Nazarbayev University

ЖИ дәуіріндегі дипломның құны: университеттің рөлі өзгере ме?

31.03.2026 18:15

Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Онлайн формат күшейгенімен, сарапшылар университеттің негізгі миссиясы тұлға тәрбиелеу екенін алға тартады.

 

Қазір жасанды интеллекттің дамуы бұрын жабық болған платформалардың ашылуына жол ашты. Цифрлық әлемде адамдардың мүмкіндігі теңесіп, географиялық шектеулердің маңызы азайып келеді. Дегенмен, жоғары білім берудің мақсаты тек ақпарат алу емес. Ең бастысы – тұлға ретінде қалыптасу, белгілі бір құзыреттерді меңгеру. Десе де қоғамда «4 жыл оқыған университет дипломы мен онлайн курс сертификатының функциясы бірдей болып барады» дейтін екіұдай пікір бар. Осы сұраққа Nazarbayev University вице-президенті Гүлмира Қанай жауап берді.

Осы тұрғыдан алғанда, білім беруді толықтай онлайн немесе гибридті форматқа көшіру туралы ұсыныстармен келісу қиын. Себебі 17–18 жастағы жастар үшін университет – тек білім ордасы емес, сонымен қатар әлеуметтік орта. Мұнда олар жаңа ортаға бейімделіп, достар табады, қарым-қатынас дағдыларын дамытады және тұлға ретінде қалыптасады. Сондықтан университет қабырғасының құндылығы жойылмайды, – дейді Гүлмира Қанай.

Сондай-ақ сарапшы білім беру жүйесінің басты міндетінің бірі – жастардың сыни ойлау, шешім қабылдау және анализ жасау дағдыларын сақтап, дамыту екенін алға тартты. Осы бағытта Қазақстанда білім беру жүйесін реформалау, бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жасанды интеллекттің пайда болуы тек білім беру саласына ғана емес, экономика мен басқару жүйесіне де жаңа мүмкіндіктер ашты. Ол қалыптасқан көзқарастарды өзгертіп, жаңа ойлау, бағалау тәсілдерін енгізуге ықпал етуде.

Әсіресе, бағалау жүйесін қайта қарастыру қажет. Бұрынғыдай реферат немесе тезис жаздыру белгілі бір деңгейде ойды жүйелеуге көмектескенімен, бұл тапсырманы ЖИ оңай орындай алады. Сол себепті тапсырма беру форматын өзгеру керек. Мысалы, кейбір елдерде осы бағытта нақты қадамдар жасалып жатыр. Мысалы, студенттерге жазбаша тапсырмадан гөрі, белгілі бір мәселені шешуге арналған жоба жасау жүктеледі. Бұл тәсіл олардың аналитикалық ойлауын дамытып, шешім қабылдау дағдысын жетілдіреді, – дейді ол.

Оған қоса Гүлмира Қанай тәжірибесімен бөлісіп, бұрын ҚызПУ-да жұмыс істеген тұста студенттерге диплом жұмысын жазудың ерекше үлгісі болғанын атап өтті.  

Сабақ lesson study форматына көшіп, студенттер нақты оқу процесін зерттеуге қатысады. Олар оқушылардың қатемен жұмыс істегенін, даму динамикасын талдайды. Нәтижесінде ғылыми жұмыстарын дәстүрлі түрде емес, конференция немесе постер форматында қорғауға мүмкіндік алады. Бұл теория мен практиканың байланысын күшейтіп, жастарды шынайы өмірдегі мәселелерді шешуге бейімдейді, – дейді ол.

Осы ретте барлық университетте мұндай үрдіс бар-жоғы туралы сұрақ тууы мүмкін. Сарапшының айтуынша, диплом жұмысын жазу, зерттеу жүргізу форматы профессордың құзыретіне кіреді. Яғни, профессор пәннің силлабусын әзірлегегенде шығармашылық  тұрғыдан қарап, ЖИ-ды айналып өтудің амалын қарастыруы керек. Бұл тек ЖОО-ға ғана емес, орта білімге де қатысы барын атап өтті.