіресе, бодандықтың бұғауынан құтылып, Тәуелсіз мемлекет атанған Қазақстанның барлық асыл мұратына қол жеткізуі үшін қай салада да сыннан нәтиже шығаруға күш салды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, нәтижесінде қазақ қоғамы көшке ілесіп, саясат сахнасында да биік белестерді бағындырып келеді.

Жалпы, әдебиет теориясында ағымдар көп. Олар: сыншыл реализм, сюрреализм, неореализм, романтизм, символизм, акмеизм, синтементализм, мордернизм, неомодернизм, постмодернизм, т.б. Ал біздің алдымызда соның ішінде сыншыл реализмнің көсемсөзде көрініс табуын жан-жақты саралау міндеті тұр.

«Сыншыл реализм» қазақ әдебиетімен қоса, қазақ публицистикасында да бой көрсететін жанр. Жыраулардың қоғам олқылықтары, әлеуметтік теңсіздікке  айтқан жырларының өзінде сыншыл релизмнің элементтері жеткілікті. Яғни, публицистика – жыраулар поэзиясында да тұнып тұр деген сөз. Бұл тақырыптың өзектілігі сол, ХХ ғасырдың 90 жылдарындағы публицистикада сынның көрініс табуын нақты мысалдармен дәлелдеу. Ал бұған дейін сыншыл реализм тек әдебиетте ғана кездеседі деген пікірді естіп келдік. Алайда, публицистикада тілге тиек еткен немесе қаламға арқау болған кез келген проблемалық мақаланың астарында сыншыл реализм анық байқалады.

Журналистика кеңістігінде осы күнге дейін бұл тақырып терең де қопарыла зерттелген емес. Байқап отырсақ, қазақ көсемсөзіндегі «сыншыл реализм» деген ұғым да қалыптаспаған. Сондықтан біздің мақсатымыз –қазақ көсемсөзіндегі сыншыл реализмнің айқын көрінісін дәлелдеп,ғылыми айналымға енгізу.

Сыншыл реализм романтизм сияқты толыққанды көзқарасты тануға құмар. Салыстырмалы түрде айтсақ, ХІХ ғасыр реализмі сол дәуірдің шынайы бейнесі. Сыншыл реализм романтизмге қарағанда қолданыс аясын кеңейтті. Егер романтиктер адамның рухани талпынысына мін берсе, сыншыл реалистер алынған нысананы зерттей отырып, оның адам өміріне жан-жақты әсерін назарға алады. Олардың шығармашылығында адамның бір жақты қыры ғана емес, оның қоғамдағы орны, беделі, қызметі, бәрі ескеріледі. Яғни, сыншыл реализмнің бір ерекшелігі, ол адамды жағымды жағынан ғана көрсетпейді, оның тап қазіргі іс-әрекетіне барлау жасау арқылы образын аша түседі.Бұл жөнінде В.Г.Белинский: «Біз өмірдің қамсыз жағын айтуды, жазуды талап етпеуіміз керек. Қалай бар, солай қабылдау керек. Әрине, өмірді әдемі, әсерлі етіп көрсету бір басқа, алайда шынайылық бар жерде өмір бар екенін ұмытпаған абзал» дейді.

Жалпы, ХІХ ғасырдың 20-жылдары Еуропада пайда болған сыншыл реализм көркем әдебиетте ғана емес, публицистикадағы типтік образдарды сомдау кезінде жиі пайдаланылды. Әсіресе, сыншыл реализм элементтері Ұлыбритания мен Франция жазушылары Стендаль, О.Балзак, В.Скотт, Диккенстің еңбектерінде жиі кездеседі. Ұлыбританияда сыншыл реализмнің гүлденуі ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарына дөп келеді. Бұл әлеуметтік және идеологиялық күрестің ерекше беделге ие болған тұсы болатын.

Айтпақшы, реализмнің де түрі көп. Мысалы,

- Ғылыми реализм – ғылыми тұрғыдан шынайылықты айқын көрсету.

- Онтологиялық реализм – ғылыми теория арқылы дәлелденген шындық.

- Эпистемологиялық реализм – ғылыми теориялар үнемі шындыққа жақындасады.

- Семантикалық реализм – теория шындықтың аясында іске асуы керек.

Ал осы ғылыми реализмнің үш түрі бар. Олар – аңғал, қарапайым, сыншыл реализм. Реализмнің сыншыл реализм деп аталатынжаңа түрі ХІХ ғасырға тән. Ол ренессанс және ағартушылық бағытқа қарағанда, әлдеқайда өзгеше.Францияда Стендаль, Бальзак, Ұлыбританияла Диккенс, Теккерей, ал Ресейде А.Пушкин, Н.Гоголь, Ф.Достоевский, Л.Толстой, А.Чеховтың есімдері сыншыл реализммен тығыз байланысты. Cондай-ақ, Дидро, Шиллер, Филдини, Смолетт сынды ағартушылар реалистік көзқарасы арқылы феодалдық қоғамды сынап, идеологиялық бағытқа ойысып отырды. Әсіресе, заңдық, моральдық, діни және саяси салаға қатысты қадап айтқан ой-тұжырымы қоғам тарапынан қолдау тауып отырды.

Сыншыл реализм жаңа түсінік бойынша, адамның қоршаған ортаға әсерін көрсетеді. Қоғамда адамның мінезі оның әлеуметтік жағдайларымен байланысты өрбиді. Мұнда адамның ішкі «мені» анық байқалады.

Демек, сыншыл реализм – боямасыз өмір шындығы. Өткен ғасырда өмір сүрген қаламгерлер мен көсемсөз зергерлерінің жазғандарын талдап айта салу оңай да, шеберлікті, әдеби бағытын дұрыс тану көп еңбекті керек етеді. Қандай әдеби ағым болмасын, тіпті әр елдікі, халықтыкі десек те ұқсастық, ерекшелік болатындығы аңғарылады. «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» десек те өзгешеліктері мен бірге үндестігі болатынын білдік. Себебі қоғамы ұқсас болған елде қарама-қайшылық та, үстем топқа деген наразылық та бірдей болуы заңдылық. Сыншыл реализм – өмір шындығын нақты көрсете алатын әдеби ағым болғандықтан осы ағымға қалам сілтеген қаламгерлердің көздеген мақсаты мүдделік тұрғыдан анық көрінді. Бәрінен де өмір шындығы қымбат. Сол шындықты шырылдатып айтқан сыншыл реалистік публицистер әманда өз халқының көзін ашуды көздеп, сол жолда аянбай еңбек етті.

Әзірге ғылыми айналымға түсе қоймаған бұл тақырып жайында еңбектер жоқтың қасы. Десек те, ресейлік ғалым Наиля Байбатырованың «Традиции реализма в публицистическом и литературно-критическом творчестве А.И.Солженицына» («Грамота» журналы, 2012 жыл, No5) атты ғылыми мақаласынан көп жайтты аңғаруға болады. Мақала атақты «үшінші толқын» эмигрант-жазушысы Солженицынның әдеби-сын және публицистикалық бағытта жазған еңбектеріндегі реалистік ерекшеліктерге арналған. Әсіресе, Кеңес Одағы кезінде кеңінен тамыр жайған социалистік реализмнің элементтері мен реализмнің идеялық-тақырыптық негіздері талданады.

Автордың пікірінше, әлеуметтік-саяси және әдеби-сынға толы көзқарас Солженицыннің жеке жазушылық әдісі ретінде оның әр жылдардағы публицистикалық мақалаларынан да анық байқалады. Жазушы қоршаған ораны сан түрлі бояумен емес, шынайы суреттеуге тырысады. Оның ойынша, өмір өзі туралы айта алады. Бар болғаны оны тыңдай білу керек. Жалпы, әдебиеттегі реализмге келсек, шынайы өмірдің нақты көріністерін ашып көрсету жағына аса мән беріледі.

«1971-1972 жылдары КСРО-да жазылған Нобель дәрістерінің мәтіні Швецияға жіберіліп, орыс және ағылшын тілінде басылып шықты. А.И.Солженицын сол кезде әдебиет пен көсемсөздегі реалистік әдіс жөнінде өз пікірін былайша жеткізді: «Иә, орыс әдебиеті ондаған жылдар бойы осы түп-тамырдан қол үзген жоқ. Және осы дәстүрді шама-шарқым келгенге жалғастыру үшін ұялмаймын да. Әдебиеттің әлеуметтік мағынасы жайындағы дәрісте «Шындыққа құрылған бір сөздің өзі бүкіл әлемді ұшпаққа шығарады» деген ол мұның өзі өмірдің шынайылыққа толы екенін әдебиетте де, публицистикада да дәлелдей түседі» дегенді айтады.

Ал А.И.Солженицыннің эмиграция кезіндегі публицистикалық және әдеби-сын еңбектеріне көз жүгіртсек, жазушы өзінің көзқарасын нық әрі ештеңеден тайсалмай, батыл жеткізген. Ол журналистке берген теле-сұхбатында: «...өзім шындыққа қызмет етуден басқа талап көріп тұрғам жоқ. Яғни, бұрын-соңды аяққа тапталған, жоғалған дүниені жаңадан жасау бізде шындыққа жанасса, ал ойдан шығаруды алдыма қойған мақсат дей алмаймын. Реализм – абсолютті, толыққанды және кемелденген әдіс. Бұл тұрғыда дәстүрлі реалистік жанрлардың аясынан шығып тұруға да ұмтылу керек».

Шын мәнінде,эмиграция кезінде газет және журнал бетінде үндеулер, ашық хат, сұхбат, әңгіме, құлаққағыс, әдеби-сын мақалалар уақыт ағымынан тыс жарияланғаны белгілі. Сондықтан да Солженицын публицистикасы екі-үш жанрлық формамен, көркем шығармамен шектелген жоқ. Яғни, автор жанрлық шеңбер іздеуге тырыспады да. 1989 жылы «Тайм» журналының тілшісі Дэвид Эйкманға берген сұхбатында Солженицын жанрдың ол үшін ең басты нәрсе емес екенін тәптіштей келе: «Менің материалдарым қарабайыр емес. Есесіне жанрларым да өз жолымен түрленіп отырады» дейді. Бұған қарағанда А.И.Солженицын көркем және публицистикалық әдебиеттің кейбір қырларын біріктіретін шығармашылықтың жаңа түрін табуға тырысқан. Мәселен, оның  бірнеше жыл жанын салып жазған «Бодался теленок с дубом» атты кітабындағы «Әдеби өмірдің очерктері» атты бөлімі Кеңестер одағының 60 жылдарының басы мен ХХ ғасырдың 70 жылдарындағы әдеби-қоғамдық жағдайды көз алдыңа әкеледі.Бұл кітап жазушының кеңестік жүйеге, классикалық реализмнің дәстүрлерін жоюға тырысқан социалистік реализмге деген қарсылығын көрсетеді. Яғни, кеңестік империя кезінде цензураның шындықты айтуға кедергі келтіргені, қоғам қайраткерлері туралы ашып жазып, әдеби портреттерді жасауда жалпақшешейлікке жол берілгені жайында тілге тиек етеді. Оның шығармашылығын жан-жақты зерттеушілер: «Ол – миллилондар үні, сондықтан солардың алдында ғана үлкен жауапкершілікке ие» деп баға берген.

Әрине, Солженицын туралы жағымды пікірлер көп емес. Дегенмен, оның публицистикалық еңбектерінде социалистік реализмнің жалған әдістері теріске шығарылады. Оның шығармашылығы жанрға бай және сыни көзқарасқа толы. Қоғамның осындай дүниелерді ғана іздеп оқитыны жасырын емес. Тіпті, сыни мақалаларын жас та, жасамыс та оқып, бағасын берді өз уақытында. «Сондықтан да Солженицын өз биігінен түспеген және ол өзінәлемнің бір сәтке ұмытуына мүмкіндік бермеген» дейді зерттеушілер. Демек, еңбектерінде әдеби және публицистикалық сынды тең қолданып, ойды шынайы түрде білдіріп, әлеуметтік көзқарасты нақты көрсететін автор қай ортада да биік беделге ие деген сөз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға