ЖИ дәуірінде сантехник пен электрик жылына 100 мың доллардан көп табуы мүмкін
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Жасанды интеллект бір жағынан кеңсе қызметтерін қысқартуы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейтсе, екінші жағынан еңбек нарығында жаңа сұранысты қалыптастырып жатыр. Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуангтың айтуынша, ЖИ-ды дамыту үшін әлемде дата-орталықтар жаппай салынып, соның нәтижесінде сантехник, электрик және құрылысшы сияқты білікті жұмысшы мамандықтардың бағасы өседі.
Жасанды интеллект әлемдік еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқан тұста, Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг қоғамды үрейге салмауға шақырды. Оның айтуынша, ЖИ кеңсе саласындағы бірқатар қызметті қысқартуы мүмкін болғанымен, керісінше техникалық және құрылыс бағытындағы мамандарға қажеттілік күрт күшейіп келеді.
Хуанг ЖИ жүйелерін оқыту мен іске қосу үшін дата-орталықтар көлемі жедел ұлғайып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл үрдіс алдағы жылдары әлем тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналып, салаға триллион долларлық инвестиция тартылуы ықтимал.
Nvidia басшысы бұл туралы Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында BlackRock жетекшісі Ларри Финкке берген сұхбатында мәлімдеді.
Біз бұл бағытта өте үлкен серпіліс көріп отырмыз. Жалақы көрсеткіші шамамен екі есе өсті. Әр адам жақсы табыс табуға мүмкіндік алуы керек. Ол үшін компьютерлік ғылымнан PhD болуы міндетті емес, - деді Nvidia басшысы.
Сонымен бірге Хуанг құрылыс және техникалық қызмет көрсету саласындағы мамандар алты таңбалы табысқа (яғни жылына 100 мың доллардан жоғары) қол жеткізуі мүмкін екенін атап өтті. Себебі ЖИ дамыған сайын дата-орталықтардың саны өсіп, оларды салу, электр жүйесін тарту, инфрақұрылым жүргізу жұмыстары да көбейеді.
Давоста жасанды интеллекттің (ЖИ) еңбек нарығына ықпалы қызу талқыланды. Сарапшылардың бір бөлігі ЖИ кеңсе қызметтерін қысқартуы мүмкін екенін айтып дабыл қақса, енді бірі керісінше, жұмысшы мамандықтарға сұраныс артатынын алға тартты.
Бұл пікір Palantir компаниясының жетекшісі Алекс Карптың Давоста бір күн бұрын айтқан мәлімдемесімен үндеседі. Оның айтуынша, кәсіби-техникалық білімі бар мамандардың рөлі күшейеді. Сондай-ақ ол жасанды интеллект жергілікті жұмыс орындарын көбейтеді және бірқатар салада жаппай еңбек миграциясына деген қажеттілікті азайтады деген болжам жасады.
Осыған ұқсас ойды CoreWeave компаниясының бас директоры Майкл Интратор да айтты. Ол ЖИ дамуының «физикалық жағына» назар аударып, дата-орталықтар саны көбейген сайын сантехник, электрик, ағаш ұстасы секілді мамандарға сұраныс күрт өсетінін атап өтті.
Ал Nvidia компаниясы қазіргі ЖИ-модельдерге қажет чиптердің негізгі өндірушісі ретінде дата-орталық құрылысы қарқынынан ең көп пайда көріп отырғандардың бірі болып отыр. Bloomberg жинақтаған сарапшылардың ортақ бағалауына сәйкес, компания 2025 жылы дата-орталыққа арналған чиптер сатылымынан 200 млрд долларға жуық табысқа қол жеткізуі мүмкін.
Қазір Nvidia-ның негізгі табысын ең ірі технологиялық алпауыттар - Microsoft, Meta, Amazon және Alphabet қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен компания кейінгі айларда шағын дата-орталық операторларымен де келісімшартты жиілеткен. Жалпы алғанда, технологиялық корпорациялар алдағы жылдары дата-орталықтарды жалға алуға шамамен 500 млрд доллар жұмсауға міндеттеме алған.
Кеңсе қызметкерлерінің қысқаруы
Сонымен бірге ЖИ-дың еңбек нарығына әсері қазірдің өзінде сезіле бастады. Anthropic компаниясының жетекшісі Дарио Амодеи кеңсе қызметтерінде тәуекел күшейгенін айтып, бұл үрдісті «ақ жағалылар қырғыны» деп сипаттады. Оның болжамынша, жасанды интеллект салдарынан бастапқы деңгейдегі кеңсе қызметтерінің 50%-ына дейін қысқаруы мүмкін.
Әсіресе Anthropic әзірлеп жатқан Claude жүйесінің бағдарламалау бағытындағы мүмкіндіктері күшейіп келеді. Бұл салада, әдетте, junior деңгейіндегі мамандар көп жұмыс істейді.
Біз инженерлердің бастапқы деңгейдегі міндеттерін, тіпті тәжірибелі мамандар атқаратын жұмыстың бір бөлігін ЖИ жүйелері орындай бастайтын әлемге кірдік. Бұл - тек бастамасы ғана, - деді Амодеи Давоста Bloomberg House алаңында берген сұхбатында.
Ол технологияның жалпы пайдасы зиянынан басым болатынын жоққа шығармайды. Бірақ Амодеи пікірінше, жаппай жұмыссыздық пен толық емес жұмыспен қамтылу қаупі нақты әрі жедел шараларды талап етеді.
Өкінішке қарай, көптеген салада бейімделуі қиын болатын адамдардың тұтас бір тобы пайда болуы мүмкін, - деп түйіндеді Anthropic басшысы.

