ЖИ кезеңінде медианың жауапкершілігі арта түседі – сарапшы
Астанада өтіп жатқан «Astana Media Week 2025» форумында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек ақпараттық ортадағы жасанды интеллекттің ықпалы және медиа қауіпсіздігі туралы сөз қозғады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оның айтуынша, басты мәселе ақпаратты шектеу немесе бақылауда емес, ақпараттық кеңістікті сауатты басқаруда болып отыр. Мемлекет пен БАҚ арасындағы өзара үйлесімді жұмыс – қоғамды бұрмаланған ақпараттан қорғаудың негізгі тәсілі.
Ол сондай-ақ жасанды интеллекттің кейде шындыққа сәйкес келмейтін контент тудыруы мүмкін екенін, сондықтан медианың жауапкершілігі арта түсетінін атап өтті.
Кейбір жағдайларда жасанды интеллект шынайы өмірге сәйкес келмейтін ақпарат бере алады. Сондықтан азаматтарды жалған ақпараттан қорғауға бағытталған заңнамалық және халықаралық келісімдер қажет, – деді ол.
БҰҰ өкілі қазір ұйым деңгейінде осы бағытта ортақ консенсус қалыптастыру және жаһандық келісім әзірлеу жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.
Властимил Самек ақпаратқа қолжетімділік үзілген жағдайда қоғамның ақпаратқа деген көзқарасы түбегейлі өзгеретінін мысалға келтіріп, медиа сауаттылықты күшейту қажеттігін атап өтті.
Ақпаратты қабылдау да, оны түсіну де әр адамның өз призмасы арқылы өтеді. Осы қабылдау өрісін дамыту – медиа қауіпсіздіктің басты негізі, – деді ол.

