Жаңалықтар

Жигули Дайрабаев 140 миллион теңгенің үйін ұрлады дегендерге жауап берді

Жигули Дайрабаев 140 миллион теңгенің үйін ұрлады дегендерге жауап берді
Фото: facebook.com/Жигули Дайрабаев 03.05.2023 10:00 1669

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев 140 миллион теңгеге үй ұрлағанын айыптағандарға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Желіде Меркі тұрғыны Саид Рузиев үндеу жариялады. Ол депутат Дайрабаевтың сотқа заңсыз араласып, үйді өз атына қайта рәсімдегенін алға тартады. Видео авторының айтуынша, үй ортақ меншігінде болған және оны келісімсіз Дайрабаевқа беруге болмайды.

Депутат Меркі ауданындағы үйдің құжаттары заңды және нотариус арқылы келісімшарт жасалғанын алға тартып отыр.

Кез келген адам құнды зат сатып алғанда жеті рет өлшеп барып шешім қабылдайды. Отбасыма деп сатып алған үй уақыт өткен соң заңсыз деп есептелгені кімге керек? Мұндай тәуекел ешкімге де қажет емес. Өзіңізге осы бір сұрақты қойып көрсеңіз, бірден түсінесіздер деп ойлаймын, - дейді Дайрабаев.

Нотариус арқылы жасалған келісімшартымыз заңды, үй иелерінің құқықтары сақталған. Ақша талап етіп жүрген азаматты танымаймын деп отыр. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде видео жариялаған ер адам әйелімен ажырасқан. Үйді бір кездері ерлі-зайыптының бірі сатқан.

Ерлі-зайыптының арасына кірісетін адам емеспін. Ол азамат менің осы лауазымымды пайдаланып, бопсалау жолын таңдаған. Айта кетейін, мұндай әрекет бірінші рет емес. Осыдан біраз уақыт бұрын мені кінәлаған адам мені қаралаған үшін соттың шешімімен жазаланып, айыппұл төлеген болатын, - дейді депутат.

Ол бұл әрекетін тоқтатпаса қайтадан сотқа жүгінуіме тура келеді деп ескертті. Сонымен қатар Кеңес ауылындағы жерге қатысты да жауап берді.

Бұл жағдай 20 жыл бұрын болған. Жерге қатысты компанияның иелері – ағайынды Ерлан мен Нұрлан Иембердиевтер. Олар қазір Қазақстанда. Шатаспасам Алматыда тұрады. Жердің де, ақшаның да иесі осылар. Менің бұл іске ешқандай қатысым жоқ. Кезінде мен тек жалдамалы қызметкер болдым. Меркі ауданында 1 метр де жерім жоқ, - деді Жигули Дайрабаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға