ЖИ әлеуеті: Оқушылар ойлап тапқан дрон мен ауыл мектебіндегі жаңашылдық
Алматы облысына қарасты Наурызбай ауданындағы «Alem» инновациялық шығармашылық орталығы оқушылары жасанды интеллекттің көмегімен ұшатын дрон-курьер жасап, жаңа технологияларды игерудің үздік үлгісін көрсетсе, ауыл мектептерінде ЖИ оқу бағдарламаларын бейімдеп, мұғалімдердің уақытын үнемдеуге және білім сапасын көтеруге сеп болуда.
Осы орайда El.kz интернет порталының тілшісі жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктері туралы орталықтың үйірме жетекшісімен тілдесіп, сондай-ақ ауыл мектептеріндегі жаңашылдық қандай екенін сұрап білді.
Бүгінде Наурызбай ауданында орналасқан «Alem» инновациялық шығармашылық орталығының оқушылары жасанды интеллект жүйесін кеңінен қолданады. Олар 60 шақырымға дейін 15 кило салмақтағы өнімді жеткізе алатын дрон-курьер ойлап тапқан.
Осы оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында үш жылдан бері жұмыс істеп, бүгінде работотехника және әуе модельдеу үйірмесінен сабақ беретін жетекші Қанат Әміржан орталықта көптеген үйірме барын, негізінен техникалық бағытқа басымдық берілгенін айтады.
Орталықта 3 мыңға жуық бала оқиды. Оқушылар екі ауысымда шығармашылық, техникалық, экологиялық және спорттық бағыттар бойынша үйірмелерге қатысады.
Дрон-курьер жобасы қалай пайда болды?
Бұл идея осы жылдың басында ойға келді. Біздің орталықтың оқушылары Ftc жарысы бойынша Дубайға жолдама алып, I орынмен оралды. Сол сапар барысында жетекші дрон-курьердің жұмысын көріп қайтқан болатын. Осы идея бізге түрткі болды, – дейді үйірме жетекшісі.
Айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда да бұл бағыт өзекті. Мәселен Яндекс Go, Яндекс лавка сияқты жеткізу қызметтері, сондай-ақ Glovo сынды компаниялар логистиканы автоматтандыруға ұмтылып жатыр.

орталықтың жеке мұрағатынан
Соларға балама ретінде біз осындай жобаны қолға алдық. Біз көріп жүрген Яндекс курьердің баламасы золотой квадратта кеңінен қолданылады. Яғни дрон-курьерді тек жеткізу қызметінде ғана емес, әскери бағытта да қолдануға болатынын қарастырып жатырмыз, – дейді Қанат Әміржан.
Жобаны жүзеге асыруға шамамен бір-екі ай уақыт кеткен. Бұл іске екі-үш оқушы қатысқан, олар макетін жасап, пішінін ойластырып, өздері дайындаған.
Мен де оларға қосылып, төртеуіміз бірігіп жобаны жасадық. Біз бұл дронға жасанды интеллект элементтерін енгіздік. Мобильді қосымша арқылы басқару мүмкіндігі жасалды. Қазір бізде дронның екі түрі бар: бірі – ұшатын дрон, екіншісі – жерде жүретін дрон. Осы жобада біз негізінен ұшатын дронды қарастырдық, – дейді ол.
Өйткені жерде жүретін дрон Алматы сияқты ірі қалада тиімді болмайды. Мұнда адам саны көп, көлік қозғалысы тығыз, кептеліс жиі кездеседі. Сондықтан ұшатын дрон тез әрі ыңғайлы болып саналғанын айтады.
Осыған орай біз оған арнайы шағын Android бағдарламасын құрып, мобильді қосымша жасап шықтық. Оның барлығын балалар жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырды, – дейді үйірме жетекшісі Қанат Әміржан.
Дрон жұмысына ЖИ жүйесі қолданылды
Жасанды интеллект бұл жобада үлкен рөл атқарғанын атап өтті. Мектеп оқушылары бағдарламалауды үйреніп, университет деңгейінде жасалатын жұмыстарды өздері қазірден бастап орындауға машықтанып, жасанды интеллекті дұрыс қолдана отырып, жаңа идеялар жасап, бағдарламалау тілдерін, платформаларды тиімді пайдалануды үйреніп жатқанын айтты.

орталықтың жеке мұрағатынан
Жасанды интеллект дронды жасап шығаруда қосымша мүмкіндіктер бергенін жеткізді. Ол қандай құралдар, қай жерде жобаны жүзеге асыруға болатынын, қандай бағдарламалау тілін пайдалану тиімді екенін ұсынып отырды. Осы арқылы балалар нақты бағыт-бағдар алып, жобаны ойдағыдай іске асырған.
Жасанды интеллект бізге қажетті бағдарламаларды түгел ұсынды. Болашақта өзіміздің жеке жасанды интеллект топтамасын жасап, оны дрон жүйесіне қосуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, ауа райына байланысты шешім қабылдау, жол жағдайына бейімделу, жеке клиенттермен жұмыс істеу сияқты мүмкіндіктерді сол арқылы іске асыруға болады, – дейді.
Дәстүрлі дроннан айырмашылығы
Дәстүрлі дрондардан біздің жобаның айырмашылығы – Қазақстанда әзірге мұндай дрон-курьер жоқ. Қазір тек Яндекстің жеткізу дрондары белгілі бір аумақта, «золотой квадрат» деп аталатын жерде ғана қолданылады. Ал ұшатын дрон-курьерді әзірге ешкім жасап шығарған жоқ, – дейді.
Жоба сынақтан өтті ме?
Иә, әзірге біз мобильді қосымшамызды толық имитациядан өткіздік. Яғни, қосымша жұмыс істеп тұр. Ендігі мақсатымыз – осы жасалған мобильді қосымшаны шынайы дронмен біріктіру, – дейді.
Атуынша, жобаны жаппай қолданысқа енгізуге мүмкіндік бар.
Неге өзіміздің Қазақстанда жасалған жобаны пайдаланбасқа? Яндекс сияқты ресейлік бағдарламаларды бәріміз білеміз. Бірақ өзіміздің отандық өнімді ұсынған әлдеқайда тиімді. Бұл ең алдымен ішкі экономиканы дамытуға, өзіміздің технологиялық бағытымызды нығайтуға септігін тигізеді, – дейді Қанат Әміржан.
Сонымен қатар жасанды интеллекті одан әрі дамытып, дронға арнайы «агент» қосуды жоспарлап отыр. Яғни, жаңа тауарды жеткізгенде клиентпен шағын диалог жүргізе алатын болады.

орталықтың жеке мұрағатынан
Мысалы, дрон тек «Тапсырысыңыз жеткізілді» деп қана қоймай, «Көңіл-күйіңіз қалай? Қызметке қандай баға бересіз?» деген сияқты шағын тілектер білдірсе, меніңше, бұл клиенттің көзқарасын жақсартады. Яғни, тұтынушы бізге оң бағасын беріп, сенім артады, – деді ол.
«Alem» орталығы тағы қандай инновациялық жобаларды қолға алмақ?
«Біздің жоспарымыз көп. Соның ішінде «ақылды жылыжай» жобасын атап өтуге болады. Менің жеке ойым – аквапоника мен гидропоника саласында автоматтандырылған жүйе жасау. Онда өнімнің пісіп-жетілуін толық қадағалайтын компьютерлік көру жүйесі қолданылмақ. Ол арқылы жылыжайдағы климат, температура, ылғалдылық, ауа алмасу, желдету, жарық түсуі – барлығы автоматтандырылады. Мұның бәрін толықтай мониторинг жасап, компьютер арқылы басқаруға болады.
Одан бөлек, баламалы энергия көздеріне қатысты жобалар барын тілге тиек етті.

орталықтың жеке мұрағатынан
Дрон технологиясын да тек жеткізу саласында емес, басқа да бағыттарда дамытуды ойластырып жатырмыз. Қазір Қазақстанға Kuka роботтары әкелініп жатыр. Мәселен, ҚазҰУ-де осы бағыт қолға алынған. Ал Алматыда Hyundai зауыты салынып жатыр. Ол жерде Қазақстанда құрастырылған автокөліктер шығарылатын болады. Сол өндірістік процестерді роботтандыру маңызды. Біз де осыған атсалысып, өзіміздің жобаларымызды ұсынамыз, – дейді.
Kuka секілді роботтар дәнекерлеу, бояу, сапаны бақылау сияқты жұмыстарды атқара алады. Солардың прототиптерін өзіміздің орталықта жасап көруді жоспарлап отыр. Бұл отандық идея ретінде ұсынуға болатын үлкен қадам екенін жеткізді.
Ауыл мектептерінде ЖИ қандай салаларда қолданылып жатыр?

жеке мұрағат
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 347 мектеп бар. Оның ішінде ауылдық мектептерде жасанды интеллекттің алғашқы мүмкіндіктері енгізілуде. Атап айтқанда, оқу жоспарларын құруда, тест жұмыстарын автоматты түрде тексеруде, қашықтан оқыту платформаларын пайдалануда және оқушылардың білімін сараптауда ЖИ қолданылады. Бұл мұғалімдердің уақытын үнемдеуге, оқу процесін тиімді етуге және оқушылардың білім деңгейін әділ бағалауға ықпал етеді.
Қала мен ауыл мектептерінде ЖИ қолданудағы айырмашылық
Белгілі бір айырмашылық бар. Мәселен қалалық мектептердің техникалық базасы ауыл мектептеріне қарағанда анағұрлым кең. Десе де, соңғы жылдары ауыл мектептерінде интернет желісінің жылдамдығы артып, компьютерлік сыныптар жаңартылып, мұғалімдердің цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған курстар жүйелі түрде өткізілуде. Бұл шаралар қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік беруде.
ЖИ қолдану ауылдағы білім сапасын жақсарта ала ма?

жеке мұрағат
Жасанды интеллект ауылдағы білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Біріншіден, ол әр оқушының жеке қабілеті мен оқу қарқынын ескеріп, білімді бейімдеп беруге жағдай жасайды. Екіншіден, оқу үлгерімін талдау жеңілдеп, мұғалімге нақты ұсыныстар беріледі. Үшіншіден, ата-аналар баласының дамуын деректер арқылы бақылап, кері байланыс ала алады. Осы мүмкіндіктер қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқартып, барлық оқушыға тең мүмкіндік береді.

