ЖИ көмегімен жасалған алғашқы мультфильм отандық кинотеатрдан көрсетілді

 Turkistan телеарнасы
Фото: Turkistan телеарнасы

Елімізде алғаш рет толықтай жасанды интеллект көмегімен әзірленген анимациялық фильм көрерменге жол тартты.

«Түркістан сақшылары» деп аталатын жоба шытырман оқиғаға толы мазмұнымен ерекшеленеді.

Анимациялық туындының алғашқы сериясы «Тұмар» телевизиялық сыйлығына ие болған. Жоба авторларының айтуынша, мультфильмді әзірлеуге кеткен шығын дәстүрлі өнімдермен салыстырғанда 100 есе аз болған. Осы арқылы автор Ғасыр Құралбайұлы жасанды интеллект көмегімен толыққанды контент жасауға болатынын көрсетуді мақсат еткен.

Алғашқы идея ChatGPT суреттерді сапалы шығара бастаған кезде пайда болды. Сол кезде осы визуалдарға анимация қосу ойы келді. Идеямды жергілікті телеарна қолдады. ЖИ қолдану арқылы уақыт пен шығынды айтарлықтай қысқарттық. Әрине, бұл технологияның өз кемшіліктері бар, бірақ уақыт өте келе олар да жойылады деп ойлаймын, – дейді жоба авторы.

Мультфильмнің негізгі мақсаты – балаларға туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, оны қорғау жауапкершілігін түсіндіру. Жоба авторлары «сақшы» ұғымын тек батырлықпен емес, адалдық, әділдік, достық және бірлік секілді құндылықтармен байланыстыра көрсетуді көздеген.

Жасанды интеллект бұл жобада шығармашылық үдерісті жеңілдететін құрал ретінде пайдаланылған. Ол сценарийді дамытуға, кейіпкерлердің визуалды образдарын іздеуге және анимациялық шешімдерді жедел сынақтан өткізуге мүмкіндік берген. Ал негізгі сценарийді Ержан Жаубай мен Өмірбек Нышанбек жазған.

Ұзақтығы 50 минут болатын мультфильм небәрі 3,5 ай ішінде дайындалған. Автордың айтуынша, бүгінде ЖИ технологиялары шығармашылықтағы шектеулерді азайтып, кез келген адамға, тіпті шалғай өңірде отырып та, сапалы өнім жасауға жол ашып отыр.

Айта кетейік, «Түркістан сақшылары» мультфильмі Түркістан қаласындағы кинотеатрларда кішкентай көрермендерге тегін ұсынылды.

Оқи отырыңыз