ЖИ тұтынушылар мінез-құлқын да өзгертті: брендтер қалай бейімделуі керек?
Жасанды интеллект онлайн-шопингті де түбегейлі өзгертіп жатыр. Fast Company мәліметінше, ол қазірдің өзінде тұтынушының қажеттілігін анықтаудан бастап, тауарды таңдап, салыстырып, тапсырыс рәсімдеуге дейінгі жолды айтарлықтай қысқартты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ірі технологиялық компаниялардың деректеріне сүйенсек, алдағы бірнеше жылда жасанды интеллект бренд пен тұтынушы арасындағы негізгі байланыс арнасына айналуы әбден мүмкін.
Бірнеше жыл бұрын сатып алуды жасанды интеллектке сеніп тапсыру қиялға бергісіз болашақ секілді көрінетін. Ал бүгінде ЖИ тұтынушылық таңдаудың толыққанды қатысушысына айналып келеді. Оған нақты тапсырма берсеңіз болғаны: қажетті тауарды өзі табады, бағасын салыстырады, ең тиімді нұсқасын таңдап, тапсырысты рәсімдейді. Ал сіз тек есігіңіздің алдына келген сәлемдемені қабылдайсыз.
Сарапшылардың пікірінше, 2026 жыл онлайн-сауда саласы үшін бетбұрыс кезең болмақ. Жасанды интеллект енді қосымша құрал емес, сатып алу процесінің негізгі тетігіне айналады. Тұтынушылар тауар іздеуден бастап, сатып алу туралы шешім қабылдауға дейін ЖИ-агенттерге жиі жүгінетін болады.
Жасанды интеллект тұтынушы мінез-құлқын қалай өзгертті?
Нарықтағы ірі ойыншылардың аналитикасы бұл өзгерістің ауқымды екенін растайды. Shopify деректеріне сәйкес, онлайн-дүкендерге ЖИ арқылы келетін трафик бір жылда жеті есе, ал жасанды интеллект ұсынған ұсыныстар арқылы жасалған сатып алулар 11 есе артқан. Бүгінде Shopify платформасы арқылы әлем бойынша 5 миллионнан астам бренд сауда жүргізеді.
Ал Adobe компаниясы қараша айындағы зерттеуінде компьютер арқылы жасалған сатып алулардың 75 пайызы, ал смартфонмен жасалған сатып алулардың 25 пайызы жасанды интеллекттің ықпалымен жүзеге асқанын анықтаған.
Adobe компаниясының цифрлық инсайттар жөніндегі директоры Вивек Пандьяның айтуынша:
ЖИ қолданылатын платформаларда сатып алу ықтималдығы дәстүрлі арналарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл өзгеріс өте қысқа мерзім ішінде болды.
Сарапшылардың пайымынша, біз Google арқылы іздеп, әлеуметтік желілерден тауар қарау дәуірінен біртіндеп алыстап барамыз. Оның орнына сатып алуды тікелей жасанды интеллектке негізделген жүйелерде жасайтын боламыз. Ритейлерлер мен брендтер осы жаңа шындыққа бейімделіп, технологиялық әлеуетін күшейтіп жатыр. Толықтай автономды сатып алу да алыс емес.
ЖИ ең тиімді сату арнасына айналып келеді
Adobe 1 триллионнан астам сайтқа кіру деректерін талдай отырып, ЖИ-трафиктің дәстүрлі арналарға қарағанда конверсиясы жоғары екенін анықтады. Жасанды интеллект арқылы келген тұтынушы өз қажеттілігін, бюджетін және тауарға қойылатын талаптарын алдын ала нақтылап алады. Олар сайт ішінде ұзақ «адасып» жүрмейді, тез шешім қабылдап, сатып алуға көшеді. Сол себепті ЖИ бүгінде клиент тартудағы ең құнды арналардың біріне айналып отыр.
Іздеу дәуірі аяқталады
Онлайн-шопинг жылдар бойы іздеу жүйелеріне сүйеніп келді: адамға сұранысын енгізген соң ондаған бетті қарауына тура келді, бірнеше дүкенді қатар ашып, баға мен сипаттамаларды салыстырды. Бұл көп уақытты, күш-жігерді талап ететін және «таңдау шаршауына» әкелетін процесс еді.
Жасанды интеллект бұл модельді түбегейлі өзгертті. Енді тұтынушы өз сұранысын стиль, бюджет, өмір салты, тіпті бұрынғы сатып алуларын ескере отырып бір ғана диалогта айта алады. ЖИ осы мәліметтерді өңдеп, ең сәйкес бірнеше нұсқаны ұсынады. Нәтижесінде таңдау жылдам, жеке қажеттілікке бейімделген болады.
Брендтер мен ритейлерлер үшін жаңа ережелер
Тұтынушы логикасының өзгеруі бизнесті де стратегиясын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Дәстүрлі SEO мен жарнама бұрынғыдай басты рөл атқармайды. Оның орнына ЖИ-агенттерге бейімделу, яғни алгоритмдерге «түсінікті» болу маңызды.
Мысалы, Walmart сатып алуды ChatGPT арқылы тікелей жүзеге асыру мүмкіндігін енгізсе, Amazon, керісінше, ЖИ-агенттердің деректеріне қолжетімділігін шектеп отыр. Ал Shopify жасанды интеллектке толық сенім артқан жасаған компаниялардың бірі.
Shopify бас директоры Тоби Лютке компанияда AI-first қағидатын міндетті талап ретінде бекітті. Яғни ЖИ-мен жұмыс істеу – әр қызметкер үшін базалық дағды.
Соңғы жылдары Shopify:
Shopify Magic – тауар сипаттамасы мен маркетинг контентін генерациялау;
Sidekick – промокод жасау, сату трендтерін талдау;
AI Store Builder – бірнеше кілтсөз арқылы толық онлайн-дүкен құру секілді құралдарды іске қосты.
Сонымен қатар компания Vantage Discover атты ЖИ-іздеу жүйесін сатып алып, тұтынушыға барынша дәл әрі контекстке сай ұсыныс беруді көздеп отыр.
Деректер – ЖИ ұсынысының кілті
Жасанды интеллект өнім туралы терең, құрылымдалған және сенімді ақпаратқа басымдық береді. Толық сипаттама, нақты техникалық дерек, сапалы сурет және ашық жеткізу шарттары – ЖИ ұсынымына ілігудің басты шарты.
Сонымен бірге сенім факторы да арта түсті. Тұтынушылар ЖИ ұсынысының қай дерекке негізделгенін білгісі келеді. Сондықтан брендтер ақпараттың дереккөзін ашық көрсетіп, сенімділігін арттыруға күш салып жатыр.
Диалог ішіндегі сатып алу
Онлайн-сауданың келесі кезеңі – сайтқа кірмей-ақ, чат ішінде сатып алу. Мысалы, Shopify іске қосқан OpenAI Instant Checkout арқылы тауарды тікелей ChatGPT ішінде сатып алуға болады. Қазір бір тауармен шектелгенімен, алдағы уақытта толық корзина қалыптастыру мүмкіндігі енгізілмек. Бұл жүйеге бүгінде 1 миллионнан астам мерчант қосылған.
Сенім, бақылау және қауіпсіздік
ЖИ-ге деген сенім біртіндеп артып келеді. Күнделікті қажетті тауарларды сатып алу – осы сенімнің логикалық қадамы.
Онлайн-сауда түбегейлі трансформация кезеңіне аяқ басты. Сатып алу іздеуден емес, жасанды интеллектпен әңгімеден басталады. Тұтынушы үшін бұл – уақыт үнемдеу мен жеңілдік, ал брендтер үшін – жаңа логикаға бейімделу қажеттігі.
Толықтай автономды шопингке әлі уақыт керек. Бірақ бағыт айқын: жасанды интеллект көмекшіден бренд пен тұтынушы арасындағы негізгі делдалға айналып келеді, әрі бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес.

