ЖИ қай елдерде жылдам дамып жатыр? Microsoft жариялаған жаңа деректер
Microsoft компаниясының жаңа бағалаулары генеративті жасанды интеллектінің (ЖИ) таралу қарқыны әр елде әртүрлі екенін көрсетті. Компания дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың соңына қарай еңбекке қабілетті жастағы адамдардың шамамен 16 пайызы генеративті ЖИ құралдарын тұрақты пайдаланған. Алайда бұл көрсеткіштің елдер арасындағы айырмашылығы айтарлықтай, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қызығы, ЖИ-ді «жаппай» қолдану жағынан көш бастап тұрғандар АҚШ пен Қытай емес, шағын әрі ауқатты, технология саласында белсенді мемлекеттік саясат жүргізетін елдер болып шықты.
Оқи отырыңыз:
- Роботтар, автономды көліктер: 2026 жылы қолданысқа енетін жаңа технологиялар
- Жалған сайттар мен ЖИ-технологиялар: алаяқтықтан қалай сақтану қажет
Зерттеу қалай жүргізілді?
Microsoft зерттеу нәтижелерін 2026 жылғы 8 қаңтарда жариялады. Бағалау тікелей сауалнамаға емес, жанама метрикаға негізделген. Компания зерттеушілері белгілі бір елде Microsoft экожүйесіне тиесілі құрылғылар арқылы (мысалы, Windows жүйесі бар компьютерлер мен сервистер) ай ішінде ЖИ құралдарын пайдаланған адамдардың үлесін есептеген.
Зерттеуге ChatGPT, Claude, DeepSeek, Gemini секілді танымал генеративті ЖИ платформалары кірген. Кейін алынған деректер Microsoft-тың нарықтағы үлесіне және мобильді құрылғылардың таралуына қарай түзетілген.
Әдістеменің шектеулері бар екені де анық: Microsoft құрылғыларын пайдаланушылар бүкіл жұмыс күшін толық қамтымауы мүмкін. Дегенмен бұл тәсіл 147 ел мен экономиканы өзара салыстыруға мүмкіндік беретін бірізді көрініс береді.
ЖИ ең қарқынды дамып жатқан елдер
2025 жылдың екінші жартысындағы ай сайынғы белсенді қолданушылар үлесі бойынша алғашқы бестікке Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Норвегия, Ирландия және Франция кірген.
БАӘ мен Сингапурда 15-64 жас аралығындағы халықтың 60 пайыздан астамы ЖИ-чатботтарды пайдаланған.
Зерттеу авторлары мұны осы елдердегі мемлекеттік қолдаудың белсенділігімен және шағын мемлекеттерде технологияны жаппай енгізудің жеңілдігімен байланыстырады.
Ең жылдам өсіп жатқан нарық ретінде Оңтүстік Корея аталды. Бұл елде еңбекке қабілетті жастағы ЖИ қолданушылар саны 2025 жылдың бірінші жартысынан екінші жартысына дейін 18,5 пайызға артқан.
Сарапшылар бұл серпінді бірнеше фактормен түсіндіреді:
- әлеуметтік желілерде кең тараған вирустық AI-бейнелер;
- корей тілін өңдеудегі ЖИ модельдерінің сапасының айтарлықтай жақсаруы.
Елдің байлығы шешуші фактор ма?
Зерттеу нәтижелері ЖИ қолдану деңгейі мен жан басына шаққандағы ЖІӨ арасында тікелей байланыс жоқ екенін көрсетті.
Нақты мысалдар:
АҚШ жоғары табыс деңгейіне қарамастан, бірқатар еуропалық елдермен шамалас көрсеткіште қалып, тіпті Польшадан да төмен нәтиже көрсеткен.
Үндістан, керісінше, ЖИ-ді әлдеқайда қарқынды енгізіп жатыр.
Қытай ЖИ дамуы бойынша сәл төмендеу рейтингіде орналасқан.
ЖІӨ-мен салыстырғанда Иордания мен Вьетнам ЖИ-ді белсенді пайдаланатын елдер қатарына енген.
DeepSeek феномені
Microsoft-тың бұл жолғы бағалаулары DeepSeek жасанды интеллект платформасының жаһандық таралуын алғаш рет нақты көрсетті.
Сарапшылардың жазуынша, DeepSeek Африка құрлығында ерекше танымал: жан басына шаққандағы қолдану деңгейі басқа аймақтармен салыстырғанда 2-4 есе жоғары.
Сонымен қатар бұл платформа америкалық сервистерге шектеу қойылған елдерде басымдыққа ие. DeepSeek-тің ең үлкен үлесі Қытай, Беларусь, Куба, Ресей және Иранда тіркелген.
Алайда зерттеу авторлары белгілі бір компромиске де назар аударады: модельдің ашықтығына қарамастан, чатботтың өзінде Қытайдағы цензура талаптарына байланысты шектеулер енгізілген.
Microsoft деректері көрсеткендей, жасанды интеллектіні жаппай енгізу тек экономикалық қуатқа ғана емес, мемлекеттік стратегияға, тілдік бейімделуге және технологиялық инфрақұрылымға тікелей байланысты. Алдағы жылдары бұл айырмашылықтар одан әрі тереңдеп, ЖИ-ді ерте игерген елдерге айқын артықшылық беруі мүмкін.
Бұған дейін іздеу жүйесінде ЖИ Google-ді алмастырғаны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар ЖИ әлем экономикасына әсер етуі мүмкін екені туралы да жаздық.

