ЖИ еліміздегі жұмыс күшінің өнімділігін арттыра алады
Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын енгізу еңбек өнімділігін арттырудың негізгі тетіктерінің біріне айналуы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында білім беру жүйесін ауқымды цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Министрдің айтуынша, бұл міндетті жүзеге асыру жоғары білім мазмұнын жүйелі түрде жаңартуды талап етеді. Осы мақсатта 2025 жылы министрлік халықаралық аналитикалық агенттік Quacquarelli Symonds (QS)-пен бірлесіп, жасанды интеллектке негізделген экономиканы қалыптастырудағы білім беру жүйесінің рөлін бағалауға арналған зерттеудің алғашқы кезеңін аяқтаған.
Зерттеу нәтижелері жасанды интеллекттің еңбек нарығында жұмыс орындарын жаппай қысқартатын құрал емес, керісінше еңбек өнімділігін арттыратын механизм екенін көрсетті.
Қазақстандағы жұмыс күшінің шамамен 70%-ы жасанды интеллектті қолдану арқылы өнімділігін орта немесе жоғары деңгейде арттыру әлеуетіне ие. Ал мамандықтардың 53%-ында жекелеген еңбек функцияларын автоматтандыру мүмкіндігі бар. Бұл көп жағдайда жұмыс орындарының жойылуын емес, олардың мазмұны мен талаптарының өзгеруін білдіреді, - деді Саясат Нұрбек.
Осы қорытындылар негізінде жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған кезең-кезеңімен іске асырылатын іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр.
ЖИ барлық білім беру бағдарламаларында
Министр сондай-ақ білім беру бағдарламаларын уақыт талабына сай жаңарту жұмыстары туралы айтты. 2025 жылдан бастап барлық білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектті қолдану дағдылары енгізілген.Қазіргі таңда 95 университет оқу жоспарларына ЖИ-ға қатысты пәндерді қосты. Сондай-ақ, 30 жоғары оқу орны жасанды интеллект бағыты бойынша 42 білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Ал профессор-оқытушылар құрамының 54%-ы жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
Tomorrow School: өңірлерге қолжетімді жаңа формат
Astana Hub-пен бірлесіп, әр өңірде университеттер базасында Tomorrow School жобасы іске асырылып жатыр. Бұл мектептер халықаралық оқыту әдістемелеріне сүйене отырып, тәулік бойы және барлық өңір тұрғындарына қолжетімді форматта жұмыс істейтін болады. Нәтижесінде 4 өңірде компьютерлік техникамен жабдықтау және оқу процесіне арналған орындарды бөлу мәселелері толық шешілген. Ақмола, Қостанай және Алматы облыстарының әкімдіктері жобаға белсенді қолдау көрсетіп отыр, қалған 15 өңірде материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері пысықталу үстінде.
Жасанды интеллект университеті ашылады
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда жасанды интеллектке мамандандырылған университет құрылады. Ол индустрия сұранысына сай пәнаралық кадрлар даярлауға және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге бағытталмақ.
Жаңа университет Alem.ai экожүйесіне интеграцияланады. Жетекші шетелдік университеттермен және технологиялық компаниялармен әріптестікте дамиды.
Нақты мақсаттар қойылды
Министр алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерді де атап өтті. Оның ішінде, профессор-оқытушылар құрамының 100%-ын жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру бағдарламаларымен қамту. Сонымен қатар AI-Sana бағдарламасының келесі кезеңін іске асырып, 100 мың студентті қамту.
Айта кетейік, 2026 жылғы 30 қазанда Алматы қаласында білім беру саласындағы ақпараттық технологияларға арналған PROFIT Education Day конференциясы өтеді.

