©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

ЖИ қандай мамандықтарды алмастырады? ChatGPT құрастырушысы жауап берді

OpenAI компаниясының бас директоры және ChatGPT жүйесінің авторы Сэм Альтман жасанды интеллект (ЖИ) үстемдік ететін болашақ туралы өз ойын бөлісті. Оның айтуынша, алдағы уақытта технологиялар тұтас бірқатар мамандықты алмастырып, еңбек нарығы түбегейлі өзгереді. Бұл туралы Tom’s Guide-ке сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы жазады.

Альтман бұл туралы «Ірі банктер үшін капитал құрылымы» атты конференцияда мәлімдеді. Ол адам еңбегін анағұрлым тиімді атқара алатын құралдар пайда болған сайын, кейбір мамандықтардың жойылып, жаңалары пайда болатыны тарихта талай мәрте қайталанған құбылыс екенін атап өтті. Осындай құралдардың бірі – жасанды интеллект.

Меніңше, кейбір салалар қазірдің өзінде толықтай сарқылып, құнсызданып үлгерді, – деді ол.

ChatGPT жасаушысы технологияның дамуы кей жағдайда бүтін бір мамандық түрлерінің жойылуына себеп болатынын айтты. Мысал ретінде ол клиенттерге қолдау көрсету қызметін келтірді. Оның пайымынша, ЖИ бұл саланы адамдардан әлдеқайда жақсы атқара алады.

Ол бәрін білетін, қабілетті адам сияқты. Ешқандай мәзір жоқ, қоңырауды басқа нөмірге бағыттау деген де болмайды. ЖИ компаниядағы кез келген қызмет көрсету агентінің жұмысын толық орындай алады. Қателеспейді. Өте жылдам, – деді Альтман.

OpenAI басшысы сонымен қатар жасанды интеллекттің диагностика жүргізудегі мүмкіндіктері кез келген адамнан жоғары екенін атап өтті. Сөйте тұра ол ЖИ ешқашан медицина қызметкерлерін толығымен алмастыра алмайтынын алға тартты.

Бұған дейін 17 жастағы студент қатерлі ісікті 3 минутта анықтайтын әдіс тапқаны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар жазушы мен жасанды интеллект арасындағы бәсеке туралы мына сілтеме арқылы оқи аласыз.