getty images

ЖИ дамуы дата-орталықтардың қуат тұтынуын үш есе арттырады

BloombergNEF зерттеу орталығының жаңа есебінде 2035 жылға қарай дата-орталықтардың энергия тұтынуы рекордтық деңгейге жететіні айтылды. Сарапшылардың болжамынша, әлемдік тұтыну көлемі 106 гигаватқа дейін өседі. Бұл - қазіргі 40 ГВт көрсеткішінен шамамен үш есе көп, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Энергия сұранысының мұншалықты артуына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Ең алдымен, жасанды интеллект технологияларын оқыту және қолдану. 2035 жылға қарай ЖИ-ға тиесілі есептеу көлемі барлық дата-орталықтар жұмысының 40 пайызын құрайды. Сонымен қатар, салынатын нысандардың ауқымы да айтарлықтай үлкейіп келеді: жаңа дата-орталықтардың орташа қуаты 100 МВт-тан жоғары болады, ал олардың белгілі бір бөлігі 500 МВт-тан асады. Кейбір ірі кешендердің қуаты тіпті 1 гигаватқа жетеді, бұл шағын елдердің энергия тұтынуымен тең.

Инвестиция көлемі де жылдам өсуде. 2025 жылы дата-орталықтарды дамытуға 580 млрд доллар бөлінген. Бұл әлемдегі мұнай барлау шығындарынан көп.

Қуат жүктемесінің артуы энергетика жүйесіне елеулі қысым түсіруде. АҚШ-тағы PJM Interconnection ұйымы желінің мұндай қарқынға төтеп бере алмайтынын айтып, жаңа нысандарды тек қосымша қуат көздері болған жағдайда ғана желіге қосуға рұқсат беруді сұрап, реттеуші органға шағымданған.

Сарапшылардың пікірінше, цифрлық экономиканың өсімі энергетикалық инфрақұрылымды жаңа деңгейде жоспарлауды, тиімді және экологиялық таза шешімдер іздеуді талап етеді.