Ғалымдар жасанды интеллект технологиясын пайдаланып, Оңтүстік Африка мен Эсватини шекарасынан алынған жасы 3,3 миллиард жыл болатын тау жыныстарынан жердегі тіршіліктің ең ежелгі химиялық іздерін анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мұндай қорытындыға Карнеги ғылым институтының зерттеушілері геохимиялық талдау мен машинамен оқытуды біріктіретін жаңа әдіс арқылы келген.
Институттың аға ғылыми қызметкері Роберт Хейзеннің айтуынша, ЖИ бұл жолы тек қазба қалдықтарын емес, тірі ағзаларға тән химиялық қолтаңбаларды да дәл танып, оларды дұрыс сараптауға мүмкіндік берген.
Зерттеушілер соңғы жылдары қазбалар мен қазіргі жасушалар құрамындағы ерекше белгілерді үлкен көлемдегі геохимиялық деректерге үйретілген алгоритмдер арқылы ажыратуға болатынын дәлелдеген еді. Тәжірибелер олардың абиогендік, тіпті органикалық заттары бар тау жыныстарынан тіршіліктің химиялық ізін 90% дәлдікпен анықтай алатынын көрсетті.
Жаңа тәсіл 400-ден астам үлгіні зерттеу кезінде тексерілді: әр дәуірдің тау жыныстары, қазіргі жануарлар мен өсімдіктердің тіндері, қазбалар және тіпті метеорит сынықтары талдауға енгізілді. Бұл әдістің жоғары дәлдігі өмірдің алғашқы химиялық белгілерін ғана емес, ежелгі фотосинтездеуші ағзалардың іздерін де табуға мүмкіндік берді.
Алғашқы дәлелдер 3,3 миллиард жыл бұрын қалыптасқан Йозефсдал аймағындағы тау жыныстарынан анықталды. Екінші айғақ - шамамен 2,5 миллиард жылдық тау жыныстарынан, Куруман қаласының маңынан табылған.
Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық фотосинтездің пайда болу уақыты туралы көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Бұған дейін белгілі химиялық іздер 1,7 миллиард жылдық материалдардан ғана табылған болатын, ал жаңа деректер олардың екі еседен де ерте кезеңге тиесілі екенін көрсетіп отыр.

