©Pixabay.com

ЖИ себеп: фотографтардың 58% табысынан айырылған

Генеративті жасанды интеллект бүгінде фотографтар үшін тікелей бәсекелеске айналды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ұлыбританиядағы Фотографтар қауымдастығының (Association of Photographers) жүргізген сауалнамасына сәйкес, кәсіби фотографтардың 58 пайызы нейрожүйелердің кесірінен тапсырыстарынан айырылған. Соңғы бір жылда тапсырыспен жасалған түсірілім нарығы айтарлықтай қысқарған.

Оқи отырыңыз:

AOP өз мүшелері арасында генеративті модельдердің фотография саласының экономикасына қалай әсер етіп жатқанын анықтау мақсатында зерттеу жүргізген. Сауалнамаға шамамен 600 адам қатысқан, бұл қауымдастық мүшелерінің 20 пайызына жуық. Формалды түрде кейбір респонденттердің табысы артқанымен, шын мәнінде негізгі табыс көздері күрт азайып, цифрлық ортаға деген сенім төмендеген.

Алғашқы алаңдатарлық белгі – суреттерді лицензиялау бойынша тапсырыстардың қысқаруы. AOP дерегінше, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 65 пайызға төмендеген. Көптеген тапсырыс берушілер фототүсірілімнен мүлде бас тартып немесе фотографтардың қызметіне жүгінбей-ақ генеративті суреттерді пайдалануға көшкен.

Екінші маңызды көрсеткіш – ашық қолжетімді контенттің азаюы. Қауымдастық мүшелерінің сайттарында жарияланған фотосуреттер саны 46 пайызға кеміген. AOP мұны заңсыз скрейпингтен қауіптенумен байланыстырады: авторлар өз жұмыстарын жасанды интеллект рұқсатсыз пайдаланбауы үшін портфолиоларын жасыруға мәжбүр.

Сауалнамаға қатысқандардың үштен екісіне жуығы тапсырыстарынан дәл генеративті сервистердің кесірінен айырылғанын ашық мойындаған. Қауымдастықтың есептеуінше, жалпы шығын көлемі шамамен 1 миллион фунт стерлингті құрайды – бұл бір фотографқа орта есеппен 35 мың фунттан келеді деген сөз. Кейбір қатысушылардың айтуынша, олардың жылдық айналымы 60 пайыздан астамға қысқарған.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)

Талап күшейді

Осы ахуал аясында шығармашылық қауымдастықтың ұстанымы да қатая түсті.

Біріншіден, сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі бұрын пайдаланылған жұмыстар үшін өтемақы төлеуді және жасанды интеллект модельдерін оқыту процесінің толық ашық болуын талап етеді.

Екіншіден, көпшілік үшін негізгі қағида opt-in, яғни автор саналы түрде келісім беруі тиіс, ал автоматты түрде деректер базасына енгізуге жол берілмейді деп санайды.

Үшіншіден, респонденттердің 96 пайызы жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті міндетті түрде белгілеуді қолдайды.

Association of Photographers өзге де шығармашылық ұйымдармен бірге бұл талаптарды қоғамдық деңгейге шығарып, заң шығарушылардан нақты әрекет күтуде. Қауымдастық өкілдері қазіргі жағдайды авторлық нарықты «үнсіз, цифрлық әрі жаһандық деңгейде күйрету» деп бағалап отыр.

ЖИ дәуірінде сантехник пен электрик жылына 100 мың доллардан көп табуы мүмкін. Бұған дейін ЖИ-мен жазылған мәтінді қалай ажыратуға болатыны туралы жазғанбыз