Жаңалықтар

Жігері мұқалмаған ару

Тағдырмен бетпе-бет
Жігері мұқалмаған ару
08.03.2017 10:00 16473

Айманның 1,5 жыл бұрын бастан өткерген жол апаты оның тағдырын күрт өзгертті. Сол оқиғадан кейін дәрігерлер оған ми қан айналымының жіті бұзылуы, сол жақ бөліктің инсульты, нейросенсорлы кереңдіктің 4-сатысы диагнозын қойған. Медицина мамандары есту мүмкіндігін жоғалтқан адамдар бірнеше айдан соң сөйлеу қабілетінен де қалыс қала бастайтынын айтады. Алайда, бұл тұжырымды Айманның мықты жігері жоққа шығарды. Бір шаңырақтың ұйытқысы, адал жар болып отырған арудың қайсарлығы өз алдына бір әңгіме. 8 наурыз ­– халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Айман Серікбайқызымен тілдескен едік.

– Мен осыған дейін қаржы, статистика салаларында жұмыс істедім. Жаратушының үлкен бір сынағы болар, есту қабілетін жоғалтқан соң, әрине қиналдым. Бірақ, қанша қиын болса да, осы қалыпқа үйрену керектігін түсіндім. Әдеттегідей үйреншікті жұмыспен емес, басқаша іспен айналысу қажеттігі туындады. Сөйтіп, анамның кеңесіне жүгіне отырып, қолөнерге ден қоя бастадым. Анам менің ойым бөлінсін деді ме екен, бәлкім?! Бастапқыда әшекей бұйымдарын жасау маған уақытты тиімді өткізу үшін керек болды. Ал қазір түрлі-түсті дүниелерді тізбектеу менің хоббиіме айналды. Әрі сүйікті ісім арқылы ем-домыма қаражат та жинап жүрмін, - дейді Айман.

Айман Махамбетова бүгінде Қызылорда қаласында өтетін түрлі қолөнер көрмелері мен жәрмеңкелерге қатысып тұрады. Қалалық әкімдік, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, қайырымдылық қорлары тарапынан қолдау көрсетіліп, шақыртулар алып жатады. Оның қолынан шыққан әшекейлерге еліміздің әр түкпірінен тапсырыс беретін тұтынушылар да бар. Ол өз бұйымдарына «Айзере» деген атау беріп, ғаламтордағы парақшаларында бөлісіп отырады.

–  Қолөнер көрмесіне алғаш рет қатысқан кездегі әсерім ерекше болды. Өзімді бір сәт қоғамнан алыстатып алғандай сезімде жүретінмін. Бірақ, пікірлес, тілекші адамдардармен бірге бұл ойымнан арыла бастадым. Жаңа идеялар, тың серпін пайда болды. Жалпы, мұндай көрмелердің біздер үшін пайдасы зор. Денсаулығым жақсарып жатса, бар білген-түйгенімді өзім секілді жандарға үйретіп, оларға үміт отын сыйлағым келеді, - дейді ол.

Бір кездері Айманның көз майын тауысып, адал еңбегімен емі үшін тірнектеп жинаған ақшасы қолды болған еді. Мұндай бұрыс іске Айманның есту қабілетінің ақауы бар екенін пайдаланғандар барса керек-ті. Бұл жағдайға да жігерлі қыз сабырмен қарады. Болмысы биязы, қарапайым жанның налығанынан гөрі, шүкіршілік етуі көп. Қыз-келіншектерге арналған курстарға қатысып, сән салондарының жұмысына да араласып жүр. Қолөнерімен қатар шаш үлгісін жасау, бет әрлеумен айналысқанды жөн санайды.  

Нейросенсорлы кереңдік диагнозы бойынша миллионнан бір адам ғана айығып кетуі мүмкін. Ота жасалған жағдайда да толыққанды кепілдік беру қиын дейді дәрігерлер. Бірақ, Айманның бұған тауы шағыла қоймасы анық. Оның болашаққа деген үміті зор, жоспарлары да көп. «Сыртқы әлем сұлулығың мен тазалығыңа әсер ете алғанымен, жан-дүниеңдегі адамгершілігіңді бұза алмайды» деген қағиданы ұстанған Айманның қайсарлығы өмірдің кейбір сәтсіздіктерінен сарқылған жандарға үлгі болары айтпаса да көрініп тұр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға