digi.com

ЖИ мүмкіндіктерімен біріктірілген: 6G сынақтан өткізілді

Қытай алтыншы буындағы байланыс технологиясы – 6G-ді сынақтан өткізудің алғашқы кезеңін сәтті аяқтады. Бұл туралы Бейжіңде өткен «Чжунгуаньцунь» технологиялық форумында мәлім болды.

CGTN дерегінше, сынақ барысында 300-ден астам технология зертханалар мен арнайы тестілік желілерде тексерілген.

Қытайлық сарапшылардың айтуынша, ел 6G мобильді байланысын 2030 жылға қарай коммерциялық деңгейде енгізуді жоспарлап отыр.

Қытай ғылым академиясының өкілі Чжоу Сюй жаңа буындағы желінің ерекшелігіне тоқталып өтті:

6G – бұл жай ғана байланыс желісі емес. Ол жасанды интеллект мүмкіндіктерімен терең біріктіріледі. Желінің әрбір бөлігі – базалық станциялар, құрылғылар, магистральдық желілер – ЖИ-ге арналған есептеу қуатымен жабдықталады. Яғни жасанды интеллект деректер орталықтарында ғана емес, сіздің жаныңызда – телефоныңызда, қосылған базалық станцияда, тіпті желілік түйіндерде де болады, – деді ол.

Сарапшының сөзінше, 6G-дің тағы бір маңызды артықшылығы – «ғарыш – әуе – жер – теңіз» кеңістігін толық қамтитын интеграцияланған жүйе. Қазіргі 5G негізінен жерүсті инфрақұрылымына сүйенсе, жаңа буында спутниктердің рөлі әлдеқайда артады.

6G дәуірінде спутниктер тек байланыс құралы емес, тіпті базалық станцияларды жеткізіп, қалада немесе ашық теңізде болсаңыз да, желіге қосылу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, – деп түсіндірді Чжоу Сюй.

Мамандар бағалауынша, 6G желісін құру 5G-ге қарағанда әлдеқайда қымбатқа түседі. Соған қарамастан, Қытай бұл бағытта инновацияларды дамытып, ашық әрі инклюзивті серіктестікке басымдық беріп отыр.

Сингапур инженерлік академиясының мүшесі, профессор Тони Кек бұл мәселе туралы былай дейді:

6G желісі бірден жасанды интеллектке бағытталуы тиіс. Себебі ЖИ тек ірі мемлекеттердің бақылауында болмауы керек. Ашық экожүйе қалыптастыру арқылы қосымшалар мен құрылғылардан бастап роботтарға дейін әртүрлі қатысушыларға өз мүмкіндіктерін дамытуға жол ашылады, – деді ол.