ЖИ ғарышқа аттанады: SpaceX пен xAI қалай бірікті
Илон Маскқа тиесілі SpaceX аэроғарыш компаниясы жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін xAI компаниясын қатарына қосты. Осылайша, екі алпауыттың бірігуінің арқасында олардың жиынтық капитализациясы шамамен 1,25 триллион доллар деп бағаланып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Илон Масктың айтуынша, бұл қадам Жерде ғана емес, ғарыш кеңістігінде де жұмыс істейтін, бұрын-соңды болмаған ауқымды вертикалды интеграцияланған инновациялық экожүйе құруға жол ашады. Оның құрамына жасанды интеллект, зымыран технологиялары, ғарыштық интернет, мобильді құрылғылармен тікелей байланыс және ақпаратты нақты уақыт режимінде еркін таратуға мүмкіндік беретін жаһандық платформа енбек.
Масктың болжауынша, болашақта ғарыштық жасанды интеллект пайда болады. Миллиондаған спутник орбитада деректерді өңдейтін алып орталықтарға айналып, адамзат Кардашев шкаласы бойынша екінші деңгейдегі көппланеталы өркениетке қадам басуы мүмкін. Бұл деңгейде адамзат Күн энергиясын толықтай пайдалануға қабілетті болады. Тіпті компаниялардың ресми хабарламасында Ай бетінде өндіріс орындарын салу идеясы да айтылған.
Әрине, Илон Маск – ғарыш туралы қиялы мен батыл мәлімдемелерімен танымал тұлға. Ол жиі үлкен уәделер айтып, нарықтағы қызығушылықты арттыруға тырысады. Сондықтан оның барлық сөзін бұлжытпай шындық ретінде қабылдай беруге болмайды.
Бұл бірігу нені өзгертеді?
xAI – әлемдегі ең озық чат-боттардың бірі саналатын Grok-тың әзірлеушісі әрі бұрын Twitter аталған X әлеуметтік желісінің иесі. Компания жасанды интеллект бағытында белсенді зерттеулер жүргізіп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Масктың фантастикаға ұқсас сөздерінде жақын болашаққа қатысты нақты негіз бар.
Миллиардердің пікірінше, алдағы 2-3 жыл ішінде ең арзан әрі тиімді ЖИ-есептеулер дәл ғарышта жүзеге асуы мүмкін. Ал SpaceX пен xAI-дің бірігуі бұл процестің жеделдеуіне тікелей ықпал етпек. Спутниктік инфрақұрылым мен жасанды интеллектті ұштастыру – технологиялық дамудың жаңа кезеңін бастап беруі әбден мүмкін.

