ЖИ дәуірінде журналистиканың рөлі арта түседі – сарапшылар
Жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын журналистиканың рөлі де өзгеріп, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Сарапшылардың айтуынша, технология қанша дамыса да, ақпараттың негізін қалыптастыратын – журналист болып қала бермек. Сондықтан бұл саланың маңызы төмендемейді, керісінше арта түседі. Бұл туралы ғалым Жанар Сабазова мен жасанды интеллектіні зерттеп жүрген маман Аида Сыздықова «Кейіпкер» подкастында айтты.
Ақпараттың негізі – журналистика
Жанар Сабазова бүгінгі өзгерістер журналистиканы әлсіретпейтінін атап өтті. Оның сөзінше, жасанды интеллект өздігінен ақпарат ойлап таппайды, ол тек дайын деректерге сүйенеді.
Қазір нейрожүйелер дайын нәтиже береді. Бірақ ол нәтиже қайдан келеді? Оны журналист дайындайды. Ол адамдармен сөйлеседі, ақпарат жинайды, ресми орындарға сұрау жібереді. Сондықтан журналистика жойылмайды, – деді ол.
Сонымен қатар сарапшы журналистика емес, қайталанатын техникалық жұмыстардың азаятынын айтты.
Бұрын бір жаңалықты бірнеше форматқа бейімдеп жазу керек болатын. Бір мәтінді YouTube-қа, Instagram-ға, TikTok-қа, сайтқа бөлек-бөлек дайындайтын. Мұндай жұмыстарды енді жасанды интеллект атқара алады, – дейді Жанар Сабазова.
Контент әр оқырманға жеке ұсынылады
Аида Сыздықованың айтуынша, қазіргі әлемдік журналистика біртіндеп әр оқырманға жеке контент ұсынуға көшіп жатыр.
Қазір Батыста ақпаратты әр адамға жеке жеткізу үрдісі қалыптасып келеді. Яғни журналистика персонализацияға бет бұрды, – деді ол.
Оның пікірінше, бұл өзгерістер журналистиканың маңызын одан әрі күшейтеді.
Жасанды интеллект ақпаратты өздігінен таба алмайды. Оны бәрібір журналист дайындайды. Сондықтан бұл сала керісінше маңызды бола түседі. Енді журналистика сервиске айналады. Адамдар сапалы, тексерілген ақпарат үшін ақша төлеуге дайын болады, – дейді Аида Сыздықова.
ЖИ ұсынған ақпаратқа сенім төмен
Сарапшылар қоғамда жасанды интеллект ұсынған ақпаратқа сенім толық қалыптаспағанын да атап өтті.
Зерттеулер көрсеткендей, адамдардың тек 12 пайызы ғана толықтай ЖИ дайындаған ақпаратқа сенеді. 21 пайызы адам үстінен тексерсе ғана сенім білдіреді. Ал 62 пайызы мұндай ақпаратқа мүлде сенбейді, – деді Аида Сыздықова.
Осыған байланысты мамандар ақпаратты тексеруде адамның рөлі маңызды екенін айтады.
Ақпаратты ЖИ не адам жасағаны көрсетіледі
Алдағы уақытта ақпараттың кім немесе не арқылы жасалғаны арнайы көрсетілуі мүмкін.
Жанар Сабазованың айтуынша, бұл бағытта ірі технологиялық компаниялар жұмыс істеп жатыр.
Жақын уақытта контенттің жасанды интеллект арқылы немесе адам қолымен жасалғаны белгіленуі мүмкін. Қазірдің өзінде мұндай технологиялар енгізіліп жатыр. Халық бәрібір адам жасаған дүниеге көбірек сенеді, – деді ол.
Сарапшылардың сөзінше, болашақта арнайы технологиялар арқылы ақпараттың қайдан шыққаны, қанша рет өзгергенін білу, оның шынайылығын тексеру жеңілдейді.

