Жаңалықтар

Жиенғали тағдыры

Кәсіби журналистиканың негізін қаласушы 
Жиенғали тағдыры
27.06.2020 21:00 4358

Қазақ журналистикасында жарқ етіп, ерте сөнген құйрықты жұлдыздардың бірі, өмірі кеңестің сорақы саясатымен сәйкес келіп, тағдыры тартыс пен тауқыметке толы болып өткен Жиенғали Тілепбергенов еді. Жиенғали аштықтан көз жұмды. Ол өзінің тірі қалуының жолын білсе де, солақай саясаттың сойылын соғудан бас тартты.

Ол Ілияспен, Бейімбетпен қалжыңы жарасқан қаламдас құрдас болатын. «Коммунизм келгенде есікке үшеуміз бірдей сыймай қалмайық» деп қағытатын бір-бірін. Бірақ, Жиенғали үшін коммунизм бірініші болып ажал есігін ашты. Аштықтан титықтап, аурудан қан түкірген ақын лажы қалмағанда Ілиясқа хат жазады. «...Бәрінен де маған қиын соғып тұрған жері – аурудан өлмей – аштан өлу... табылса жеймін, табылмаса жоқ...» дейді құрдасына мұңын шаққан ол. Бұл Жиенғалидың соңғы хаты болатын. «...Ілияс! Сен маған жазушылар дүниесінде не істеліп жатқанды айтып, делебемді қоздырасың, мені әурелеп қайтесің? Жүрегімді жандырып, арманымды ұлғайтып қайтесің? Көкірек сайрағанмен, денедегі дәрмен ұлықсат етпегесін не керек? «Эббанефттің» сібірлік ауданы – Темірдегі бөлімнің жайынан «Непті» деген темада пьеса жазбақшы болып бастап қойғанмен не керек? Ол энергиямның ендігі қызығын қара жер көрмекші болып отырғасын не пайдасы бар? Одан да сен былай ет: мені жазушылардың бірі деп танысаңыз, мені өлгенше қайыр сұрамайтын, аштан өлмейтін етіп Жазушылар Одағының атынан, соның қорынан соның күшімен  маған дүниелік жәрдем қолдарыңды созыңдар... Бұған дейін бұл сөзді де айтуға арсынып, «өлсем жайыма өлейін» деп жүр едім. Одақ басында сен отырғасын айтып жатқан әрі сырым, әрі мұңым ғой».

Бұл сол кезеңдегі халықтың жанталасы. Қазақ зиялыларының мүшкілдігі. Ұлт асылдарын сақтай алмаған дәрменсіздігі. Жүйенің халық, ұрпақ алдындағы кінәсі мен күнәсі.

Жиенғалидың «айыбы» – оның сол кездегі ел ішіндегі жүйе құрбандарының азабын, ашаршылықтың ащы шындығын қасқайып тұрып айтқаны, жазғаны. Ол ішкі қазақ ауылдарының тұрмыс қиындығын, қолдан жасалған ашаршылықтың салдарынан қынадай қырылған халықтың көмусіз қалған мүрдесін өз көзімен көрді. Себебі, ол астанадан жырақта, сол елдің ішінде өмір сүрді. Қыр қазағының кешкен тұрмысын ол да тартты, көрген қиындығын ол да бірдей көрді.

«Қайран елім-ай» әңгімесінде «Төңкеріс кезінде ауылда мұғалім болдым. 1918 жылы Түркістан қазақтары ашаршылыққа ұшырады. Ақтөбе, Орынборға қалай босып кетті. Ашаршылықтан ісіп-кеуіп қырылып жатты. Бір қызын бір тілім нанға сатты... Құлақ естіп, көз көрмеген жауыздық. Алты жаны бар Андағұл аштық азабынан құтыла алмай, қызы Бәтиманы азығы мол адамға сатты. Сонда Бәтима: «Жолдарыңа құрбандықпын. Мен не болсам да, сендер тірі болыңдар. Қайран өз елім, қайран өз үйім, әжекем, бауырларым, қош, қош» дейді» деп жазады.

Ол мешін, тауық жылдарындағы саудагер-делдалдардың аштықта отбасылардың жасөспірім қыздарын бір табақ етке ауыстырып алып, кейін байларға тоқалдыққа сатқандарын әшкерелейді.  Жиенғалидың өмірден ерте озуына оның ел ішіндегі ашаршылық қасіреттерін өз көзімен көруі де себеп болған секілді. Жаны нәзік қаламгер алқымдаған аурумен алысып отырып, жағдайды айна-қатесіз қағазға түсрді.

Қазақ қоғамы бұл арыстар алдында қарыздар. Жиенғали Тілепбергенов кәсіби әдебиет, кәсіби журналистиканың, ұлттық театрдың негізін қалаушылардың бірі.

Жиенғали өмірі мен шығармашылығы әлі де зерттеліп болмады. Жиенғали бар болғаны 38 жыл өмір сүрді. Бұл қысқа болса да, ұлт мұратына қызмет еткен мағыналы ғұмыр болды.

 «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» Жиенғали 1895 жылы Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. Ол қарапайым шаруа отбасында өсті. Отбасы туралы өзі: «Мен өзім кедейдің баласы болдым, әрі момын, әлсіз атаның тұқымы болдық та, ол кездегі орысша үшкілдерге қалай кірердің де мәнісін білмейтін едік. Ауылдағы молдадан оқып, шала-шарпы хат танып, байларға жалданып жүрген жерімнен жәдитшіл (жаңашыл) мұғалім болып жүрген нағашым бар еді, соның жәрдемімен Орынбордағы «Хұсайния» деген татардың жәдит медресесіне кірдім» деп жазады. Ол Хұсайнияда ақтөбелік атақты ллингвист Құдайберген және оның інісі музыкант Ахмет Жұбановтармен бірге дәріс алады.

Кейін Жиенғали Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесіне түсіп, мұнда Бейімбет Майлинмен бірге оқиды. Дәл осы уақытта қазақ жастары ұлт үшін бірлесіп әрекет етпекке бекінеді. Медресе жастарының өздері шығарған қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы - «Садақ» журналына Жаиенғали Бейімбеттен кейін бас редактор болады. Оқып жүріп, «Айқап» журналына, «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттеріне мақала беріп отырады. Ол 1918 жылы медресені бітіріп, Ақтөбе өңіріне қайтып оралады. Өңірдің аудан орталықтарының бірінде мұғалім болып жұмыс жасайды. 1920 жылы Қонжар деген жерде мұғалімдер дайындайтын қысқамерзімді курстың ашылуына мұрындық болып, өзі қазақ тілін оқтудың әдістемесі бойынша сабақ береді.

Ал 1921 жылдан 1925 жылға дейін Темір уездік халық ағарту бөлімінде қызмет етеді.

Осы жылдың күзінде «Кедей» газетіне ауысады, газеттің редакторы болады, партия кеңес мектебінде сабақ береді. 1927 жылы Жиенғалиды Қызылжардағы губерниялық «Бостандық туы» газетіне редактор етіп жібереді. Газет жұмысын бірізді етіп берген соң Қызылжардағы Қазақ ағарту институтының директоры болады. Бұл институтты Жиенғалиға дейін Сәкен Сейфуллин басқарған. 1928 жылы оның «Перизат-Рамазан», «Тілші» пьесалары Қызылордада жеке-жеке кітап болып басылып шығады. 1930 жылы «Таңбалылар» повесі жарық көреді.

Астана Қызылордадан Алматыға көшірілген уақытта Жиенғали Қызылордадан кетуге асыға қоймайды. Ол осы жерде «Сыр бойы» газетін басқарды. Денсаулығының нашарлауына байланысты 1931 жылдың соңына қарай өз еліне қайтып оралады. Ол туберкулез дертіне 1927 жылы шалдыққан еді. Қызылордада қызметте жүрген ол бір ай төсек тартып жатады. Туған жеріне қайтып келгеннен кейін де, жұмыстан қол үзбей, «Социалды майдан» газетінде редактор болады.         Ауырып жүргеніне қарамастан, 1933 жылға дейін таяққа сүйеніп, жұмысқа барып жүрген. Үш айға жуық уақыт төсекке таңылып жатады. Оның өмірден өтер сәтін аңдыған аудандық партия комитетінің қызметкері төсегінің басында күзетіп отырған. Әбден ызаға булыққан Жиенғали өзін бақылап отырған оған партбилетін лақтырып жібереді. Бұл оның жүйеге танытқан қарсылығы, айтқан лағнеті еді.

Жиенғали тағдыры

Жиенғали аштықтың, ажалдың құрсауынан құтылмайтынын білді. Сондықтан қалам ұстаған қолдарына қарап, «бұл саусақтар да жер астында шіритін болды ғой» дейді. Ол ақтық демі үзілгенге дейін сүйіп қосылған жары Алфияға өзінің баға жетпес мұрасы – қолжазбаларын тапсырып, оны кітап етіп шығаруды, ұрпаққа жеткізуді аманаттайды. Алфия Жиенғалидың аманатын қайтсе де орындауға бел шешіп, ол өлгеннен кейін сәбиін туғандарына табыстап, Алматыға жолға шығады. Оны Жиенғалидың қаламдас жолдастары күтіп алып, кітабын шығаруға уәде береді. Алайда, 28 жастағы Алдфияның сұлулығына сұқтанған біреуі оған сөз салады. Намысышыл, тәкаппар жесірден беті қайтқан ол Алфияның күйеуінің аманатын орындауына кедергі келтіреді. Жиенғалидың қолжазбаларынан айрылып, өтінішінің аяқасты болуына жол бергеніне налыған жас келіншек кейін сол сарыуайымнан ауруға шалдығады. Ол да көпке ұзамай, күйеуінің артынан 1936 жылы дерттен көз жұмады. Жиенғали кітабы арада он екі жыл өткеннен кейін «Ізбасар» деген атпен шығарылады. Алайда, цензураның сүзгісінен өткен бұл кітапта Ж.Тілепбергеновтың қолтаңбасы біраз өзгеріске ұшыраған еді.  

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға